Байқау Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, "Оңтүстік Қазақстан" газетінің ұйымдастыруымен үшінші рет өтіп отыр. Ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов бұл іс-шараның руханият үшін аса маңызды жоба екендігін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Алдыңғы жылдары оқушылар «Қамбар батыр», «Алпамыс батыр» жырларын жатқа айтудан сынға түссе, биылғы байқау «Қобыланды батыр» жырына арналды. Байқаудың алғашқы кезеңінде батырлар жырын жатқа айтудан сүрінбей өткен үміткерлер екінші кезеңде әдебиет, руханият тақырыбы бойынша сұрақтарға жауап беріп, бақ сынады. Екі кезеңде де ең жоғары ұпай жинаған таланттар шешуші сында «Қобыланды батыр» жырындағы көнерген сөздердің мағынасын ашу бойынша қазылардың сұрақтарына жауап берді. Сөйтіп, бармақтай бақ пен таудай талап бәсекеге түскен байқауда шын жүйріктер төрге шықты.
Түркістан облысының 16 аудан, қаласынан іріктелген 47 жырсүйер бала «Қобыланды батыр» жырын бастан-аяқ, толық жатқа айтудан сайысқа түскен байқауда Созақ ауданының тумасы Өсер Тұран бірінші орынға ие болды. Жеңімпазға 1 млн теңге және оны дайындаған ұстазы Асылзат Әметоваға 2 млн теңге қаржылай сыйлық сертификатын облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов пен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан табыс етті. Екінші орынды иеленген Созақ ауданының үміткері Рәбия Шалтайға 600 мың теңге, ұстазы Жазира Сәнкібаеваға 1 млн 200 мың теңге берілді. Жүлделі үшінші орын иегері Төлеби ауданынан қатысқан Нұрсұлтан Тұрмаханға 300 мың теңге, ұстазы Ләззат Сәндібаеваға 600 мың теңге ақшалай сыйақы табысталды.
Айта кетелік, бұл байқау ең алғаш рет 2017 жылы ұйымдастырылып, содан бері республика көлемінде кеңінен қолдау тауып, өңірлерде өткізіліп келеді.
Түркістан облысы