М.Жаманбалинов өңіріміздегі Үрлітүп деген жердің Тәттімбет ауылында туған. Омбы педагогикалық училищесін бітірген соң, мектепте ұстаздық еткен. Кейін облыстық «Сарыарқа самалы» (бұрынғы «Қызыл ту») газетінің редакциясында қызмет етті.
Алғашқы өлеңдер жинағы «Айнабұлақ» деген атпен 1956 жылы жарық көрген. Жас ұрпақты тапқырлыққа, батылдыққа, жігерлілікке, ерлікке тәрбиелейтін «Сәлем», «Кішкене достарға», «Менің інім», «Батыр ұстаз», «Ақын бала» сияқты поэма, өлең, жаңылтпаш, ертегі, жұмбақ топтамалары жинақтап берілген кітаптары бар.
М.Жаманбалинов – қазақ балалар әдебиетіне үлес қосқан қаламгер. Жазушы Ғалымбек Жұматов Мүбәрак атамызды еске алу кешінде қазақ руханиятына елеулі үлес қосқанын айтып өтті. Өткен ғасырдың 90-жылдары өңіріміздегі ақындар айтысының белсенді ұйымдастырушыларының бірі болған.
– Мүкең сыршыл ақын ғана емес, ұлағатты ұстаз әрі журналист болды. Өлеңдерін бала кезімізде жаттап өстік. Өңіріміздің өлкетану бағытында, сондай-ақ Ертіс ауданының шежірелі тарихына қатысты бірнеше кітап жазды. Ақын Алматыдағы әдеби ортадан шалғай жүріп-ақ қазақ балаларына мол әдеби мұра қалдырды. Аудандық «Ертіс нұры» газетінің негізін қалап, сол басылымда көп жыл қызмет атқарды және облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің Ертіс ауданындағы меншікті тілшісі болды, – деді Ғ.Жұматов.
Ал ардагер ұстаз, ұлт жанашыры Нұрболат Әутәліповтің айтуынша, Ертіс ауданында «Мүбәрактану» оқулығы 2004 жылы №2 орта мектепте оқытыла бастаған.
– Ол кезде мен мектеп директоры едім. Оқушыларды ана тілінде сөйлетіп, қазақша ойлау жүйесін қалай қалыптастыру керек деген уақыт еді. Мұғалімдермен бірлесе отырып, Мүбәрак ақынның балаларға арналған өлеңдерінен оқулық әзірлеуді бастадық. С.Торайғыров атындағы университеттің сол кездегі ректоры Ерлан Арын қолдап, 100 дана шығарып берді. Мектептегі «Мүбәрак оқулары» байқауына көзі тірісінде оның өзі келіп қатысып жүретін еді, – деп еске алады Нұрболат Әутәліпов.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен рухани іс-шараға ақынның балалары, немере-шөберелері, зиялы қауым өкілдері мен замандастары қатысты.
ПАВЛОДАР