Технология • 20 Қараша, 2019

Ғылым мен бизнесті ұштастырған жиын

521 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында «Инновацияларды ынталандыру: ғылым мен бизнестің ұштасуы» атты конференция өтті. Ғылыми жетістіктерді коммерцияландырудың табысты тәжірибелерін таныстыратын шараға «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы аясында Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банк бірлесіп мұрындық болды.

Ғылым мен бизнесті ұштастырған жиын

Конференцияда Қазақстан экономикасының үдемелі да­муын жүзеге асыру үшін бизнес­пен жемісті ынтымақтастықтың нә­ти­же­лері таныстырылды. Олар­­­­дың қатарында «Bio Clean» ком­­па­ниясының коммерция­ландыру жөніндегі маманы және «KazEcoSolutions» ЖШС бас директоры Олжас Дүйсенов ұсын­ған мұнай ластаған топы­рақ пен суды тазартатын Myco-Oil инновациялық биопрепараты жобасы бар.

– Қазақстанда мұнай 100 жылдан астам уақыттан бері өндіріліп келе жатқандықтан, ел аумағындағы мұнаймен және мұнай өндірісі қалдықтарынан ластанған жер көп. Біздің мін­детіміз – ластанған жер көлемін барынша ұқыпты әрі тиімді тәсілмен азайту. Биологиялық тазартудан кейін немесе «биоремедиациядан» кейін лас­танған топы­рақ агробиоценоздар жүйе­сіне қайтарылады, – дейді О.Дүйсенов.

Биопрепарат негізіндегі тех­нологияға алғаш болып «Ембі­мұнайгаз» АҚ компания­сы тапсырыс берген. Сөйтіп қысқа мер­зім ішінде 20 мың тонна мұнай қалдықтары мен 4,2 га жер тазартылды. Ал өткен жы­лы Нұр-Сұлтан қаласында «Нұрлы жол» вокзалы ауда­нындағы апат салдарынан авиакеросин төгілген 50 мың текше метр топырақты тазалау жұмысы табысты жүргізілді. Қазір «Ембімұнайгаз» АҚ-тың Балғымбаев атындағы кен орны мен  Забурунье кенішінің аумағы тазартылып жатыр.

«BioMix» компаниясы бел­сенді микроорганизмдер не­гі­зінде органикалық көл­дер­­ді биологиялық тазарту мақ­са­тында алғашқы отандық «BioMix7BLB» биопрепаратын жұрт назарына ұсынды. «Water Energy» компаниясы гидростанса мен жылу генераторына арналған жаңа технологияларын таныстырды. «EcoSave» компаниясының өкілдері агро­өнімдерді қорғау технология­сын отандық агроөнімдерді ауру­лардан сақтайтын, көкө­ніс қоймаларында ұзақ сақ­тау кезінде зиянкестерден қорғай­тын экологиялық қауіпсіз биопрепараттары туралы баяндады.

Конференцияға Білім жә­не­ ғылым министрлігінің, Цифр­­­лық даму, инновация жә­не аэро­ғ­арыш өнеркәсібі ми­­­нистр­­лігінің өкілдері, Пар­ла­мент Мәжілісінің депутат­тары, Қазақстандағы Дүние­жүзілік банктің өкілдері, Ғы­лымды коммерцияландыру жөніндегі халықаралық кеңес және квазимемлекеттік сектор өкілдері қатысқанын айта кетейік. Жиында ғылым мен бизнестің тығыз серіктестігінің өзек­ті мәселелері, сондай-ақ қазақстандық ғылыми жетіс­тіктерді дамытудың маңызды факторларының бірі ретінде инновацияларды ынталандыруды қолдау мәселелері талқыланды.