Таяуда Омбыда өткен XVI өңіраралық ынтымақтастық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік әріптесі Владимир Путинмен кездескені мәлім. Осы алқалы жиында Қ.Тоқаев Қазақстанда 6800-ден астам ресейлік кәсіпорын мен 3200 бірлескен компания табысты жұмыс істеп жатқанын айтты. Бұл шетелдік капиталы бар кәсіпорындардың жалпы санының 38%-ын құрайды. Әсіресе, мұнай, энергетика, қаржы, машина жасау, тау-кен өнеркәсібі, химия өндірісі және экономиканың басқа да салаларында бірлескен жобалар белсенді дамып келеді.
Алайда, Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанның биылғы экспорты мардымсыз межеден көтерілер емес. Биылғы қаңтар-тамыз айларында көрші елге жіберілген тауар көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға төмендеп, 3,5 млрд АҚШ долларын құрағаны осының бір көрсеткіші. Керісінше Ресейден Қазақстанға импортталған тауар көлемі осы кезеңде 1,7 пайызға өсіп, 8,7 млрд долларға жетті. Қазақстаннан Ресейге негізінен темір кені мен концентраты, мыс пен оның концентраты, уран, таскөмір, табиғи газ, қара металл сынығы сияқты шикізат өнімдері тасымалданады. Ал Ресей тарапынан Қазақстанға жеңіл автомобиль, қара металдан жасалған дәнекерленген құбыр мен түтік, шина, темір жол немесе трамвай жүк вагондары келеді. Бұған қоса Ресейдің химиялық тауарлары мен азық-түлік өнімдері де үздіксіз тасымалданып жатқанын айта кету керек.
Жалпы, екі ел арасындағы сауда көлемінің ұлғаюына, кәсіпкерлердің емін-еркін жұмыс істеуіне, сөйтіп екеуара тауар айналымын қазіргіден әлдеқайда асыруына кедергі келтіретін факторлар жеткілікті. Бұл мәселені «Egemen Qazaqstan» газеті бұған дейін де бірнеше мәрте көтерген болатын. Осы орайда, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты бір мысалды тілге тиек етейік. Қазақстан сиыр етін экспорттаушылардың алдыңғы бестігіне кіруге мақсат қойып отырған ел. Бұл межені бағындыру үшін 2018-2026 жылдарға арналған етті мал шаруашылығын дамыту жөніндегі салалық бағдарламаны іске асыру тұжырымдамасы да бар.
Оны жүзеге асыру тетіктерінің бірі – «Сыбаға» жеңілдікпен несие беру бағдарламасы. Бағдарлама операторлары арқылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ірі қара мал сатып алуды қаржыландырады.
– Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытқан фермерлер импорттаушы мемлекетті және жеткізушіні өз бетінше таңдайды. Заң жүзінде және іс жүзінде корпорация ірі қара мал сатып алу операторын таңдау барысында қарыз алушылардың шешіміне әсер ете алмайды. Осы жылы 21,9 млрд теңгеге 31 мыңнан артық ірі қара мал басын сатып алу қаржыландырылды, – дейді аталған корпорацияның басқарма төрағасы Мұрат Дәрібаев.
Өкінішке қарай, жеткізу нарығында клиенттер алдында өз міндеттемелерін толық орындай алмайтын компаниялар кездеседі. Бұл туралы осы корпорацияның баспасөз қызметі хабарлады. Осындай жағдайға «Торговый дом КамАгро» ЖШҚ ресейлік компаниясымен мал жеткізу шартын жасаған 15 қазақстандық фермер тап болды. 15 фермердің 8-і Аграрлық несие корпорациясынан қаржы алған. Фермерлер тауардың ақшасын уақтылы бергенімен, тиісті малды бүгінге дейін ала алмай отыр.
Клиент пен оператордың арасындағы шартты орындауға байланысты қалыптасқан жағдай әртүрлі. «ТД КамАгро»-ға герефорд тұқымды ірі қара малдың 80 басымен қамтамасыз ету тиесілі болса, іс жүзінде компания 32 бас қана жеткізген. Оның өзінде асыл тұқымды мал мәртебесін растайтын жалған құжат пайдаланған. Сондай-ақ жеткізушілер малды асыл тұқымдыға айырбастаудан немесе төленген 34 млн теңгені қайтарудан бас тартқан.
Аталған ресейлік компаниямен осындай жағымсыз жағдайды Қарағанды облысының фермері басынан өткеріп отыр. Ол герефорд асыл тұқымды 297 қашарын күтумен күн өткізуде. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша берілген тауарлық малдың 252,5 млн теңге мөлшеріндегі барлық сомасы жеткізуші компания «ТД КамАгро»-ға төленген, бірақ мал жоқ.
Бір айта кетерлігі, Қазақстанға ірі қара мал жеткізетін барлық операторлардың мониторингі жүргізілетініне қарамастан, қарыз алушылар алақол жеткізушілердің әрекеттерінен сақтандырылмаған. Тәуекелдерді барынша азайту үшін әлеуетті жеткізушілердің тізілімі тұрақты түрде жетілдіріледі. Елімізде сапалы мал шаруашылығын дамыту мақсатында мінсіз беделі бар саланың әлемдік көшбасшыларын тарту жұмысы іске асырылуда. Фермерлер тап болған жағдайға байланысты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы:
– Жуық арада тізілімдегі операторлардың жаңартылған тізілімі күтілуде. Біз қарыз алушыларымыздың мүддесін қорғаймыз. Өйткені олар отандық агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің дамуына елеулі үлес қосады. Ресейлік «ТД КамАгро»-мен қалыптасқан жағдай бойынша Аграрлық несие корпорациясы әр қарыз алушымен жеке жұмыс өткізеді, – дейді.
Жалпы, елімізде етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының негізі АҚШ пен Аустралия елдерінің үлгісіне негізделген ірі қара мал өсіру фермерлік қожалықтарынан, өнеркәсіптік бордақылау алаңдарынан және заманауи ет өңдеу кешендерінен құралған зәкірлік кооперациялар үлгісіндегі отбасылық фермалар сынды шағын шаруашылықтар құруға бағытталған. Қазақстан басшысы Омбыдағы форумда екі елдің агроөнеркәсіп кешендері үлкен мүмкіндікке ие екенін, оны тек ұтымды пайдалану керектігін тілге тиек еткен-ді. Қазақстанда агросекторды дамытуға ерекше назар аударылатыны оған оң ықпалын тигізетіні түсінікті. Аграрлық несие корпорациясы кәсіпкерлерді жеңілдікті мөлшерлеме бойынша және барынша икемді шарттармен қаржыландырады. Өкінішке қарай, корпорация қаржыны уақтылы бөліп, шаруалар оны орнымен жұмсағанына қарамастан, көрші елдің компанияларының келеңсіз әрекеті қолбайлау болып отырған жайы бар.
Сауда және интеграция министрлігі де екі мемлекеттің шекараға жақын облыстарында өзара сауда жасанды шектеулердің әсерінен төмендеп бара жатқанын айтты. Ресейлік бизнесмендер Мәскеуден тиісті жауап ала алмай, Қазақстан тарапынан көмек сұрауда.
– XVI Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастығы форумы шеңберінде қазақстандық-ресейлік «Экономикалық шоғырландырудың заманауи аспектілері» іскерлік кеңесі отырысында саудадағы кедергілердің бар болуы талқылаудың басты тақырыбы болған-ды. Осы жиында Сауда және интеграция министрлігі Экономикалық интеграция департаменті басшысы Темірлан Жантасов:
– Кедергілердің әлі де жойылмаған себебі, жекелеген мемлекеттердің интеграциялық процестерден өз пайдасын көру мен өз нарығын ашуға ниет білдірмеуінен болып отыр. Бұл жағдайды өңірлік деңгейде әртүрлі кедергілердің қолданылуы қиындатуда. ЕАЭО ішкі нарығындағы кедергілер экономикалық белсенділіктің төмендеу факторларының бірі болып саналады, – деді.
Қазақстан мен Ресейдің шекара жанындағы өңірлерінің тауар айналымы соңғы жылы төмендеп кеткенін жоғарыда айттық. 2018 жылғы қаңтар-тамыз айларында шекара маңындағы өңірлердің өзара саудасы 1,3 млрд доллар болса, биыл бұл бар болғаны 1,2 млрд доллар. Мұның себебі Ресейдің шекара маңындағы облыстарында қазақстандық өнімдерге қатысты қолданатын сауда кеңістіктерін шектеу түріндегі жасырын шараларымен байланысты.
Біздің ел тарапынан да, Ресей тарапынан да сөз сөйлеген өкілдер қазақстандық-ресейлік мемлекеттік шекараның бойында орналасқан, қазақстандық өнімге қатысты ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау жүзеге асырылатынын алдын ала хабарлау пункттерінің қызмет етуінің заңсыз екенін атап өтті.
Бұған дейін трансшекаралық саудадағы проблемаларды тілге тиек еткен көрші елдің Сауда өнеркәсіп палатасының вице-президенті Владимир Падалко: «Біз неге өзіміз зардап шегетін осы шараларды қолданамыз?» деп, Ресейдің билік өкілдеріне өтініш білдірген болатын.
– Ресей мен Қазақстан президенттеріне ресейлік бизнестің өтінішін, біздің кедергілерді жою ниетімізді жеткізуді сұраймыз, – деді ол.
Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігінің департамент директоры жұмыстың басты көрсеткіші – тауарлардың ортақ нарыққа тосқауылсыз шығуы екенін, ресейлік бизнес тарапынан кедергілерді жою мәселесіндегі Қазақстанның ұстанымына қолдау көрсеткені маңызды фактор деп санайтынын жеткізді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, теріскейдегі көршімізден келетін импортпен салыстырғанда экспорт айтарлықтай төмен. Ресейдің өнімін тұтынып, бірақ отандық тауарларды көрші елге өткізе алмай отырғанымызды Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов та жасырмайды. Оның айтуынша, қазақстандық өнімдерді бұл ел аумағына өткізу бойынша заң аясында ешқандай кедергі жоқ. Тек қолдан жасалған кедергілерді жергілікті басқарушы органдар туындатып отыр. Ресейдің шекаралас облыстарының губернаторларына елдің билігі тарапынан бірқатар міндеттемелер қойылған. Бұл елдің сыртқы саясаттағы жағдайы қиындап, санкциялардың астында қалғаны экономикасын тығырыққа тіреп жатыр. Құрдымға кетпеудің бар амалы – Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне тауарын ұсынып, негізгі тұтынушылардан айырылып қалмау. Дәл қазір көрші елдерден келген, өзінің кәсіпкерлеріне бәсекелес болатын бизнесмендерге қысым жасаудағы басты себебі осы. Осы ретте бір ескеретіні, қазақстандық шағын және орта бизнес өнімдері сапалы әрі ресейліктердің өнімдерімен салыстырғанда анағұрлым арзанға түседі. Сондықтан ресейлік тұтынушылар тарапынан сұраныс та жоғары. Тек біздің кәсіпкерлердің өнімін өткізуге негізінен көрші елдегі әкімшілік кедергілер тосқауыл болып тұр.