Аймақтар • 16 Қараша, 2019

Сапасыз үйлердің көбі апаттық жағдайда

219 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сапасыз салынған үйлерде тұру мүмкін емес. Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің атына Дүниежүзілік қазақтардың қауымдастығынан осындай хат түскен болатын, деп хабарлайды Парламент Сенатының баспасөз қызметі.

Сапасыз үйлердің көбі апаттық жағдайда

Комитет төрағасы Мұрат Бақтиярұлы, сенаторлар Нариман Төреғалиев Рашит Әкімов Ақмола облысына арнайы сапармен барып Нұрлы көш кешені тұрғындарымен кездесіп олардың мұң-мұқтажымен танысты.

Көкшетау қаласы, Красный Яр ауылдық округі, Нұрлы көш кешені тұрғындары (276 отбасы, 1360 адам) көбі шет елден тарихи Отандарына оралған қандастарымыз. Тұрғындар Сенат депутаттарына сапасыз салынған баспана мәселесінің он жылдан бері шешімін таппай келе жатқанын айта келіп,  қабырғалары өте жұқа, арасы қуыс болғандықтан, тұрғындар қыста тоңып ауыруға шалдыққандарын ашына айтты.

«Өз қаражатымызбен жылда қаншама жөндеу жұмыстарын жасағанымызбен үйлер жылынбайды, соңғы уақытта төбесі, қабырғасы құлап, жөндеуге мүлдем келмейтін жағдайға жетті. Үйлердің көбі апат жағдайында», - дейді тұрғындар.  

«Нұрлы көш» бағдарламасымен, республикалық бюджет қаражаты есебінен салынған бұл үйлер 2010 жылы қаңтарда пайдалануға берілген. Сол он жылдан бері тұрғындар тарапынан үйлердің сапасына қатысты шағымдар мен наразылықтар айтылса да шешімін таппай келеді.

Депутаттар үйлерді аралап көріп, жағдайымен танысып, тұрғындардың талап-тілектерін мұқият тыңдап, мәселені шешу жолдары қарастырылатынын айтты.