Қоғам • 20 Қараша, 2019

Теңдесі жоқ бірегей автомектеп

249 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сәлімханды кішкентай кезінен білемін. ТМД бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылған тірек-қимыл аппараты зақымданған балаларға арналған мектеп-интернат қаладан шеткері орналасқандықтан көлік жалдап жетуге тура келген. Инклюзивті білім беру орталығының директоры, жаңашыл ұстаз, іскер ұйымдастырушы Шәміл Шақшақбаевты іздеп барғанда танысқан едім.

Теңдесі жоқ бірегей автомектеп

Осындағы көп шәкірттердің бірі болса да, адамға жақын­ды­­ғымен, елгезектігімен назар аударт­­қан. Ана тілінде жатық сөй­лей­­ті­ні сүйсінткен. Араға жылдар са­лып кездескенімізде дардай жігіт болып қалған ол көзіме оттай басылып, бұрыннан аралас-құра­лас жандарша шұрқыраса табыс­қанбыз. Тағдырдың жазуы­на не шара, Сәлімхан бесіктен белі шық­пай жатып сал ауруына шал­дықты. Жазылмас кеселдің зарда­бын әбден тартты. Өмірдің қиын­дықтарымен көбірек бетпе-бет кездес­кендіктен ерте есейді. Ағысқа қар­сы жүзуді, мойымауды, жеңе білуді үйренді. Ата-әжесі, әке-шеше­сі, ұстаздары қоғамдық орта­дан өз орнын табуына көп жәр­дем­дес­ті. Өзі де міндетін өзгелерге арта салмай кез келген мәселені жеке-дара шешуге дағдыланды, намы­сын жаныды, ширықты, шира­ды. Қайсарлық, күрескерлік секіл­ді табанды қа­сиет­терді бо­йына жинақтады. Басы салбырап тө­мен­шіктей, шегін­шектей берсе, не­сібе­сінен құр қа­латынын, тек өзіне ғана сену ке­ректігін ұғынды. Мек­­тепті жақсы бітіріп, жоғары оқу орнына түсті. Журналист маман­дығын алып шықты. Кіммен аралас­са да, қай ортада жүрсе де, мүге­дек­пін деп қымсынбады. Аяқ-қолы сау за­ман­дастарынан оқ бойы озып жүруге, ол үшін жан-жақты білімді­лікпен, ғылым жетістіктерін игеру­мен мойындатуға ұмтылды. Мектеп-интернат қабырғасында бірге оқыған досы Ақжан Кәрі­мов­пен ынтымақтаса жұмыс іс­теп, көп­теген озық идеялар мен жар­қын бастамалардың жаршысы болды. «Ардос жүрек» мүгедек­тер бірлестігін құрысып, маңа­йына туабітті кесел жабысқан тағ­дыр­ластарын топтастырды. Онда­ғы мақсат – ойларын да, бой­ла­рын да сергек ұстап, қоғамның бел­сен­ді, пайдалы мүшесі ретінде сезіну, дербес өмір сүруге икемделу, ел қатарлы қызмет ету еді. Жасы­ра­тыны жоқ, араларында өзде­рін басқа­лардан төмен санап, төрт қабыр­ғаға телміріп, тіпті ма­­сыл­дық пиғыл­ға бой ұрған­да­ры жоқ емес-ті. Сондай са­нат­тағыларды қатарға тартып, қиын­дыққа мойымауға, алға ұм­ты­лу­ға, пайдалы кәсіппен айналы­су­ға жігерлендірді.

Сәлімханның бір ойы – мүм­кін­ді­гі шектеулі жандарға арналған арнайы автомектеп ашу еді. Оның есе­бінше, облыс орталығында ғана тірек-қимыл жүйесі зақымданған се­гіз мыңға жуық жан тұрады екен. Әр­қайсысының көкейінде шір­­кін, көлік жүргізсем деген аппақ арман­ның бұғып жат­қа­ны анық. Елба­сының «Бес әлеу­мет­тік баста­масы» бойынша ең үздік әлеу­мет­тік жоба байқауы жария­лан­ғанын естіп, бағын сынап көруді ұй­ғар­ды. Бір қайнауы ішінде жүр­ген идея­ның иінін қандырып, жетілдір­геннен кейін қағаз бетіне түсі­ріп, бизнес-жоспарға айнал­дырды. Республикалық кезең­де облыстың намысын қорғап, стар­тап байқауының жеңімпазы атан­ды. Ұтып алған қаражатқа «Granta» жеңіл көлігі сатып алынып, Ресейдің Челябі қала­сын­да мүгедек адамдарға қолмен бас­­қа­­руға ыңғайланып жасалды. Арна­йы қондырғыларды орна­ту­ға жергілікті меценаттар қар­­жы­лық қолдау көрсетті. Талапқа сай жарақтандырылған көлік тіркеу­ден өтіп, автомектеп ашылғанда мүм­кіндігі шектеулі жандар қан­дай қуанды десеңші! Бұл жерде негі­зінен тірек-қимыл аппараты зақым­данғандар оқиды. Төрт адам курсты аяқтап, тиісті құжаттарын алды. Солардың бірі – Екатерина Залец­кая. О­л қазір автокөлікті еркін жүргізеді.

Жақында Нұр-Сұлтан қала­сында «Қазақстанның үздік әлеу­мет­тік жобалары» респуб­лика­лық байқауының қоры­тын­ды­сы шы­ғарылды. Марапаттау рәсімі Тәуел­сіздік сарайында Премьер-Минис­трдің орынбасары Бердібек Сапарбаев­тың қатысуымен өтіп, үздік жоба­лар бес бағыт бо­йынша бағаланды. Байқауға 224 өтінім түсуі маңыздылығының жоғары дәрежеде болғанын айғақтаса керек. Олардан 57 жоба іріктеліп алынып, жүзден озған жүйріктерге құрмет көрсетілді. Үшінші жүлделі орынды Мағжан елінен келген Сәлімхан Сәбитов иеленіп, жарты миллион теңгенің сертификаты тапсырылды. Ко­мис­­­сия мүшелері ол ұсынған «Тең жол» жобасы қолмен бас­қа­рылатын көлікте автомобиль курс­тарын ұйымдастыру және жүр­гізуші куәлігін беру арқы­лы тірек-қимыл аппараты бұзыл­ған жандарды оқытудың ұтым­ды формасы екенін атап өтті. Мүге­дектерді оңалту жүйесіне ене­тін жаңашылдыққа балады.

– Енді жобаны республи­ка көле­­мінде жүзеге асыруға мүм­кін­дік туып отыр. Қызы­ғу­шылар көп. Оларға франшиза ретінде сатпаймын, сыйға бере­мін. Келесі жылы Қостанай мен Жаңаөзен қала­ларында ұйым­дас­тыр­мақпыз, – дейді жас кәсіпкер.

Сәлімхан – сегіз қырлы, бір сыр­­лы азамат. Қаламы жүйрік жур­­налист. Әңгіме, өлең жазады. Саламатты өмір салтын серік еткен, спортпен шұғылданады. Тоғыз­құмалақтан жергілікті жур­на­лис­тер спартакиадасының бір­неше дүркін жеңімпазы. Мүм­кіндігі шектеулі жандар ара­сында ұйымдастырылған ел бі­рін­ші­лігін­де диск, ядро лақтырудан жүл­де­гер­лер қатарынан көрініп жүр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы