Видео • 22 Қараша, 2019

«Егемен Қазақстан» газетінің 21 қарашадағы санына шолу (видео)

682 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Байтақ даламызға байрақ болған бас басылым «Егемен Қазақстанның» 21 қарашадағы саны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірнеше нысанды аралаған ақпаратымен басталды. Газеттің кезекті номері басылымның жүз жылдығына арналған мерекелік сан болғандықтан, саяси салмағы бар ағымдағы ақпараттардан бөлек басылым тарихына байланысты жан-жақты зерттеу мақалалар да жарық көрді.

«Егемен Қазақстан» газетінің 21 қарашадағы санына шолу (видео)

Дәлірек айтсақ, «Қазақ атауын қайтарып, егемендікті сүйіншілеген...», «Үлкен жолдың үзіктері», «Тархан текті редактор», «Егемен» естен шықпайды», «Жақсы дәстүр жалғаса береді», «Ұшқыр ойлар ұшқындары», «Жазықсыз жазаланған журналистер» мақалаларымен бірге газет ардагері, ақын Қорғанбек Аманжолдың «Жүз жыл» поэма-толғанысы жарық көрді.

«Сирек суреттер сөйлейді» атауымен берілген он үшінші бетте газеттің әр кезеңдегі тарихы таңбаланған. Амангелді Қияс «Таралым һәм қаралым» мақаласында газеттің әр он жылдықтағы таралым көрсеткішін таразылайды.  

Газеттің соңғы бетінде журналист Бекен Қайратұлы «Еңбекші қазақ» газетінің 1927 жылғы 27 қараша күнгі №272 санында жарияланған «Бір суреттің сырына» үңілсе, ғалым-жазушы Қойшығара Салғараұлы басылым жайлы естелігімен бөлісіп, «Егемен Қазақстан» азаматтық ұстанымымды қалыптастырды дейді.

 

Туын тігіп, Астана – жер ортаға,

Əз шаңырақ!

Хош келдің Сарыарқаға!

Ару қалам – аяулы Алматымның

Ала келгін рухын жаңа ортаға, - деген белгілі қаламгер, «Егеменде» еңбек еткен Ербол Шаймерденұлының да «Егемен Қазақстан» Астанаға көшіп келгенде» өлеңі соңғы беттің салмағын арттырды.

Мерекелік санға жасаған шолуымыз да межесіне жетті. Тағылымды басылымның тамыр-тарихына терең бойлағыңыз келсе, газеттің 21 қарашадағы санын немесе egemen.kz сайтын оқи жүріңіздер.