Бағдарламалар • 19 Қараша, 2019

Баспанамен қамтитын басты құжат

464 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру барысы талқыланып, бағдарламаның алдағы 5 жылдағы жоспары қаралды. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу, Қарағанды облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жөніндегі қанатқақты жобаның іске асырылу барысы баяндалды.

Баспанамен қамтитын басты құжат

1 жылда 12,5 млн шаршы метр үй берілді

Алдымен «Нұрлы жер» мем­ле­кеттік тұрғын үй құрылыс бағ­дар­ламасын іске асыру барысы туралы Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрі Б.Атам­құлов пен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ төрағасы А.Әріпханов баян­дама жасады. Индустрия және инф­ра­құ­­рылымдық даму ми­нистрі­нің ай­туынша, «Нұрлы жер» бағ­дар­­ла­масы аясында мемлекет жұм­са­ған әр 1 теңгеге шақ­қан­да 6 теңге тіке­лей инвестиция тартылды.

– Азаматтарды баспанамен қамту – билік пен қоғам алдын­да тұрған өзекті әрі өткір мәселе­лер­дің бірі. Елімізде халық саны көбе­йіп, жас отбасылардың қатары артып келеді. Пәтерге, жеке үйге де­ген сұраныс жоғары. Әр қазақ­стан­дық тұрғын үй жағдайын жақ­сартуға мүдделі. «Нұрлы жер» бағдарламасы халықтың қа­лың тобына бағытталған. Бұл бағдар­лама жеке инвестициялар мен азаматтардың жинақтарын тарту есебінен тұрғын үйдің қолжетімді болуы мен құрылыс секторын қол­даудың түрлі тетіктерін ұсынады, − деді министр.

Бағдарламаны іске асыру аясында 2017 жылдан бастап 33,5 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салынды. 300 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. Тұрғын үй құрылысына барлығы 3,3 трлн теңгеден астам инвести­ция салынды. Баспананы пай­дала­нуға берудің оң серпіні сақ­талуда. Орташа өсім – 10 пайыз.

– Орта есеппен алғанда инвес­ти­ция жыл сайын 18 пайыз­ға ұлғаюда. Былтыр 12,5 млн шар­шы метр тұрғын үй пайда­ла­нуға берілді. Бұл еліміздің әр тұрғынына шаққанда 0,68 шар­шы метрді құрайды. ТМД ел­дері арасындағы ең жоғары көр­сеткіш. Біздің мақсатымыз 2030 жылға қарай әр тұрғынға шаққан­дағы баспанамен қамтамасыз ету көрсеткішін 30 шаршы метрге дейін жеткізу, − деді Б.Атамқұлов.

Министр атап өткендей, бағ­дарлама аясында 3 жыл ішінде 51 мың отбасына сатып алусыз жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй беру жоспарланған. Бұл ретте көп балалы отбасылардың баспана мәселелерін шешуге басымдық берілмек.

Индустрия және инфрақұ­рылымдық даму министрлігі кел­тір­ген мәлімет бойынша «Бақыт­ты отбасы» бағдарламасы негізінде тұрмысы төмен 5 мың отба­сына же­ңілдетілген кредит ұсы­нылуда. Халық пен биз­несті баспана салу­ға ынталандыру үшін жаппай құры­лыс ауда­н­дарына инженерлік-коммуни­ка­ция тартуға 225 млрд теңге бөлін­ді. Соның ішінде осы қара­жат есебінен азаматтарға жеке тұр­ғын үй салуға арналған 130 мың жер учаскесі коммуникация­мен қамтамасыз етілді. Субси­дия­ланған кредиттердің аясында жеке құрылыс салушылар 3 жыл ішін­де 549 мың шаршы метр тұр­ғын үй, квазимемлекеттік сектор субъек­тілері, 20 мыңға жуық пәтер салынды.

Десе де елордада жыл соңына қарай құрылыс қарқыны бәсеңдеп барады, соның салдарынан әу бас­та бекітілген жоспар орындал­мауы мүмкін.

– Республика бойынша жыл­дық жоспар 13 млн шаршы метр­ді құ­райды. Дегенмен, 10 ай­дың қо­­ры­­тын­дысында Нұр-Сұл­тан қа­ла­сында тұрғын үйді пай­да­ла­ну­ға беру қарқыны 35,8 па­йыз­­ға төмендеуіне байланысты жос­­пар­ланған межеге жете алмай қалуымыз мүмкін, − деді Б.Атамқұлов.

Оның айтуынша, биыл тұрғын үйлерді уақтылы пайдалануға беру үшін құрылыс алаңдары­на ин­­женерлік-коммуникациялар тар­­туға 77,3 млрд теңге бөлінді. 10 ай­дың қорытындысы бойынша қаржыландыру жоспарына сәйкес өңірлерге 59,3 млрд тең­ге аударылды. Оның 56,3 млрд тең­гесі немесе 96 пайызы игерілді.

– Түркістан, Батыс Қазақ­стан, Қарағанды облыстарында қа­ра­жаттың игерілу көрсеткіші төмен. Сот процестері мен жоба­лау-сметалық құжаттаманың түзе­тілуіне байланысты бірқатар өңір бөлінген қаражатты жылдың соңына дейін қайтаруды жоспарлап отыр. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспана бойынша жобаларды іске асыру кезінде Пав­лодар, Маңғыстау, Атырау об­лыс­тарының әкімдіктері бөлін­ген қаражатты толық игермеді, − деді министр.

Табысы төмен азаматтардың «5-20-25» бағдарламасымен бас­пана алуына мүмкіндік тудыру қарастырылып отыр.

– «Бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру» атты бірінші міндеттің аясында тұрғын үйге қолжетімділік сатысы енгізіледі. Айқындаушы фактор – халықтың табысы. Отбасының 1 мүшесіне шақ­қан­да ең төмен күнкөріс дең­­гейіне дейінгі табысы бар азамат­тарға (29,7 мың теңге) сатып алу­сыз жалға берілетін тұрғын үй ұсы­нылады (жетім балалар, 1-2-топтағы мүгедектер, зейнеткерлер және т.б.). «Бақытты отбасы» бағдарламасы бұрынғысын­ша 2 ең төмен күнкөріс деңгейі­не дейінгі табысы бар азаматтарға (59,4 мың теңге) қолжетімді болады (көп балалы, толық емес және мүгедек балалары бар отбасылар), − деді министр. Сонымен қатар, ең төмен күнкөріс деңгейіне дейінгі табысы бар азаматтарға (92 мың теңге) «5-20-25» бағдарламасы бойынша әкімдіктердің кредиттік тұрғын үйлерін алу мүмкіндігі бері­леді. Табысы 5 күнкөріс дең­гейі­нен асатын адамдар (148,5 мың теңге) бастапқы және кейінгі на­рықтан тұрғын үй сатып алу үшін қолданыстағы «Баспана-хит», Қазақстан Ипотекалық ком­па­ния­сының «Орда», «Тұр­ғ­ын­үй­құрылысжинақбанкінің» «Өз үйім» сияқты өнімдерін пайдалана алады.

− Баспана алудың ашықтығы мен бірыңғай жүйелік есепке алу­ды қамтамасыз ету үшін кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық базасы енгізілуде. Аталған базаның деректері кезекте тұрған адамдар арасында тұр­ғын үйдің қолжетімділігін анық­тау үшін пайдаланылады. Бұл мемлекеттік қаражатты пайда­ланудың тиімділігін қамтамасыз етеді, − деді министр.

Тақырыпты қорытындылау барысында Премьер-Министр Асқар Мамин жаңа «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы әрбір қазақстандыққа тұрғын үй мәселесін өзінің табыс деңгейіне қарай шешуге мүмкіндік бере­тінін атап өтті. Үкімет басшысы мем­лекеттік бағдарламаны осы жыл­дың соңына дейін қабылдауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Әкімдер тауардың қайдан, қалай келетінінен бейхабар

Сауда және интеграция ми­нистрі Б.Сұлтанов соңғы уақытта еліміздегі азық-түлік бағасының қымбаттау себебін түсіндірді.

– Бағаның өсу себептерін анық­тау үшін талдау жүргі­зілді. Біріншіден, азық-түлік нары­ғында әртүрлі сауда үсте­ме бағалары бар көптеген дис­трибью­тердің және басқа да тиімсіз делдалдар саны­ның көп болуы, жеткізу шарттары­ның орындалмауы, сақтау арна­ларының жоқтығы себеп болуда. Салдарынан кейбір тауарлардың бағасы аспандап кетті, − деді министр. Бұған қоса экспорт көлемінің артуы да кері әсер етіп отыр. Сондықтан да импорт­тық тауарлар қымбаттаған.

– Мәселен, биыл елімізде қара­құмық алқабының аумағы 30 пайызға тарылды. Сонымен қатар Ресейде 5 жыл ішінде өнім­нің аз болуына бай­ланысты баға­ның өскені бай­қалады. Күріш­тің қымбаттауы Өзбек­стан мен Тү­рікменстан тарапынан қазақ­стандық күрішке сұраныстың артуына байланысты болып отыр. Осылайша аталған елдер­ге экспорт көлемі 22 есеге өсті. Ресейде күріштің бағасы 14 па­йызға қымбаттады, біздің валютамен есептегенде килосы 368,5 теңгеден 420,2 теңгеге дейін өсті. Дегенмен, өңіраралық тауар жеткізу бойынша талдау жүргізу кезінде әкімдіктер өз өңірлерінде қандай тауар өндірілетінін және қайдан әкелінетінін біле бер­мей­тінін байқадық, − деді Б.Сұлтанов. Оның айтуынша, облыс басшылары азық-түлік тауарларының бағасын реттеу функцияларын дұрыс пайдаланбай отыр.

– Қазан айының басынан 12 қарашаға дейінгі жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 1,1 пайыз қымбаттады. Бұл ретте егін жинау маусымына қарамастан бірнеше тауардың бағасы он па­йыздай өскені байқалады. Мәселен, қарақұмық жармасы жыл басынан – 62,9 пайызға, күріш – 32,3, ұн – 27,8 пайызға қым­баттады. Қазан мен қараша ара­лығында күнбағыс майы – 0,4 па­йызға, картоп – 3,4, сәбіз – 4,5, пияз – 5,8, қырыққабат – 7,7, қант 7,9 па­йызға арзандады, − деді министр.

 Белгілі болғандай, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары әсіресе Атырау, Павлодар, Жамбыл, Ақтөбе облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында қымбаттаған.

− Мемлекет басшысының тапсыр­масы бойынша аталған өңір­лерде әкімдердің орынбасарлары деңгейінде тиісті тұлғаларды жауапкершілікке тартуды ұсынамын. Бұл ретте барлық өңірде негізінен көкөніс, ет, нан мен қарақұмық бағасы шекті межеден 15 пайызға асқанын атап өту керек, − деді Б.Сұлтанов.

Министрдің айтуынша Қы­зыл­орда, Шымкент және Түр­кіс­тан қалаларында 6 тауар әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті мәндердің ең көп ұлғайғаны тіркелген. Яғни, қырыққабат, пияз, сәбіз, ұн, нан және сиыр еті қымбаттаған. Ал Алматы, Ақтөбе қалаларында, Ақ­мола, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында 5 тауар­дың бағасы көтерілген.

Оңалту көмегінің ауқымы 42,2 пайызға артты

Үкімет отырысының күн тәр­тібінде қаралған тағы бір мәселе Қарағанды облысында мін­детті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) енгізу бойынша қанатқақты жобаның іске асырылуына қатысты болды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Қарағанды облысы­ның әкімі Жеңіс Қасым­бек, «Міндетті әлеуметтік медици­налық сақтандыру қоры» КеАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов тақырыпқа қатысты баяндама жасады.

Жиында айтылғандай өңірде екі айда тұрғындарды меди­циналық сақтандыру (192%-ға) есебінен оңалту көмегінің ауқымы (42,2%-ға) және қымбат зерттеулермен (КТ және МРТ) қамту көлемі артты. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделі мен МӘМС пакетінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш деңгейлі медициналық қамсыздандыру жүйесін енгізу қарастырылған.

МӘМС енгізілгеннен кейін жалпы алғанда 2020 жылы ден­саулық сақтау саласына арналған бюджет еліміз бойын­ша шамамен 1,5 трлн тең­гені құрайды. Медициналық оңалтуды қоса алғанда, халықтың қажетті­ліктеріне негізделген медици­налық көмектің басым түрлерін қаржыландыру көлемі едәуір ұлғаяды. Ол келесі жылы 7 есеге, 2025 жылға қарай 11 есеге дейін ұлғаяды деп жоспарланған. Келесі жылы медицина қызметкерлерінің жалақысы көбейеді. Атап айтқан­да дәрігерлердің еңбекақысы 30%-ға, орта медицина қызмет­кері­нің табысы 20%-ға өседі, ал 2025 жылға қарай олар қазіргі жалақымен салыстырғанда 2 есе көп алуы тиіс.

– Елбасы Н. Назарбаев мін­детті әлеуметтік медициналық сақтан­дыруға көшуге толық дайындықты қамтамасыз ету міндетін жүктеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің Жолдауында әлеуметтік медициналық сақтандыруды іске асыру мәселесіне үлкен жауап­кершілікпен қарау қажет­тігін ескертті. Ол барлық қазақстан­дықты қамтуы тиіс. Сол үшін барлық деңгейдегі медициналық мекемелер қажетті ақпараттық жүйелерге қосылуы керек. Әрбір азаматтың деректері жаңартылуы керек, − деді А.Мамин.

Премьер-Министр МӘМС енгізу бойынша қанатқақты жоба­ның нәтижесін оң бағалап, Қарағанды облысының бұл тәжірибесін басқа өңірлер де ескеруі керек екенін айтты.