Аймақтар • 18 Қараша, 2019

Алтын астық қамбаға толық құйылды

893 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қызылжарлықтар 4,8 млн тонна дәнді дақылдар жинаса, соның 3,3 млн тоннасы – бидай. Орақ науқанының сәтті аяқталуына орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат ТАСМАҒАНБЕТОВТІ әңгімеге тартқан едік.

Алтын астық қамбаға толық құйылды

– Марат Иманбайұлы, биыл­ғы орақ науқаны қалай аяқталды?

– Орақ науқаны биыл да жеңіл болған жоқ. Жаз өте ыстық болып, көп уақыт бойы  ылғал болмады. Орақ басталғанда ауа райы бірден қысып, жауын үзілмей жауды. Мұндайда астық жинау мүмкін емес. Бірақ әйтеуір, кейін күн ашылып, диқандардың еңбегі жанды. Біздің облыс елімізде жиналатын барлық астықтың төрттен бірін береді. Биыл да сол межеден шығып отырмыз. Облыста жиналған барлық дәнді дақылдар 4,8 млн тонна, соның ішінде бидай – 3,3 млн тонна. Сөйтіп елдің азық-түлік қауіп­сіздігіне сүбелі үлесімізді қостық деп айта аламыз.

– Гектар берекесі бойынша қай аудандар алда болды?

– Бізде жерінің құнары мен еңбекті ұтымды ұйымдастыру бойынша үнемі алда жүретін аудандар бар. Биыл да олар алдыңғы орындарға шықты. Атап айтатын болсақ, қызылжарлық диқан­дар гектарынан 22, мамлюттіктер  19,1, ақ­жар­лықтар 19 центнерден алды. Қалған аудандарда, негізінен ауа райы­ның қолайсыз болғаны себепті гектар берекесі төмендеу болды.

– Астық жинау, тасымалдау, сақ­тау техникалары, басқа да қа­жет­­ті­ліктер диқандардың ең­бегі­не қол­байлау жасаған жоқ па?

– Бұл жағынан кемшілігіміз жоқ деп айтуға болады. Биылғы ораққа 7,5 мың комбайн қатысса, жар­­ты­сы­нан астамы жоғары өнім­ді техника. Астық тасымал­дауға 6 мыңнан аса жүк машина­лары қатысты. Жанар-жағар май же­тіс­­­пеу­шілігінен кідіріс болған емес, қажет отынмен толық қамтылды.

Астықты қабылдайтын және сақтай­тын орындардың сыйым­дылығы 6 млн тоннадан артық. Бұл астығымызды қа­былдауға толық жетеді.

– Астықтың биылғы бағасы да диқан еңбегінің есесін ақтауға толық жететін сияқты?

– Рас, биыл «Азық-түлік кор­порациясы ҰК» АҚ 3-сынып­ты, ақуызы 23% болатын бидайдың бір тоннасын 85 мың теңгеден алып жатыр. Бұл диқан ең­бегінің толық өтемі деп айтуға бола­ды. Мұндай баға олардың көңіл­дерін көтеріп, еңбекке деген құл­шы­ныстарын арттыра түсті. Қазір ди­қандармен кездескенде олар­дың жарқын жүзбен жүргенін көреміз.

– Диқандарға мемлекет тарапынан берілетін көмектің тиімділігі қандай?

– Мемлекет тарапынан бері­летін субсидия түріндегі көмек­тің тиімділігі өте зор. Жоғары сұрып­ты тұқым, минералды тыңайт­қыштар, өсімдікті қорғау құрал­дарын сатып алуға молынан мүмкіндік беріліп отыр. Осы­ның өзі диқандардың еңбекке ынта­сын арттыра түсуде. Олар өз та­рапынан ауыспалы егіс норма­ларын сақтап, парлар қал­ды­рып, агротехнологияларды қол­дануға құлшыныс танытты. Шаруашылықтар агротех­но­ло­гияның талаптары толық  сақтал­ғанда жетістікке қол жеткізуге болатынына көз жеткізді.

Диқандар минералды тыңайт­қыштар қолдануды жыл сайын арттырып келеді. Егер 2017 жылы 1,5 млн гектар егіс алқабына барлығы 91 мың тонна минералды тыңайтқыш себілсе, биыл 2 млн гектар алқапқа 115 мың тонна себілді. Сөйтіп өсім 26%-ды құрады. Бүгінгі таңда диқандар егіс алқаптарын келесі егіске дайындауға қызу кірісіп кетті. Қазір­дің өзінде 3 млн гектар жер­дің сүдігері жыртылды.

Тұңғыш Президент – Ел­ба­сы Н.Назарбаевтың берген нақ­ты тап­сырмасының шең­берінде 2012 жылдан бастап егіс­­тікті әрта­рап­тандыру, майлы да­қыл­дарды молынан егу жұ­мыстары жүргізілуде. Бұл жер­дің құнарлылығын сақтау­ға, кейде оны арттыруға да үлкен әсер етеді. Бұл халықаралық бә­се­­­ке­лес­тікке төтеп бере алатын та­быс­­қа қол жеткізетініне диқан­дары­­мыздың көзін жеткізіп келеді.

 – Майлы дақылдар демек­ші, оның облыстағы көлемі қандай?

– Біз биыл 970 мың гектар жер­­ге майлы дақылдар ектік. Бұл бар­лық егіс алқабының 23%-ы. Соның ішінде рентабельдігі жо­ғары соя дақылының үлесі 20 мың гектар жерге жетті. Майлы дақылдарды жинау кешірек бас­талады, әлі күнге оны толық аяқ­таған жоқпыз. Әзірге, 752 мың тон­на өнім алынды. Алдағы бол­жамдарға қарағанда, биылғы ауа райы оны толық жинап алуға мүм­кіндік беруге тиіс. Майлы дақыл­дардың экономикалық тиімді­лігі өте жоғары, қазірдің өзінде рентабелділік 50%-дан асып отыр.

– Ал жемазық, картоп, көкөніс­­тер толық жинап алынды ма?

– Барлығы толық жиналып, қамбаға үйілді. 2020 жылғы тұ­қым да толық тазаланып, қам­ба­ларда сақтауға қойылды. Жем­азық үшін биыл 799 тонна пішен, 202 мың тонна пішендеме, 191 мың тонна сүрлем дайындалды. Бұл да белгіленген межеден артық.

 

Әңгімелескен

Жақсыбай САМРАТ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Солтүстік Қазақстан облысы