100 • 19 Қараша, 2019

«Еңбекші қазақ» газеті: «Еңбекші қазақ естеріңде болсын»

298 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Еңбекші қазақ естеріңде болсын» мақаласы 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің №112 санына шыққан.

«Еңбекші қазақ» газеті: «Еңбекші қазақ естеріңде болсын»

Газеттің жандануы, газеттің көрікті болуы үшін барлық үкімет мекемелерінің, ұйымдарының күнделік істеп жатқан істері, болатын жиылыстары, алып беретін түрлі нәрселерінің бәрі күнбе-күн ­жарияланып отыру керек болса, газеттің қаржы жағы нығаю үшін барлық сауда орындарының, ұйымдарының халыққа тарататын жарнамаларын, түрлі жөндегі құлақтандыруларын газетке үзбей беріп тұруы керек. Мұнсыз газеттің күші кірмекші емес.

«Еңбекші қазақтың» Қазақстан астанасында күнделік болып шыға бастағанына 6-7 айдың жүзі болды. Содан бері «Еңбекші қазақ» жарнама, құлақтандыру жағынан тазаның маңында. Оқта-санда бірер жарнама жыл құсындай көрініп қояды. Қатар шығып отырған орыс тіліндегі «Советская степь» газетін алсақ, нөмір сайын жарнамасыз шыққан емес. Ең арғысы, серік те жарнамасын береді. Ішкі сауда комиссариатының гүбірнедегі бөлімдерінің де өз гүбірнесінде болатын маңызды жәрменкелер туралы «Советская степьке» кейде жарнама бере салатын әдеттері болады. Соларға «Советская степьте» басылған жарнамасын сұрап, «Еңбекші қазақ» басқармасы телеграмм соқса, алатын жауабы қысқа келеді: «Екі газетке бірдей бастыруға бізде күш жоқ!»

Бұл – көп мысалдың бірі. Тере берсең, мұндайлар ұшан теңіз.

Қызылорда соттың үкімін орнына келтіруші бар. Сот үкімі ­бойынша торгке салып сататын малы, бұйымы болады. Мұны алушы, көбінесе, саудагерлер, Қызылорда көшесінде саудамен жүргеннің дені кім? Қазақ.

Сот үкімін орындаушы осы торг туралы жарнамасын «Советская степьке» бастырып шығарып, қарайды да отырады.

Бұлар жарнама жөніндегі мысалдар. Ал, газетке мақала беру ретіне келсек, бұл жағы да оңып отырған жоқ. Кеңсе басында отырғанның тезис жаза алмайтыны бар ма! Отырған кеңсесінің жұмысы туралы бірер мақала жазса, бас салып «Советская степьке» жібереді.

– «Еңбекші қазаққа» неге бермедің?

– Көшіріп басарсыңдар.

Міне, бұл «Еңбекші қазаққа» «екінші газеттің көшіріндісі» деген атты тағады.

Қысқасы, орыс пен қазақ газетін тең ұстау жөнінде үкімет мекемелерінің, онда отырған жауапты азаматтардың бұл уақытқа шейін шалалығы аз емес. Бұл шалалық бұдан былай да созыла берсе, қазақ тіліндегі газеттің өркендеуіне кесел бола бермекші. Осыны ескеріп,  қазақстандық партия комитеті «қазақ тіліндегі баспасөзді өркендету керек. Әрбір партия, комсомол мүшесі, қосшы-батырақтар, белсенді азаматтар «Еңбекші қазақты» көтеруге атсалыссын» деп отыр. Мұндай қаулыға, науқанға «иә, дұрыс қой» деп иек көтере салатын әдет те бізде бар. Бірақ бұл әдетпен біз партия тілі болған баспасөзді көтере алмаймыз.

Барлық үкімет орындары, ұйымдар, онда отырған жауапты қызметкерлер «Еңбекші қазақты» есінен шығармасын. Газетке беретін жарнамалары, құлақтандыру, мақала-хабарлары болса, екі газетке бірдей жіберуді ұмытпасын.

Басқарма.