Мемлекет басшысына оқу-жаттығулардың негізгі міндеттері мен кезеңдері туралы мәлімет берілді. Аталған оқу-жаттығулары қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының қорғаныс жүйесі мен әскери қауіпсіздігін сақтау мақсатында ведомствоаралық іс-қимылдарды нығайтуға бағытталған.
Оқу-жаттығу барысында елімізге төнетін сыртқы қатерлерді болдырмау үшін әскери және әскери емес сипаттағы мемлекеттік шараларды жүзеге асыру мәселелері пысықталды.
Мемлекет басшысы әскери қауіпсіздік саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру, сондай-ақ, қорғаныс жүйесі алдындағы міндеттерді шешу үшін мемлекеттік органдарды дайындау шараларын жолға қою жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Оқу-жаттығу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өздерінің әскери борыштарын атқару кезінде қаза тапқан Қазақстан армиясының сарбаздары мен офицерлерінің рухына тағзым етті.