Аймақтар • 24 Қараша, 2019

Атырауда мұнай саласы мамандарын даярлау орталығына Нұрлан Балғымбаевтың есімі берілді

385 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

23 қарашада Атырауда Нұрлан Балғымбаев атындағы  Даму және коммуникациялар орталығы ашылды. Мұндай орталық ТМД елдерінде тек Ресейдің екі қаласында ғана бар, деп хабарлады Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырауда  мұнай саласы мамандарын даярлау орталығына Нұрлан Балғымбаевтың есімі берілді

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің жанынан ашылған үш қабатты  оқу орталығы  заманауи игіліктермен, ақпараттық ресурстармен жабдықталған және студенттерді мұнай-газ саласындағы тәжірибеден өткізуге бағытталған.

Ашылу салтанатында дәстүрлі қызыл лентаны Нұрлан Балғымбаевтың жұбайы Нағима Балғымбаева, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, KAZENERGY қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин, Энергетика министрлігінің бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов қиды.

-Биыл біз Қазақстан мұнайының 120 жылдығын атап өттік.  Бұл мұнайшылардың   орасан еңбегі.  Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан экономика саласын  жедел дамыта бастады. Осы қиын-қыстау кезеңде азаматтарымыздың бастан өткергендерінің алғашқысы  -   айқын перспективалардың жоқтығы, экономика мен саяси жүйенің күйреуі еді. Елге инвестициялар, жаңа технологиялар тарту қажет болды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ынта-жігерінің арқасында елдің экономикасы әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан экономикалардың бірі мәртебесіне көтерілді, деді Нұрлан Ноғаев. 

-Елбасы ел экономикасына инвестиция сала бастаған ірі компаниялардың кепілі болды.  Мұнай-газ саласындағы елге келген алғашқы компаниялардың бірі - осы күнге дейін әлемдегі ең ірі Теңіз кен орындарының бірін игеріп келе жатқан «Шеврон» компаниясы. Сол  жылдары Елбасының жанында сенімді көмекшілері болды. Соның бірі - Балғымбаев Нұрлан Өтепұлы.  Оның білімі, біліктілігі, іскерлігі инвесторларды  мұнай-газ саласының кемел болашағына сендіре алды.

Мемлекеттік басқару және экономика саласында ірі тұлға ретінде қалыптасқан Нұрлан Балғымбаев  барлық білімі мен тәжірибесін елдің өркендеуіне арнаған.  Еңбек жолын мұнай саласындағы қарапайым жұмысшы ретінде бастап, біліктілігі мен жоғары ұйымдастырушылық қабілеттерін үнемі жетілдірудің арқасында мансабында айтарлықтай биіктерге жетті. Ол Премьер-Министрдің лауазымында да асқан жауапкершілікпен қызмет атқарды.

-Мен Нұрлан Өтепұлының отбасына  оның естеліктерін сақтап, ісін әрі қарай жалғастырып қана қоймай, келешекте мұнай және газ саласында еңбек ететін  жас буын мамандарды қолдайтын жобаларды жүзеге асырып жатқандары үшін алғыс айтқым келеді.  Байланыс орталығы  нағыз кәсіби мамандарды даярлайтын оқыту орталығына айналады деп сенемін.  Атырау облысында мұнай-газ саласындағы ең ірі жобалар жүзеге асырылуда.  Атырау мұнай және газ университетінен білім алып, осы жобаларда еңбектенетін жас кадрлар жоғары бағаланады, деді Н. Ноғаев. 

-Мұндай заманауи технологиямен жабдықталған орталықтың ашылуы университет үшін үлкен көмек. Сонымен қатар бұл университет басшылығы мен оқытушыларға ерекше жауапкершілік жүктейді.

С.Өтебаев атындағы Атырау университетінің директорлар кеңесінің төрағасы, KAZENERGY қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин Нұрлан Балғымбаевтың Қазақстандағы мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесі туралы айтты.

-Ол өмірінде қиын кезеңдерді бастан кешірді. Соған қарамастан өзінің еңбектерімен және білімімен тәуелсіз Қазақстанның  дамуына үлкен үлес қосты.  Оның есімі әрдайым жүрегімізде сақталатын болады.  Бүгінгі іс-шара, Мұнай және газ университетінде коммуникациялық орталықтың ашылуы - соның айқын дәлелі.  Бұл заманауи оқу орталығы қазіргі жас ұрпақтарға қажет кәсіби білім алуға және еліміздің игілігі үшін жұмыс істеуге мүмкіндік береді, деді Ұ.Қарабалин.

Сондай-ақ аталған шарада Энергетика министрлігінің бірінші вице-министрі, «Атамекен» ҰКП мұнай және газ өнеркәсібі комитетінің төрағасы, «ҚазМұнайГаз», ТШО, НКОК өкілдері мен мұнай саласының ардагерлері сөз сөйледі.

Ашылу салтанаты соңында  шақырылған қонақтар ғимаратты  аралап, орталықтың мүмкіндіктерімен жете танысты. Мұнда студенттерге арналған  интерактивті кітапхана және  оқу залы бар.  Орталықтың интерактивті  кітапханасын пайдаланушылар Губкин атындағы  Ресей мұнай және газ университетінің электронды ресурстарына қол жеткізе алады. Сонымен қатар Атырау университетінің студенттері су астындағы құбырларды дәнекерлеу үшін виртуалды режимде тәжірибеден өте алады.  Бұдан бұрын Қашаған жобасында су астындағы құбырларды дәнекерлеуді шетелдік мамандар  жүзеге асырса, ендігіде орталық   аталған мамандықты атыраулық жастарға үйрететін болады.

Жоба авторлары атап өткендей,  мұндай орталықтар ТМД елдерінде тек Губкин атындағы  Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті мен «Иннополис» университетінде орналасқан. Бірақ Атыраудағы орталық  заманауи технологиялармен жабдықталу тұрғысынан әлдеқайда басым түседі.

Соңғы жаңалықтар