«Еліміздің жетекші басылымы, қазақ баспасөзінің қара шаңырағы - «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойы құтты болсын! Бір ғасыр бұрын «Ұшқын» деген атпен шыға бастап, уақыт өте ұлттық басылымға айналған Тәуелсіз Қазақстанның аға газеті өз парақтарында тарих тағылымын дәуір үнімен, уақыт сынымен бейнелеп, кешегі мен бүгіннің арасын жалғап келеді. Жаңалықты жұртшылыққа жедел әрі шынайы түрде жеткізіп, егемен еліміздің мемлекеттік саясатын қалың оқырман арасында байыпты насихаттап, ел шежіресін қағазға хаттаған байырғы басылымның беделі әрдайым биік», деп атап өтеді Тұңғыш Президент.
Елбасы құттықтау хатында ұлт мүддесі жолында еңбек еткен талай тұғырлы тұлғалар басшылық жасап, алыптар негізін салған дәстүрді абыроймен жалғастырған «Egemen Qazaqstan» қазіргі заман талабына сай жаңғырып, ғасырлық туын жаңа жетістіктермен, толайым табыстармен қарсы алып отырғандығына баса назар аударады.
«Жетекші баспасөз құралында еңбек етіп жүрген қалам иелері жоғары кәсіби деңгейімен табылып, басылым алдағы уақытта да халқымыздың мұрат-мақсаты мен қоғам дамуына лайықты үлесін қоса береді деп сенемін»,- деген Нұрсұлтан Назарбаев басылым ұжымына зор денсаулық, шығармашылық табыстар тіледі.