Экономика • 19 Қараша, 2019

Ақтөбе инвестиция тартудан алда тұр

465 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысы инвестиция тарту жағынан елімізде көш бастап тұр. Жыл соңына дейін 600 млрд теңге инвес­тиция тартылады деп жос­парлануда. Бұл көрсеткіш былтырғыдан қарағанда 5%-ға жоғары. Алайда өңірде аграрлық сектордың дамуы көңіл көншітпейді. Нақты айтқанда, ауыл шаруашылығының аймақ экономикасына қосатын үлесі 5%-ға жетпейді. Мұндай статистиканы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Оңдасын Оразалин айтты.

Ақтөбе инвестиция тартудан алда тұр

9 айдағы негізгі әлеуметтік-эко­номикалық индикаторларды қоры­тын­дылаған өңір басшысы облыста өнеркәсіп өсімі 5,3% құрағанын айтты. 2024 жылға қарай тартылатын инвес­тиция көлемі болжам бойынша 2,7 есе артып, 1,6 трлн теңгеге жетеді деп күтілуде. Спикердің сөзі­не сүйенсек, аймақта жалпы құны 140 млрд теңге болатын 25 жоғары технологиялық инвестициялық жоба іске асырылып, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Ірі жо­ба­лардың қатарында жылына 5 млн тонна алтын шығаратын «AltynEx» АҚ-тың тау-кен металлургиялық ком­бинатының құрылысы бар. Инвес­тициялық жобаның құны – 148 млрд теңге. 38 млрд теңгеге 4.0 Ин­дустриясының тұ­жы­рым­да­масына сай «Орыс мыс компаниясы» АҚ байыту фаб­­рикасын жаңғыртуды аяқта­мақ.

– Инвестициялық жобала­р­дың тізіміне «Қазхром» ТҰК» АҚ тазар­тыл­ған феррохромның шөгінді қожын қайта өңдейтін фаб­рика салу, «Green Capital Kazak­hstan» ЖШС бесінші буын жылы­жайының жобасын әрі қарай кеңейту сынды жобалар кі­реді. Балама энергетика сала­сы бо­йынша «ArmWind» ЖШС жылына 48 МВт қуат беретін «Бадамша» жел электр стансасының бірінші кезегін іске қосады. Инвестиция ағы­нын көбейту мақсатында қосым­ша 500 млрд теңгеден астам қара­жат­қа кем дегенде 15 мың жаңа жұ­мыс орнын ашу көзделген. Сондай-ақ «Еуразия» арнайы эко­номикалық аймағы мен тү­рік инвесторының «GOSB» ин­дустриалды паркін құру жұ­мыс­та­ры жалғасып жатыр, – деді О.Оразалин.

Әкім арнайы экономикалық аймақ тиімділігі жоғары өндірісті да­мытуға, сыртқы жəне ішкі инвестицияны тартуға, экспортты ынталандыруға, импорт алмастырушы өндірістерді өркендетуге, сол секілді жергілікті маз­мұн­да­ғы өнім үлесін арттырып, халықты жұмыспен қамтуға мүм­­кіндік береді дейді. 700 гек­тарды алатын өнеркәсіп ала­ңын­да 50 шағын, орта жəне ірі кəсіп­орын­ құры­ла­тын болады.

Doing Business рейтингінде Ақтөбе облысы бизнесті жүр­гізу жа­ғынан рес­публика бо­йын­ша үшінші орында тұр. О.Ораза­лин­нің айтуынша, өңір­де «Жол картасы -2020» бағдарламасы сәтті іске асырылып келеді. Биыл 3,3 мың адам бизнес негіздерін үй­реніп, олардың 650-ден астамы несие мен грант ие­лен­ді. Аталған салада 144 мың ақтө­бе­лік еңбек етуде.

Жыл басынан бері аймақ шаруалары 199,9 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімін өн­дірді. Бір адамға шаққанда ең­бек өнімділігі 1,4 млн теңгені құ­раған.

Облыста суармалы жерді 3,5 есе немесе 100 мың гектарға дейін ұлғайту көзделген. Ақтөбе аймағындағы су ресурстарының әлеуетін арттыру үшін 32 су қой­ма­сы салынады.

О.Оразалин тұрғын үй құ­ры­лысы саласын қарқынды да­мы­ту­дың тиімді жұмыстары қолға алынғанын айтады. Ол соңғы бес жылда барлық қаржы көздерінен 3,3 млн шаршы метр пайдалануға беріліп, 28 мыңнан астам отбасы баспанамен қамтылғанын жеткізді. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бо­йынша 939,5 мың шаршы метр тұрғын үй беру жоспарланған.