Аймақтар • 22 Қараша, 2019

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл орталығы ашылды

304 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысына кеше жұмыс сапарымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев келді. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен бірге ол Петропавлдағы «Аntikor ortalygy» сервис орталығының ашылу салтанатына қатысты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл орталығы ашылды

Орталықты ашу салтанатында Агенттіктің аумақтық департаментінің басшысы Ернар Баянғазин сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ведомствосы осы орталықтың арқасында ұйым өз істеріндегі ашықтық пен мөлдірлікке қарай тағы бір қадам жасады деп атап өтті.

Бұл орталық өзіне қайырылған азаматтарға ешқандай кедергісіз, барынша жоғары дәрежедегі қызметтер көрсетуді мақсат еткен. Ол тұрғындарға қызмет көрсетуде мөлдірлікті барынша қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алады деп күтілуде. 2018 жылдың желтоқсан айында Елбасы Н.Назарбаев «Қызылжар – адалдық алаңы» деген атпен жобалық офис ашқан болатын. Ал Президент Қ.Тоқаев өзінің үстіміздегі жылғы Жолдауында халықтың барлық конструктивті сұраныстарына «Құлақ асатын мемлекет» тұжырымын іске асыру міндетін алға қойды. Аталмыш орталықтың ашылуы осы жобаларды іс жүзіне асыру аясында жасалып жатқан ірі шараның бірі.

Орталық ғимараттың екі қабатына орналасып, «Open space» форматы бойынша жұмыс істейді. Мұнда азаматтар үшін электронды кезек қарастырылған. Адамдар заңгерлік кеңестер алуға, басшылардың қабылдауына жазылуға осында кезекке тұрады. Ал кәсіпкерлер үшін «Protecting business and investments» жобасы бойынша фронт кеңсе ашылғанын да Ернар Баянғазин тегіс баяндап берді. Сонымен қатар қоғаммен қатынасты жақсарту үшін баспасөз орталығы да ұйымдастырылған екен.

Осы жерде А.Шпекбаев солтүстіктің қоғам өкілдерімен де кездесті. Соның бірі, жұмыс штабының мүшесі Ж.Тәжин орталықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ақпараттық насихаттық жұмыстарды қалай атқаратыны туралы айтты. «Бұл штабтың жұмысына Ардагерлер ұйымының белсенділерін тарту жұмыстың тиімділігін арттыратынына сенімдіміз», деді ол. 

Кездесу соңында А.Шпекбаев қоғам өкілдеріне, ардагерлер ұйымының белсенділеріне штабтың жұмысына белсенді қатысқандары үшін алғысын айтты. «Сыбайлас жемқорлықты бәріміз оған қарсы біріккен күрес жүргізгенде ғана жеңе аламыз. Ал Қазақстанда бірінші рет ашылып отырған мына орталық еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясын іске асырудың жаңа, сапалы кезеңі деп санаймын», деді ол.

Бұдан бұрын А.Шпекбаев Аққайың ауданындағы «Ашық әкімдіктің» тұсаукесер рәсіміне қатысқан. Сонымен бірге ол қоғам өкілдерін қабылдады және аумақтық департаменттің қызметкерлерімен кездесті. Сондай-ақ М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде және «Киров атындағы» зауытта халықпен кездесті. Университетте «Әдептілік мектебі» ашылды. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыстың жаңа формациясының өкілдері дайындалатын болады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы