Мемлекет басшысы өз сөзінде Швейцария Президентінің екі ел арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалап, Ули Маурермен жүргізген келіссөздер өзара сенім әрі түсіністік рухында өткенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцарияны Қазақстанның саяси тұрғыдан Еуропадағы маңызды серіктесі ретінде қарастыратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, екі елдің өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі, соның ішінде Сириядағы қақтығысты реттеу мәселесіндегі ұстанымдары ортақ.
– Қазақстан Сирия ісі бойынша Астана процесін өткізуге арналған алаң ұсынады және ол Женева процесін толықтырады, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Швейцария арасындағы әріптестікте экономика саласы негізгі рөл атқаратынын атап өтті.
– Бүгінде Швейцария Конфедерациясы біздің экономикамызға қаржы құю мөлшері бойынша үшінші инвестор саналады және Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің алғашқы ондығына кіреді. Соңғы 15 жылда швейцариялық инвестиция көлемі 24 миллиард доллардан асты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, өзара тауар айналымы 3 миллиард доллардан асты, – деді Мемлекет басшысы.
Президент келіссөздер барысында тараптардың шикізаттық емес тауарлардың компонентін және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін тауар айналымының құрылымын әртараптандыру жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажеттігіне назар аударғанын атап өтті.
– Бізге жаңа жоғары технологиялық «зәкірлі жобалар» қажет. Атап айтқанда, Қазақстанда инновациялық өндірістер құруға, жоғары технологиялар, энергетика, ауыл шаруашылығы, медицина және фармацевтика саласындағы жобаларды іске асыруға үлкен сұраныс бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы машина жасау, химия, тамақ өнеркәсібі, көлік және логистика, туризм және қоршаған ортаны қорғау саласындағы бірқатар бірлескен жобалардың келешегі мол екенін атап өтті.
Бұдан бөлек Швейцарияның әлемдегі маңызды қаржы орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін ескере отырып, екі елдің көшбасшылары «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Швейцарияның қаржы секторы арасындағы өзара іс-қимылдар перспективасының бар екеніне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев іргелес нарықтарға өнім экспорттау үшін Қазақстанда бірлескен өндірістер ашуға қатысты жобалар бойынша қызығушылық білдірген швейцариялық инвесторларға жан-жақты көмек көрсетуге әзір екенін айтты. Сондай-ақ Швейцария Президенті Нұр-Сұлтанға бизнес-делегация өкілдігімен бірге келгенін және оның көптеген бағыттар бойынша кооперациялардың перспективаларын егжей-тегжейлі талқылауға жақсы мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Біз швейцариялық компаниялардың маңызды ұсыныстарын мұқият тыңдадық. Бұл ұсыныстар бойынша қазақстандық әріптестеріңіз жан-жақты талдау жасайды, – деді Қазақстан Президенті.
Швейцария Президенті екі ел арасындағы қатынастардың, оның ішінде саяси және сауда-экономикалық бағыттары қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді.
Ули Маурер Қазақстанның маңызды геостратегиялық орналасу жағдайына назар аударып, «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жүзеге асыруда еліміздің рөліне тоқталды. Оның пікірінше, Қазақстан алдағы уақытта Азия мен Еуропаны жалғастырып тұратын көпір болып қала бермек.
Швейцария Президенті экономика саласынан бөлек, технология, қызмет көрсету, мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтарды нығайтуды ұсынды.
– Біз Нұр-Сұлтан мен Цюрих арасында тікелей әуе қатынасын ашуымыз керек. Бұл екі ел халқының бірін-бірі танып, жақындай түсуіне жол ашады. Біздің ынтымақтастығымыздың негізгі мәні де осы, – деді Ули Маурер.