Руханият • 22 Қараша, 2019

Сапардағы сыр

363 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жолаушы болып жолға шыққан адам ең бірінші барар бағытына жылдам әрі жайлы жетуді көздейді. Көлікке көнбей, жүрдек пойызға мінбей, ұшақты ұнататын жандар да жетерлік. Қалай болғанда да, әркім өзінің қалаған тұлпарын тізгіндейді. Сапар – сан түрлі тағдырларды түйістіретін айрықша алаң десек артық айтқандық болмас, сірә. Еркін жүріп, ел аралау барысында екі сағат сапардың өзінде де етене жақын болып кететін жандар кездеседі. Сырласасыз. Мұңдасасыз. Күлесіз. Жылайсыз. Соңында қимай-қимай қоштасасыз.

Сапардағы сыр

 

Қараша жұртпен қатарласып қарашаның басында Арқадан Алатауға ат басын бұрдық. Ни­ет – тума-туыс ағайынның қы­зық-қуанышына ортақтасу. Бірлі­гімізді танытып, бір болу. Елор­далықтар «ескі вокзал» деп атап кеткен «Астана-1» темір жол вокзалынан жүрдек пойыз бір ысқырып алды да қозғалып кетті. Еңбектеген бала, еңкейген қарт, еркелеген бойжеткен, ентелеген бозбала бәрі-бәрі бір вагонға жайғасқан. Әртүрлі әңгіме, сан түрлі көңіл-күй. Қа­сы­мызға жайғасқан Серік есімді сапарлас ағамыз осыдан жетпіс жыл бұрын көз жазып қалған үлкен әжесінің ұл-қыздары, яғни жиеншарларымен қауышуға бара жатыр екен.

«Бұл бір қиын да, қызық оқиға болды. Нарынқол жақтағы Шонжы ауданында Тайтараз де­ген би болған деседі. Сол Тай­тараздың Тәшеке деген баласы болған екен. Тайтараз би ұлы Тәшекені ертіп шамамен 1912-1913 жылдары Қытайға өткен екен. Тәшеке ер жетіп, ес білген шағында әкем Әнбияның туған қарындасы Меруертхан апамызбен бас құраған деседі. Бұл мөлшермен 1955 жыл болуы керек. Ал 1962 жылдары олар Қазақстанға қоныс аударып, Кеген ауданына келіп тоқтайды. Кейін Тәшеке атамыз да, Меруертхан апамыз да өмірден өтіп, олардың жолын ұрпағы жалғастырады. Әкем Қытайда қалып, қарындасы Қазақстанға жол алған сәттен бас­тап екі арадағы қарым-қатынас саябырлап, соңында бір-бірін таппай хат-хабарсыз қалады. Біз есейе келе әкеміз осы бір оқи­ғаны күн сайын құлағымызға құйып: «Қазақстанда жиендерің бар, қайтсеңдер де сол кісілерді тауып, туыстықтың алтын жібін қайта жалғаңдар» деген болатын. Сол аманатты орындау – пер­зенттік парызым», дейді ағамыз.

Иә, естімеген елде көп. Екі арасын шекара бөлген нағашы-жиендердің әсерлі әңгімесін бір күліп, бір күрсініп тыңдадық. Бір-бірін жанұшыра іздеген жақындардың хикметті хикаясы бір құрсақта туып, бір қалада тұрып жатса да бірін-бірі сирек көретін ұяты жоқ ұяластарға сабақ болса дейміз. Маңдайға жазылған тағдырдың машақаты мен марапаты қатар жүретіні бесенеден белгілі. Қуанасың қуарасың. Қауышасың, қошта­сасың. Есіне ескі күндер түсіп кетті ме, әйтеуір Серік ағамыз терезеге ұзақ қарап, ойға шомып отырды да әңгімесін әрі қарай жалғады.

«Біз көз жазып қалған Ме­руертхан апамыздың Адасқан деген қызы бар екен. Қазіргі уақытта Кеген ауданында тұра­тын көрінеді. Сол кісінің есімін естігенде бір түрлі күй кештім. Бір жағы үлкен апамыз туыс­тарынан адасып қалғандықтан қойылған болуы керек деп топшыладым. Неде болса барлығын барған соң көреміз», деді сапарласымыз.

Серік ағамыздың терең тебіреніске толы оқиғасынан кейінгі қалғып кеткен қиялы­мызды «шемішке», «минералка» деп айқайлай кірген апайдың ащы дауысы оятып жіберді. Сан түрлі бағытқа сапар шегу барысында түрлі адамдарды кездестіріп жатамыз. Олардың мінезі де сан алуан, болмыс-бітімі де бөлек. Біреуі әңгімешіл болса, енді бірі жанындағысын жақтырмай, екі ауыз сөз айтуға да ерініп тұратындар болады. Өзіміздің де кемшілігіміз кеңірдектен келетін пенде бол­ғасын, біреудің жаратылысы жайлы жақ ашу да артықтау болар, сірә. Сол себепті адам баласын алалаудан аулақпыз.

Қосылуға асыққан қос тағ­дыр иелерінің өткен өмірін емес, алдағы ғұмырын көз алдыма елестетіп орныма жайғастым. Құдды бір ертегідей елестеген екі туыстың арасындағы байыр­ғы байланыс пен ендігі жақындықтың жолы қалай жал­ғанбақ деген сұрақтың жауа­бын іздеумен болдым. Сол сәтте ойыма Алла Расулі Мұхаммедтің (с.а.с.) ағайын-туыс­­қа қарайласу мен зиярат ету­дің абзал екенін аңғартатын, «Кім ризық-несібесінің көбеюін және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қа­рым-қатынасын күшейтіп, оған қа­райлассын» деген сөзі оралды.

Вагонына түрлі тағдырды тиеп алған жүрдек пойыз жүрек соғысындай үнімен үздіксіз ыз­ғытып барады. Пойыздың қай те­резесінен қарасаңыз да да­лиған дархан даламызды көресіз. Көкжиегіне көз жетпейтін ұлан­ғайыр атырап батырлардың қанымен, бабалардың жанымен келгенін ұғынып, бір қуанып, бір күрсініп іштей шүкір етесің. Қуанышың – осындай кең байтақ жеріңнің бары. Ал күрсінісің - байтақ жерің бар болса да, тар қалада таласып өмірдің өтіп жат­қаны шығар, сірә...

Бір оянсам, біз мінген по­йыз Балқаш көлін бауырлап барады екен. Көрші орынға жай­ғасқан көкемнің қасында жасы қырықтарға жақындаған бір келіншек Бішкектен әкелген тауарын жарнамалап жатыр.

«Бүгінгі заманда ерігіп жүр­ген ешкім жоқ. Әркім несібе-нәпақа табу үшін түрлі тіршілік жасап, әлі келгенше әрекет етуде. Менің де отбасым бар. Үй­де бос жатқанша жолдасыма кө­мек болсын деп аз-маз ақша тауып, бір жыртығымызды жамауға жәрдемдесемін. «Қо­лы қимылдағанның, аузы қи­мылдайды» деп қазақ бекер айтпаған ғой», дейді саудагер апамыз. Біреулер оның сатып жүрген затын көріп, бағасын сұрап саудаласып жатса, енді біреулері «осылар да жүре береді екен», «тыныш қана үйінде отырмай ма» деген сыңаймен жақтырмай қарап отырғанын жанары жасырмады. Сауда әйел адамның айналысатын саласы болып сезілгенімен, сүт пісірім уақыттың ішінде қолдарына түрлі бұйымдар, кітаптар, ән ойнатқыштар мен ұялы телефонды қуаттайтын құрылғылар құшақтап сауда қылып жүрген қазақ жігіттерінің де қарасы қалың екенін байқадық. Осы пойыздарда сатып жүретін діни кітаптарды парақтау барысында сол кітаптың не баспа­сы, не авторы белгісіз еке­нін аң­ғару қиын емес. Сатып жүрген адамы да тауа­ры сияқ­ты мылқау. Сөйлемейді. Есті­мей­ді. Көптен көкейімде жүрген мәселе болғандықтан осы мақа­ланы дайындау барысында Қа­зақстан мұсылмандары діни бас­қармасының Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Хасан Аман­құловқа аталған кітаптардың ішінде діни бас­қарма бекітпеген, яғни баспасы да, авторы да белгісіз кі­таптар кездесетінін жеткіздік. Бұған ҚМДБ не дейді? Сондай саудагерлерге қандай да бір шара қолданыла ма?» деген сауал қойдым. Ол кісі: «Бізге өтінішпен келген адамдардың кітаптарын сараптамадан өткі­зіп береміз. Сараптамадан өтпеген кітаптарды сатқызу, сат­қызбау біздің құзыретімізге жат­пайды. Онымен дін істері бас­қармалары айналысады», деп қысқа қайырды.

Соқпағын Солтүстіктен бас­таған темір тұлпарымыз Орталыққа аялдап, Оңтүстікке аяңдайтын сәт те жақындады. Тәулік ішінде тәуір танысқа айналып үлгерген адамдар бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, шырайлы жүзбен шынайы қоштасты. Біз көрген-білгендерімізді көңіл таразысына салып, түйгенімізді сіздермен бөлісуге асықтық.