Спорт • 18 Қараша, 2019

Лондондағы турнир Грекия теннисшісінің жеңісімен аяқталды

191 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлыбританияның астанасы – Лондонда өткен АТР-дің қорытынды турнирінде грекиялық теннисші Стефанос Циципас жеңіске жетті.

Лондондағы турнир Грекия теннисшісінің жеңісімен аяқталды

21 жастағы ежелгі Эллада елінің өкілі соңғы кездері өте тамаша өнер көрсетуде. Биыл ол Австралияның ашық біріншілігінде жартылай финалында күш сынасса, Ролан Гаррос додасының төртінші кезеңіне дейін жетті. Сонымен қатар, бірқатар халықаралық турнирлерде топ жарды. 

Тұманды Альбион елінде өткен жарыстың топтық бәсекесінде Стефанос Циципас ресейлік Даниил Медведев пен германиялық Александр Зверевтің осал тұсын тауып, испаниялық Рафаэль Надальдан ұтылды. Жиған ұпай саны бойынша бірінші орын алған ол жартылай финалда Роджер Федерерді 6:4, 6:3 есебімен сүріндірді.

Екінші жартылай финалда австриялық Доминик Тим мен германиялық Александр Зверев күш сынасты. Бұл бәсекеде 7:5, 6:3 есебімен алғашқысы жеңіске жетті.

Ақтық сында Циципас пен Тим шеберлік байқасты. Үш сеттік сайыс Грекия теннисшісінің пайдасына шешілді – 6:7, 6:2, 7:6. Осылайша, ол жүлде қоры 9 миллион АҚШ долларын құраған АТР-дің қорытынды турнирінің жеңімпазы атанды.