Руханият • 19 Қараша, 2019

Жетімнің басынан сипа, жүрегің жұмсарады

810 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазақ үшін бұл дүниеде баланың тәтті күлкісінен артық қызық-қуаныш кемде-кем. Нәрестенің өмірге келгенін, тәй-тәй басып жүргенін, тілі шығып тіршілікке араласқанын көру – ата-ананың алғашқы бақыты десек артық болмас, сірә. Сол бақыттың бағасын біліп, байыбына барған әке-шешеде арман не? «Балалы үй – базар» дейтін байырғы бабаларымыздың тәлімді тәмсілі жүрек түбінен шыққан жүйелі сөзі болса керек. Ал оның мәні мен мағынасын түсініп, сәбиді сәнім деп аялайтын ата-ана азайған ба? Азаймаса, «Балалар үйі» деген ұғым қазақ тұрмысына қайдан келді?!

Жетімнің басынан сипа, жүрегің жұмсарады

Айтуға да, естуге де ерсі сөз­дің «жетімін жылатпаған, жесі­рін қаңғыртпаған» қазақ үшін қан­шалықты ауыр екені түсі­нікті. Болмысы мен тіршілігінде тір­келмеген тіркесті алғаш есті­генде жағасын ұстамаған жұрт қалмаған шығар. Себебі аштан өлсе де, қазақтың түсінігінде бауы­рынан өрбіген баласын жат­­тың қолына беру деген ұғым болмаған. Қилы заман, қиын тағдыр көрсе де әкесіз қал­­ған­дарды әлпештеп, анасынан айы­рыл­ғандарды аялап, бауы­­рына басып, баласындай көр­ген. Осын­дай ұлттық ұлы ұғым­­ның нәтижесінде ұрпақтар са­бақ­тастығы, балалар ба­уыр­мал­дығы, жақындар жана­шырлығы деген сезімдердің алауы өмір бойы өш­пей, керісінше екі отбасы ба­ла­ларының бір-біріне деген мейірім махаббаты маздай түскен. Айта берсек аңыз сияқты, қозғай берсек қиял сияқты көрінген көне күннің осындай олжалары бүгінгі қо­ғам­ның беттүзер құбыласы болса дейміз...

Белгілі ақын Ұларбек Нұрға­лымұлының айтқан мына бір оқиғасы шынымен бұрынғы қазақтың боямасыз бейнесін көз алдымызға әкелгендей.

«Бірде жырау Алмас Алматов ағамызбен әңгімелесіп қалдым. Қазақтың небір қасиеті сөз болды. Әрәдікте ағаның есіне бала күнгі бір оқиға түсіп, сөз ауаны солай бұрылды. Әкесі ұстарасы қыл қауып тұрған бір жақынына үнемі шашын алдырады екен. «Мен құманға су жылытпалап, әкемнің шашын жібітуге көмек­тесем» дейді Әлекең. Бір күні дәл әкесінің шашын алдырып жатқанда үйге көршінің екі баласы кіріпті. Он жастың ар жақ, бер жағындағы ағайынды екі бала тұл жетім екен. Әке-шешесі қапыда жол шырғалаңынан қайтыс болған.

Содан туыстары алып кетейін десе мына екі бала «өз үйімізде отыра береміз» деп кетпей қойған. Содан көршілері қарасады дегендей, өздері тіршілік жалғап жатқанына да жылдан асыпты. Сонымен не керек, Алмас аға әңгімені әрі қарай жалғады. Әкесі «айналайын» деген сөзді өте көп айтады екен. Тіпті екі сөзінің бірі «айнала­­йын» болса керек. Оның үстіне жаңағы жетім балаларды көргенде айналасы бір сағаттың ішінде «айналайынды» жүзге жуық қайталаса керек. Сонда шашын алып тұрған кісі әзілдеп: «Қожеке-ау, мен шашыңызды алып жатырмын, Алмас су құйып жүгіріп жүр, «айна­­­­­лайын, айналайын» дегенде сонша айналайыннан бізге де бір айналайын арнасаңызшы» депті. «Әкем, «ой, айналайын, «айналайыннан» артық не сөз бар, айналайын» деді де, қойды. Шаш алынып, шай ішіліп, екі бала шығып кетті. Сол кезде әкем бағанағы әңгімені есіне алып, қайта жалғады: «Жетімнің көзінше өз балаңның басынан сипау – жетімнің қақысын жегендік. Жетімнің қақысының о дүниеде сұрауы қатты болады. Алмас екеуің айналайын осындасыңдар ғой, әлі талай «айналайын» аласыңдар, қолдарыңа дерт бермесін» деп батасын берді» деп әңгімені әредік дамылдатты Алмас ағамыз. Арқамнан суық тер шығып кеткендей болды. Жетімнің көңілі қоңылтақсып, жасып қалмасын деп оның көзінше өз баласына «айнала­йын» деп айтуды күнə санаған иманды аталардың боямасыз парасатты болмысына іші-бауырым елжіреп барады. Содан «біз сондай халық едік қой...» деген сөз тұла бойымды кернеп тұрып алды», дейді Ұларбек Нұрғалымұлы.

Жуырда Білім және ғылым минис­тр­лігіне жетім балалар мен ата-ана­сы­ның қамқорлығынсыз қалған балалар құқықтарының қорғалуына байланыс­ты бірнеше сұрақ жолдаған болатынбыз. Олардың мәліметінше, бүгінде республика бойынша жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала­ларға арналған 107 мекеме, сон­дай-ақ өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдайтын 16 орталық бар екен. Оның ішінде Алматы қаласы бойынша – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 7 мекеме және өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдауға арналған бір орталық, ал Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 3 мекеме және өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдауға арналған бір орталық жұмыс істейді. Қоғамда «бала асырап алсам деп едім, менің асырауға құқы­ғым бар ма, ол үшін қайда барып, қандай құжат жинауым керек» деген сұ­рақ­тың жауабын таппай жүрген жандар жетерлік. Оны да білдік.

Министрліктің мәліметінше, қа­зіргі уақытта бала асырап алу үшін тек қана 8 құжат жеткілікті. Қам­қор­шы­лық және қорғаншылық органдар бала асырап алуға үміткерлер әлеу­мет­тік мәні бар аурулармен ауыр­май­­тынына, сотталмағандығына, сондай-ақ олардың тұрмыс жағ­дай­лары көтеретініне, баланы тәр­бие­леу үшін белгілі табысы бар еке­ніне көз жеткізген болуы керек. Атал­ған құжаттардың тізіміне өті­ніш, жеке басты куәландыратын құ­жат­­тың көшірмесі, тұрғын жайға меншік құқығын немесе тұрғын жай­ды пайдалану құқығын растайтын құжат (тұрғын үй жағдайларын тек­серіп-қарау акті), жиынтық табыс мөлшері анықтамасы, отбасы жағ­дайы, денсаулық жағдайы туралы анықтамасы, сотталмағандығы туралы анықтамасы және баланы асырап алуға жақын туыстарының жазбаша келісімі керек. Балалардың құ­қық­та­рын қорғау комитеті балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар мен ұйымдарды жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты негізде тексерулер жүргізіп келеді. Соңғы 3 жылда 199 нысанды бақылау жүргізілген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жетім балалар мен ата-анаcының қамқорлығынсыз қалған балаларды толық мемлекеттік қамтамасыз етуді жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады. Олардың мә­лі­меті бойынша, жыл сайын бала­лар үйіндегі тәрбиеленушілерді ба­ғып-күтуге республика бойынша 10 млрд теңге жұмсалады. Интернаттық ме­ке­мелерде ұсынатын арнаулы әл­еу­меттік қызметтер Білім және ғы­лым министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №17 бұйрығымен бекітілген  Білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес іске асырылады. Стандартта ұйымдарда арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну сапасы мен көлемі және ұйымдарда арнайы әлеуметтік қызмет көрсету шарттары белгіленген. Түлектердің өз бетінше өмір сүруге әлеуметтік бейімделуі және дайындалуы үшін қоғамда 16 жастан 23 жасқа дейінгі интернаттық ұйымдардың түлектері тұратын 14 дербес және балалар үйі мен балалар ауылы жанында 15 жасөспірімдер үйі бары белгілі. Ата-анасының қам­қор­лығынсыз қалған балалар үшін жоғары оқу орындары мен колледж­дер­ге түсу кезінде мемлекеттік білім беру тапсырысының 1% квотасы белгіленген. Балалар үйі түлектерінің жасөспірімдер үйінде тегін тұруын қамтамасыз ете отырып, мемлекет оларға кәсіптік даярлық алуға, жұ­мыс­­қа орналасуға немесе өз білімін жал­ғас­тыруға мүмкіндік береді. Жасөс­­­пірімдер үйінде тұрған кезде бала­лар үйінің түлектері өз тұрмысын өз бетінше ұйымдастырады, жеке тұрғын үй алу немесе отбасын құру жолдарын жоспарлайды. Сонымен қатар жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оларды колледждерде және жоғары оқу орындарында оқу кезеңінде, демалыс кезеңінде өздері тәрбиеленген ұйымдар мен отбасыларға бару үшін жол жүру, тәуліктік шығыстар заңнамада белгіленген тәртіппен білім беру ұйымдарының қаражаты есебінен төленеді. 2014 жылы балалар үйінің 7789 тәрбиеленушісі Сара Алпысқызының Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде білім алуға және ақылы негізде мүм­кін­дік беретін білім беру салымдарын ашқан. «Бөбек-МББЖЖ» жобасын іске асыру кезеңінде 2014 жылдан бас­тап 2018 жылға дейін білім алу үшін балалар үйінің 325 тәрбиеленушісі  білім беру депозиттерін пайдаланды.  Оның 61-і жоғары оқу орындарында, 264 бала колледждерде оқиды екен. «Білім туралы» заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдар жетім балаларды, ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған балаларды мін­детті түрде жұмысқа орналас­тырады. Сонымен қатар «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңына сәйкес бос жұмыс орындары болған жағдайда 16 жас пен 23 жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қам­қор­лығынсыз қалған балалар басым құқықты пайдаланады. Сондай-ақ олардың жұмыс іздеп жүрген адамдар мен жұмыссыздар арасында жұмысқа орналасу үшін жаңа тұрғылықты жерге өз еркімен қоныс аударуға басым құқығы бар. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды жұмысқа орналас­ты­руды қамтамасыз ету мақсатында жер­­гі­лікті атқарушы органдар ұй­ым қызметкерлерінің тізімдік санына пайыздық түрде ұйымдық-құқық­тық нысаны мен меншік нысанына қарамастан ұйымдар үшін квота белгілейді.

Иә, қалай десек те бақытты бала­лық­тың орнын ештеңе алмастыра алмайды. Алмастыруы мүмкін де емес. Себебі ол адам баласының тағ­дыр тақтасындағы алтын әріппен жазы­латын аяулы сәт, шаттықты шақ. Осы орайда Әзірет Сұлтан мешіті­нің наиб имамы Бақытжан Өткел­баев­тың ойын білген едік. Ол Ислам дінінде жетім баланы асырап алу үлкен сауапты іс екенін алға тартып, тағдыр тауқыметімен жетім қалған балапандар үлкендердің мейірімі мен қамқорлығына мұқтаж екенін жеткізді.

«Бала асырап алу үрдісі барлық халықтар ғұрпында да болды. Тіпті пай­ғамбарымыздың (с.ғ.с.) асырап алған баласы болды. Ол – Зәйд бин Хариса. Бұл жөнінде Абдулла бин Омар (р.а.): «Харисұлы Зәйд (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) азат етілген құлы еді. Оны біз «...Оларды әке­ле­рі­мен шақырыңдар. Сол Алланың қасында турарақ...» аяты түскенге дейін Мұхаммедұлы Зәйд деп шақы­ра­тынбыз», дейді. Жоғарыдағы аят түскен соң Зәйд (р.а.) мырза өз тегі­мен Зәйд бин Хариса болды. Бала асырап алу – үлкен сауапты амал екендігін жоғарыда айттық. Жетім немесе тастанды баланы бауырына салып, өз баласындай бар мейірімі мен қамқорлығына бөлеп, балаға лайықты тәрбие беріп, мейірімін аямай, қамқорлық ету – Ислам дінінде мақтаулы іс. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жетім балаға қамқорлық ету­ші­нің дәрежесі жайлы: «Мен жетімге қамқоршы болған кісімен жәннатта біргемін», деп, сұқ саусағы мен орта саусағын көрсеткен екен. Яғни, әке-шеше мейіріміне мұқтаж балаға қам­қорлық етудің сыйы – жәннатта пай­ғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанында болу. Бұл – ең үлкен мәртебе. Дегенмен, асыл дінімізде бала асырап алуға байланысты бірқатар шарттар барын ескергеніміз дұрыс. Бірінші, Құран Кәрім үкімі бойынша, кісіге асыраған баласын өз тегіне жазып, оған бел баласына ғана тән құқықтар беруге тыйым салынады. Асыранды бала асыраушының етжақын әйел туыс­тарын әпке-қарындас деп олармен махрам ретінде араласуы шариғатқа сай емес. Тегі мен қаны бөтен болған соң мұндай қарым-қатынасқа тыйым етіледі. Бұл асыранды баланы жатсыну емес, тек пен қанды құрмет ету және шариғат талабын орындау. Екінші, баладан оның ата-тегін жасырып, бала санасына «сен менің баламсың, сенің руың мынау» деп, асыраушыны ата-ана деп қабылдатуға қатаң ты­йым салынады. Үшінші, қамқоршы өзі асыраған балаға дүние-мүлкін мирас етіп емес, көзі тірісінде сыйлық ретінде беруіне және өсиет ретінде дүниесінің үштен бірінің ішінен беруге құқылы», дейді Бақытжан Мүптіәділұлы.

Жер бетінде жетімнің көз жасы­­нан ауыр тамшы жоқ шығар, сірә. Соны түсінген мемлекетіміз мей­лін­ше мейірімділік танытып, ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала­лар­ды қанатының астына алып, аяқ­тан тұрып кетуіне қолұшын беруде. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­нін­де, мүмкіндігің жетсе жетімнің басынан сипа, жүрегің жұм­са­рады дегіміз келеді.