Аймақтар • 18 Қараша, 2019

Тарихи Талас құрылтайына арналған жиын

291 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту жөнінде тапсырма бергені белгілі. Ал осы Ұлық ұлыс Алтын Орда, сонымен қатар Моғолстан мен Шағатай ұлысының негізі 1269 жылы тарихи Талас құрылтайында қаланған еді. Осыған орай Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Талас құрылтайы: тарих пен тағылым» атты Алтын Орданың 750 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Тарихи Талас құрылтайына арналған жиын

Ұлттың ұлы тарихы ұрпаққа мұра. Тарихтағы әрбір айтулы кезеңнен халықтың болмысы мен тағдыры көрініс табады. Ал ұлт мемлекеттілігіне жаңа бетбұрыс әкелген тарихи кезеңдердің бәрі де қазақ тарихында алтын әріппен жазылатын шежіре. Тарихтан тағылым алу, тарихты жасаған тұлғаларға тағзым ету де елдіктің көрінісі. Айтулы тарихи шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев арнайы келіп қатысты. Шараны Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізіп, Талас құрылтайының тарихи маңызына тоқталды. Академия басшысы өз сөзінде екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз Түркі қағанатының орталығы болғанын, сонымен қатар Қазақ хандығының қазығы қағылған аймақ екенін атап өтті. Ал Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев өз сөзінде «Тарихсыз болашақ болмайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы бастаманы көтеріп, талай ғасырлық тарихымыз бар ел екенімізді дүниеге көрсету үшін Үкіметке тапсырма берді. Қазақ ұлтының тарихы тереңде жатыр. Тараз қаласының 2000 жылдық, Түркістан қаласының 1500 жылдық, Қазақ хандығының 550 жылдық тарихи тойын атап өттік. Енді тарихи Таразды дамыту керек. Ұлытауды туристік орталыққа айналдыру керек», деді. Сонымен қатар Бердібек Мәшбекұлы Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында жаңадан салынып жатқан «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінде болғанын, бүгінде Тараз қаласының түрленіп келе жатқанын, қаланы дамыту үшін, тарихи орталыққа айналдыру үшін Үкімет тарапынан көмек көрсетілетінін де айтты. Бұдан кейін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов сөз алып, Жамбыл өңірінің тарихи мекен екенін атап өтті. «Тарихы терең әрі ауқымды Тараз шаһары туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деген болатын. Енді тарихи Таразға көңіл бөлінуі керек деп есептейміз. «Шахристан» кешенінде салынып жатқан «Тарихтану» орталығының мақсаты да бай тарихымызды паш ету. Бүгінгі конференция барысында тарих тағы да жаңа мәліметтермен толыққалы отыр», деді Асқар Мырзахметов.

Өз кезегінде Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің экс-төрағасы Медетхан Шеримкулов Таласқа байланысты құрылтайға екінші рет қатысып отырғанын, алғашқы жиын Нұр-Сұлтан қаласында жоғары деңгейде өткенін жеткізді. Сонымен қатар ол қазақ даласының тарихилығына да тоқталды. Бұдан кейін Моңғолия Ұлттық музейінің директоры, тарих ғылымдарының докторы Сүхбаатар Дагваадорж Тараз жерінде өтіп жатқан тарихи шараның маңыздылығына тоқталса, Өзбекстан Ғылым академиясы Археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Фархад Максудов белгілі бір халықтың тарихын түсіну үшін оның мәдениетін жақсы көру керек екенін айтты. Өз сөзінде Татарстан Ғылым академиясы А.Х.Халиков атын­да­ғы археология институтының ди­ректоры Кайрат Ситдиков қазақ даласының тарихи тағылымға толы екенін, бүгінгі шара соның бір көрінісі екеніне тоқталды. Жалпы, конферен­ция жұмысына қатысқан барлық ға­лым­дар Шыңғыс хан, Жошы, Шағатай ұлыстарына қатысты, Алтын Орда тарихына қатысты өз ойларын ортаға салды. Алтын Орда тарихының 750 жылдығы қазақ халқы үшін айтулы тарихи оқиға екені де айтылды. Бұл ретте конференцияға модераторлық еткен Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі биыл Алтын Орда тарихының 750 жылдығымен қатар, атақты империяның ыдырағанына 600 жыл толып отырғанын, әйгілі «Едіге» дастанының шыққанына да 600 жыл болғанын жеткізді.

Бұдан кейін ғалымдар үш сек­ция­ға бөлініп, өзара пікір алмасты. «Талас құ­рылтайы: мемлекеттік дәстүр мен елдік сана» атты секцияда өз­бекстандық Фархад Максудов, моң­ғо­лиялық Сүхба­атар Дагваадорж сынды ғалымдар Талас құрылтайының ежелгі Тараз қаласында өткенін, сондықтан да бұл кон­фе­ренцияның бүгінгі Тараз өңі­рін­де өтіп отырғаны заңдылық екенін әңгі­меледі. Сонымен қатар, тарих ғылым­да­рының докторы, профессор Айман Досымбаева екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз топырағында талай тарихи оқиға­лар­дың өткенін, бұл елдігіміз үшін де бай тарих екенін айтса, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев Жошы, Шағатай ұлыстарының зерттелу тарихына тоқталды. Сонымен қатар Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан елдерінен келген ғалымдар «Алтын Орда тарихы мен мирасы: жаңаша көзқарастар мен бағыттар» атты екінші секция бойынша жұмыстарын жалғастырды. Сондай-ақ «Түркі әлемінің әлеуметтік ой тарихындағы «Құтадғу білік» атты үшінші секция барысында да ғалымдар пікір алмасты. Жалпы, жиынға қатысқан ғалымдар Шыңғыс хан, Жошы, Шағатай ұлыстарының зерттелу тарихын әлі де тереңдете түсу керектігін, сонымен қатар Алтын Орда мен Талас құрылтайының да тарихын бірігіп зерттеу қажеттігін айтты. Ал өз сөзінде белгілі әдебиетші ғалым Құлбек Ергөбек Халықаралық Түркі академиясының филиалын Түркістан қаласынан ашу керек деген ұсынысын жеткізді.

 Жалпы, Алтын Орданың 750 жылды­ғы­на орай Әулиеата жерінде өткен «Талас құрылтайы: тарих пен тағылым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция екі күнге созылды. Екін­ші күні әлемнің әр қиырынан Тараз топы­ра­ғына келген атақты ғалымдардың қа­ты­суымен М.Х.Дулати атындағы Тараз мем­лекеттік университетінде «Түркі әлемі және латын графикасы» атты атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Кон­ференция жұмысын аталған оқу ордасының бірінші проректоры, профессор Асқар Абдуалы жүргізді. Бұл ретте ғалымдар өздерінің ой пікірлерімен бөлісті. Бұдан кейін ғалымдар Қарахан баба, Дәуітбек, Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелерін аралап, өңірдің ғана емес, жалпы қазақтың тарихына қанықты. Сонымен қатар ерте ислам дәуіріндегі мешітпен және «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығымен танысты.

 

Жамбыл облысы