Руханият • 20 Қараша, 2019

Атбасар

1522 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Азуын айға білеген ағайынды Арлан мен Шамай батырлардың айбыны асып тұрған кез еді деседі. Атбасар төңірегін жайлаған қос батырдың ет жақын туысы Байқадам дейтін азамат қоғадай қалың қозған руының бұлықси бой жетіп отырған бір қызын алып қашады. Арада құдалық туралы әңгіме болмаса керек. Тіпті бойжеткенмен уәде де байласпаған. Бұл әрекетті қыз жағы басыну, тізе батыру деп ұқса керек.

Атбасар

Байқадамның ойы қалай болғанын кім білсін, әйтеуір, түксиген қабақтан, түнерген қайын жұрттан айылын жинай қоймайды. Бір жағы ақырып сөйлейтін Арлан мен Шамайға арқа сүйесе керек қой. Намыс қысқан қыз жағы күйеу балаға қап бәлем деп есе қайырар сәтті сабырсыздана күтіп жүрсе керек.

Қыз алып қашу оқиғасынан кейін жарты жыл өтеді. Өкпе тарап, ел сабасына түсті-ау деген кезде Байқадам келіншегін төркіндетіп қайт­пақшы болады. Төркін жұртының қаһар­ға мініп отырғанын іші сезген Асылтас күйеуіне:

– Осы жолы сапарға шықпай-ақ қояйықшы. Бірдеңеге ұрынып қалып жүрерміз, – деп сақтық ойлайды.

Байқадамның арқа сүйегені ағайын­ды батырлар болғанымен, қыз жағы да о­ңай-оспақ адамдар емес. Олар да өркөкі­рек, намысын ешкімге жібермейтін азаматтар болса керек. Бірақ ол заман­да әйелдің тілін кім алған. Өзі Байқадам болса, өзі батыр шора жан болса, тірегі мық­ты, тілегі де мол уақытта әдейі қам­данып, ел-жұртты құлақтандырып қой­ған сапарынан іркілейін деп тұр ма?!

Ат шапан айыбын алып, жолға түседі. Бұл сапар Байқадам­ның соңғы сапары екен. Әуел бас­та құшақ жайып қарсы ал­ған сыңайлы. Іштегі ойды аңғарт­паған. Қуанған кейіпте. Жар­қыра­тып ту бие соя­ды. Әне-міне дегенше табақ-табақ ет келеді. Бой-бой мүшелер, жеңді білектей қос қазы. Әңгіме жарасқандай. Аузы асқа тиіп, бойдағы күдігі тарап, қамсыз отырған Байқадамның ту сыртынан қыз ағасы қабырғаны бойлата сапы салады.

Сөйтіп жаңа ғана төрт құбы­ласы тең болып отырған Байқадам қаны сор­ғалап киіз үйден әрең шықса керек. Қайыра жабылуға қанша қаһарлы болса да қайын жұрты батпаған. Белдеуде тұрған ақбоздың жалына қолы жетті дейді. Жылқы жарықтық жершіл емес пе, иесінің күйін сезді ме, сез­беді ме, ол жағын кім біл­сін, әй­теуір, табан жолынан ауытқы­май ел шетіне іліктірген. Ақбоз ат­­тың сауы­рын қанға бояп жалғыз кел­ген Байқадамды тәмам ел қор­шап алған. Жағдайын айтуға қуат жоқ. Өкініш өзегін өртеп бара­ды. Әйелінің айтқанын бекер тың­да­маған екен. Тыңдаса мұн­дай көл­денең кеселге ұрынбас еді ғой. Ең­сесін сәл-пәл көтеріп таралғыны үзіп жіберердей шіреніп тұрып әуелі оң бар­мағын қыршып алған. Буынынан үзіліп түскен бармақты іліп алып лақ­тыр­ды дейді. Онда да өкініш бойдан тарамаған. Соңғы жан-дәрменмен сол қолдың бас бармағын шайнап үзген.

Міне, Байқадамның осы опық жеп, опат болған оқиғасынан кейін бұл жер Қосбармақ деп аталады. Шоқ жұлдыздай шағын ғана ауыл да осы тарихи оқиғаға байланысты Қосбармақ атауын иеленген.

Атбасардан оңтүстікке қарай жүр­сеңіз, шамамен 110 шақырым жерде Сочинский елді мекені кез­деседі. Бұл жерде оймақ­тай көл­дер көп. Шұңқыркөл, Шор­тан­бай, Жіңішке ат, атақ­тысы – Әупіл­дек. Ел аузын­да Алаштың ақиық ақыны – Сәкен Сейфуллин зәуі бір се­беп­пен Тоқтауыл еліне жолы түсіпті деседі. Халық қол қусырып қарсы алған. Ат тұя­ғы же­тетін жердің әнші-жыршысы тегіс жиналған.

– Сол әдемі отырыста Дәмеш есімді әнші қыз «Әупілдекті» әлденеше рет шыр­қайды. Ән Сәкенге ұнап қалады. Дәмешті жанына шақырып алып, тағы да көп ән айтқызады. Кейін халық әніне айналып кеткен «Әупілдек» әуел баста  Дәмештің әні деген дерек бар. Алтай руының Дайрабай деген байының әлпештеп бағып отырған қызы, осы Дәмеш Тоқ­тауыл жұртына ұзатылған екен. Көңілі қаламаса да. Қыз лебізі зар болып төгіледі.

Еріксіз Әупілдекті мекен еттім,

Мінекей он алтыға жаңа жеттім.

Айырған қос ғашықты еңіретіп,

Ісіне шара бар ма құдіреттің, – демей ме. Ән мәтінінен қайран да қайран көңілдің қайғысы мен мұңы, айықпас зары сезіледі. Мұндай сөзді шын сүй­гендер ғана айта алса керек, – дейді Атбасар тарихи-өлкетану музейінің қыз­меткері Темірбек Қасымжанов.

Кейін махаббат мұңы мең­деген келіншек құсадан қай­тыпты. Артында қалған белгісі осы ән.

Атбасардан Қимаға көктей өтетін күре жолдың бойында қозыкөш жерден көзіңе шалынатын жолбарыс жонды Киікбай адыры бар. Есте жоқ ескі кезеңнен жоғалмай жеткен әр қилы аңызда Киікбай батыр шамамен 1693 жылы туып, 1741 жылы өмірден өткен делінеді. Құба қалмақпен қидаласқан заманда ел қорғаны болған жан екен. Бір жойқын соғыста он сан ойрат басым түседі. Қазақтар жағы батысқа ығыса­ды. Міне, осы кезде жолбарыс жүректі Киікбай батыр тарыдай шашылған ағайынның басын қосып, қарақұрым қол жасақтап, ойратқа оңдырмай соққы берсе керек. Соңғы соғысы да сол екен. Қапыда мерт болыпты. Батырдың сүйегі Атбасар қаласынан он бес шақырымдай жерде адыр үстінде жатыр. Тіршілігінде ел мен жер үшін жан алып, жан беріскен қияпат шайқастарда қол бастап, әрдайым биіктен табылған батыр бұл күнде де өзінің биігінде.

Жалпақ даладағы адыр жел мен бораннан қорған. Төбе үстінде тәмам елге көз салған батыр бейнесі әлі де табиғаттың тосын мінезінен қорғап жатқандай.

– Бір қызығы бұл жерде екі Киікбай жатыр, – дейді Темірбек Қасымжанов, – бір кезде атбасарлық жанашыр ағайын дерегін дәл баспай, басқа біреудің қабіріне бейіт тұрғызыпты.

Айтса айтқандай екен, ниет оң бол­ғаны­мен, қолдағы дерек қасаң.  Ел тари­хын жадына жаттаған жанның үзіл­ген шағы. Дәл қазір өлке тарихын білетін адам жоқтың қасы. Қалай болған­да да Атбасар төңірегіндегі ағайын батыр­дың бейітін іздеген. Өздерінше құрмет көр­сетпекші болған. Иманды, оң шаруа. Ол үшін ешкімді кінә­лай алмасақ керек. Бар істен халықтың батырлықты, ерлік­ті бағалайтындығы көрініп-ақ тұр. Ал қателесу қиын емес. Адырлы, биік жердің көбінде белгісіз мола көп. Бір кезде болған-ақ шығар. Бірақ уақыт өшірген. Ендігісі көңілдің нобайы, соқыр сенімнің сілтеуі. Алғашқы белгі таста былай деп жазылған: «Бұл жерде XVIII ғасырда жоңғар шап­қыншылығынан елі мен жерін қорғаған Киікбай батырдың мүрдесі жерленген. Белгі қоюшы атбасарлық азаматтар. 1995 ж». Алғашқы ауытқу аз болғандай атажұртқа қоныс аударған ағайындар да «Байқараұлы Киікбай. Руы Керей. 1690-1741жж. Асаубай немерелері» деп тастан белгі қойыпты. Ал келесі қыраттың басында тағы бір көне моланың қалдығы көзге шалынады. Бұл жерде де ескерткіш бар. Онда «Киікбай батыр Байдәулет баласы. Руы Жырық. Белгі қоюшы Мұхамбед баласы, Әбдіхалық балалары. 2009 ж.» деп жазылған.  Соңғысының нобайы дұрыс тәрізді. 1978 жылы В.Иванов дейтін фотосуретші осы кесенені суретке түсірген екен. Жергілікті өлкетанушы Клара Әмірқызы «Қиылған ғұмыр» жина­ғында адыр үстіндегі жалғыз зират­тың жайын сипаттай келе, оның қалай салын­ғандығына, құрылысқа қандай заттар пайдаланғанына назар аударады. Кесененің Қазақстанның басқа жер­лерінде жиі кездесетін күмбезді тамдарға ұқса­майтындығын айтады.

Қалай болған күнде де ел қамын жеген көзсіз ер, басқын­шы жауға қарсы елді біріктіріп қол бастаған Киікбай батырдың ғұмыр сүргені анық. Жай ғана ғұмыр емес, ерлікке толы, өнегелі ғұмыр. Осы адыр­­дың үстінде жер бесіктің құндағына бө­лен­­ген. Топырақ өзі қорғаған өлкеден бұ­йыр­ған. Тағдырдың маңдайына жазуы да.

 

Ақмола облысы,

Атбасар ауданы