Әдеттегідей, жыл басында чемпиондыққа «Астана» мен «Қайраттың» таласарына ешкім күмән келтірген жоқ. Сондай-ақ былтырғы маусымнан кейін құрамын бірқатар мықты футболшылармен толықтырған «Ордабасы» мен «Тобыл» сияқты клубтар да алтын жүлдеден үмітті екенін байқатты. Бірақ маусым соңында біз атаған төрттік жүрістерінен жаңылмай, турнир кестесіндегі алғашқы төрт орынды иеленді.
Тіпті Қостанайдың «Тобыл» клубы екінші айналымда біраз уақыт көш бастап тұрды. Бірақ Еурокубок ойындарындағы сәтсіздіктен кейін бас бапкер Владимир Газзаев отставкаға кетіп, басшылық клуб бюджетін қысқартты. Сондай-ақ команданың бірқатар ойыншылары жарақат алып, жыл соңына дейін клуб әлсірей бастады. Алтын жүлдеден үміттенген «Тобыл» нәтижесінде төртінші орын иеленіп, Еуропа лигасының жолдамасынан тыс қалды. Қостанайлықтар кем дегенде үшінші орынға лайық болатын. Бірақ соңғы алты турда бір рет жеңіске жетіп, екі рет тең ойнады. Қалған үш ойында жеңіліске ұшырап, үшінші орынды «Ордабасы» командасына беріп қойды.
Ал «Ордабасы» жыл басында және соңында тәуір ойын көрсетіп, қола жүлдеге қол жеткізді. Шымкенттіктер маусымның басындағы бес және соңғы бес турдың төртеуінде жеңіске жетіп, бір ойында ғана тең түсті. Керек кезінде қажетті ұпайға қол жеткізген «Ордабасы» келесі жылы да Еурокубок ойындарында бақ сынайтын болды. Ашығын айту керек, биылғы маусымда шымкенттіктерді Жоао Пауло өрге сүйреді. Бразилиялық футболшы командаға келе салып, клубтың көшбасшысы және сұрмергені атанды. Премьер-лигада 31 матч өткізіп, 15 гол соқты. Сондай-ақ 4 рет командаластарына нәтижелі пас шығарған.
Маусым басында «Қайрат» биыл чемпион атанады дегендердің қатары көп болды. Ел біріншілігінің алғашқы айналымында алматылықтар ала-құла өнер көрсеткенімен, екінші және үшінші кезеңде ең үздік ойын көрсетті. Чемпионат аяқталуына 5 тур қалғанға дейін турнир кестесінде көш бастап тұрған болатын. Бірақ 30-турда «Астанадан» (1:3), 32-турда «Ертіс» командасынан 0:5 есебімен жеңіліп, биылғы чемпиондықты өз қолдарымен «Астанаға» ұстатты. Енді «Қайрат» футболшылары мен жанкүйерлері әдеттегідей өздерін келесі жылы чемпион боламыз деп сендіруге тырысады. Бәлкім, алматылықтар келесі жылы «Астананы» тоқтатуы да мүмкін. Өйткені чемпионаттың соңғы турында бас бапкер Алексей Шпилевский баспасөз мәслихатында келесі жылы жанкүйерлердің үмітін ақтайтынын айтты. «Ойындарға сараптама жасап, маусымаралық үзіліс кезінде тыңғылықты дайындалып, келесі маусымды жақсы өткереміз деп сенемін. Әрине, команданы күшейту керек. Біздің ыңғайымызға сай келетін ойыншыларды іздейміз. Олар қазіргі ойыншыларға қарағанда әлдеқайда күшті болуы тиіс. Сонда ғана бәсекелестік орнайды», дейді ол.
«Астана» алтыншы жыл қатарынан чемпион атанған болса да, биылғы маусымда олар өз деңгейінде ойынды көрсете алмады. Мысалы, осы жылғы біріншілікте елордалықтар 33 турдың 8 ойынында қарсыластарына есе жіберді. Ал былтырғы маусымда небәрі 4 ойында жеңілген. Дегенмен, «астаналықтар» алтынның ауылы алыстай бастағаннан кейін іске кірісіп, қажетті ұпайын жинай бастады. Жалпы, Юрий Логвиненко кейінгі екі турда командасының маңызды екі голын соғып, алтыншы чемпиондықты әперді.
Турнир кестесіне көз тастасаңыз, үшінші айналымда 12 команда төрт топқа бөлінгенін байқайсыз. Мысалы, «Астана», «Қайрат», «Ордабасы» және «Тобыл» жүлделі орындарға таласса, «Жетісу» кестедегі 5-орнын сақтап қалу үшін ойнады. «Қайсар», «Оқжетпес», «Ертіс» және «Шахтер» командалары қауіпті аймаққа түсіп қалмауы үшін және мейлінше жоғары орындарға талпынды. Ал «Тараз», «Атырау», «Ақтөбе» командалары барынша Премьер-лигада жан сақтап қалу үшін барын салды. Бірақ «Атырау» мен «Ақтөбе» бәрібір жоғары лигамен қош айтысты. Олардың орнын Бірінші лигада жеңімпаз атанған Петропавлдың «Қызылжары» мен Ақтаудың «Каспий» клубтары басты.
Сондай-ақ ел біріншілігінде 10-орынға тұрақтаған «Тараз» Бірінші лигада үшінші орын алған Оралдың «Ақжайық» клубымен келесі жылы Премьер-лигада ойнау үшін өзара матч өткізіп, екі ойынның қорытындысы бойынша «Тараз» командасы жеңіске жетті. Осылайша «Тараз» Премьер-лигада өз орнын сақтап қалды.
Биылғы біріншіліктің бірқатар статистикалық мәліметтерін назарларыңызға ұсынсақ:
Чемпионаттағы ең көп гол биыл соғылды. Кейінгі 5 жылдағы чемпионатпен салыстырар болсақ, биыл футболшылар 513 гол соққан екен. 513 голды әр турға бөлер болсақ, тур сайын 15 голдан соғылған. Сондай-ақ 10 автогол, яғни футболшылар өз қақпасына байқаусызда гол соғып алған.
Биылғы біріншілікте 40 футболшы дубль (бір ойында екі гол соққан) авторы атанған. Сондай-ақ 4 футболшы бір ойында үш гол соқса (хет-трик), бір футболшы бір ойында төрт гол салып, покер жасады.
«Тараз» бен «Атырау» командалары чемпионаттың ең тәртіпсіз командасы атанды. Жамбыл өңірінің футболшылары 33 турда 8 қызыл қағаз алса, атыраулықтардың 7 ойыншысы матчтан қуылған. Жалпы, осы жылы барлық команданың ойыншысы қызыл қағазбен жазаланды.
«Астана» командасы қарсылас қақпасына 67 гол соғып, ең үздік нәтижені тіркеді. Ал «Ордабасы» командасы өз қақпасына ең аз гол өткізген (24) команда атанды.
Биылғы маусымда Адеринсола Эсеола («Қайрат») пен Марин Томасов («Астана») 19 гол соғып, үздік сұрмерген атанды. Сондай-ақ қазақстандық футболшылар арасынан Абат Айымбетов («Ақтөбе») 16 голмен үздік атанды.
Жуырда Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының ресми сайтында 2019 жылғы маусымның қорытындысы бойынша ел біріншілігінің шартты құрамасы жарияланды. Биылғы доп додасында өз қақпасына 24 гол ғана өткізген Дмитрий Непогодов («Ордабасы») үздік қақпашы атанды.
Қорғаушылар – Гафуржан Сүйімбаев («Қайрат»), Пабло Фонтанелло («Ордабасы»), Сергей Малый («Ордабасы») және Ілияс Әмірсейітов («Қайсар»). Жартылай қорғаушылар – Иван Пешич («Шахтер»), Бауыржан Исламхан («Қайрат»), Тигран Барсегян («Қайсар») және Марин Томасов («Астана»). Шабуылшылар – Жоао Пауло («Ордабасы») мен Адеринсола Эсеола («Қайрат»).
Осымен Қазақстанның кезекті чемпионаты аяқталды. Бірақ елімізде футбол мерекесі әлі өз мәресіне жеткен жоқ. Еуропа лигасында «Астана» топтық кезеңдегі екі ойынын өткізеді. 28 қарашада «Астана Аренада» ағылшынның әйгілі «Манчестер Юнайтед» командасын қабылдаса, 12 желтоқсанда сырт алаңда Сербияның «Партизан» клубымен ойнайды.