Аймақтар • 19 Қараша, 2019

Маңғыстауда экологиялық заңнаманы бұзған тағы бір кәсіпорын анықталды

393 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жуырда Қарақия ауданы әкімдігінде «Бизнес саласында кездесетін жүйелі мәселелер мен әкімшілік кедергілер» атты ашық сұхбат өткен болатын. Аудан әкімі Қыдырберді Беков төрағалық еткен басқосуда бірқатар кәсіпкерлердің ұсыныстары мен өтініштері қаралды. Бұл туралы Маңғыстау облысы Экология департаментінен хабарлады.

Маңғыстауда экологиялық заңнаманы бұзған тағы бір кәсіпорын анықталды

Жиында сөз сөйлеген кәсіпкердің бірі «Қалжан-Құрылыс» ЖШС директорының орынбасары Қуаныш Шүйішов кәсіпорында болған оқиғаға қатысты жанайқайын жеткізіп, прокуратурадан араша сұраған. Айтуынша, Маңғыстау облысы экология департаменті аталған кәсіпорынды экологиялық талаптарды орындамағаны үшін сотқа беріп, лицензиясынан айыруды талап еткен.

- «Қалжан-Құрылыс» айтарлықтай ештеңені бүлдірген жоқ, айтылған ескертуді қабылдап, кемшілікті жойдық. Лицензиядан айырып жұмысты тоқтатса, қаншама адам жұмыссыз қалады, деді кәсіпкер өз сөзінде.

Көп ұзамай бұл мәселе бойынша уәкілетті орган тез арада жауап берді. Маңғыстау облысы экология департаменті облыстық прокуратураның тапсырмасына сәйкес «Қалжан-Құрылыс» ЖШС-не қарасты полигонда тексеріс жүргізілгендігін және ҚР экологиялық заңнамалардың өрескел бұзылғандығын растады.

Нәтижесінде кәсіпорынға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің үш бабымен, атап атап айтқанда 328, 332 және 334 баптарына сәйкес айыппұл салынған.

Сондай-ақ экология департаменті тарапынан кәсіпорынның экологиялық құжаттарын сұрату және полигон қызметін тоқтату жөнінде сотқа талап-арыз берілген. Жақын күндері талап-арыз азаматтық тәртіпте сотта қаралатын болады.