Көкшенің зиялы қауымы батыр Мәліктің ескерткіші жанында отты жылдары Отан үшін от кешкен азаматтың ел есінде жүрер ерен ерлігі, азаматтық тұлғасы, кісілік келбеті туралы тебірене еске алды. Батырдың өнегесі кейінгі ұрпақ үшін мәңгі өшпес үлгі. Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл ер Мәліктің ғибратты ғұмыры туралы тереңнен толғай айта келіп, кейінгі толқын алдыңғы ағалардың өнегесін жас жүректерімен ұғып, ұқсап бағуға тырысу керектігін лебізінің өзегіне айналдырды.
Көкшетау техникалық институтының басшысы Сырым Шәріпханов өткен жылдан бастап Мәлік Ғабдуллиннің батырлық жолына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыру жұмыстары қолға алынып, бүгінгі таңда бұл игі шара жақсы үрдіске айналғандығын айтып өтті.
Батыр ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен кейін Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин музейі мен Көкшетау техникалық институтының ұжымы ұйымдастырған «Ғалым Мәлік Ғабдуллин және жаңа қазақстандық патриотизм» тақырыбында ІІ республикалық ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Конференция жұмысында сан қырлы талант иесінің елге сіңірген елеулі еңбегі жан-жақты сараланды. Ерлікпен бірге әдебиет саласындағы мол табысы туралы ғалымдар мен қаламгерлер жан-жақты талдап, тәлімін ұқтырды. Сырым Шәріпханов жастарға ерлігі мәнді мысал болуы үшін Көкшетау техникалық институтына батырдың аты берілсе деген ұсынысын ортаға салды. Зиялы қауым бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, ақжарылқап күн тезірек туса екен деген ізгі ниеттерін жеткізді.
КӨКШЕТАУ