Медицина • 25 Қараша, 2019

Індет іргемізде тұр – Шығыс Еуропа және Орталық Азияда 1,7 миллионға жуық адам АИТВ-ахуалды екені анықталды

527 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыға АИТВ, туберкулез және гепатит мәселелері жөніндегі әлемнің жетекші ғалымдары жиналды. Елімізде Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен 18-19 қараша күндері Шығыс Еуропа және Орталық Азия (ШЕОА) аймағындағы АИТВ, туберкулез бен гепатитті ауыздықтауға бағытталған ШЕОА INTERACT-2019 бірінші ғылыми семинары өтті. Осы саланың мамандары көптен күткен бұл шараның маңызы жоғары. Өйткені Шығыс Еуропа және Орталық Азия – АИТВ індеті әлі де өсу қарқынын тоқтатпаған, әлемді алаңдатып отырған жалғыз аймақ.

Індет іргемізде тұр – Шығыс Еуропа және Орталық Азияда 1,7 миллионға жуық адам АИТВ-ахуалды екені анықталды

Аталған аумақта алғаш рет өтіп отырған халықаралық оқыту іс-шарасын Амстердам жа­һандық денсаулық сақтау және даму институты (AIGHD), Қа­зақ дерматология және инфек­циялық аурулар ғылыми орта­лығы, AFEW Kazakhstan және AFEW International коммер­циялық емес ұйымдары өткізді. 

«Семинар өткізуге қосылып отырған AFEW International ком­­мерциялық емес ұйымы Шы­­ғыс Еуропа және Орталық Азия ай­мағында 20 жылға жуық жұмыс істейді және аймақтағы АИТВ, туберкулезге және гепатитке қатысты деректердің үл­кен же­­тіспеушілігін үнемі бас­тан ке­шіріп келеді. Бұл дерек­тер ауру­ларға қарсы күрес стра­те­гия­сын құруда өте маңыз­ды. Семинардың мақсаты – ай­мақ­тағы зерттеулерді дамы­туды ынталандыра отырып, әр­түрлі елдердің жетекші ға­лымдары мен болашақта ай­мақ­тағы денсаулық сақтау жә­не зерттеу мәселелерінде көш­басшылық таныта алатындар арасындағы ынтымақтастық құруға жәрдемдесу», дейді INTERACT-2019 семинарының ха­лықаралық ұйымдастыру ко­митетінің мүшесі және AFEW International атқарушы директоры Анке ван Дам.

Жоғарыда атап өткендей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия – АИТВ індеті әлі де жылдам қарқынмен таралып келе жатқан әлемдегі жалғыз аймақ. ЮНЭЙДС-тің бағалауынша, 2018 жылғы жағдай бойынша Шығыс Еуропа және Орталық Азия аймағында 1,7 миллионға жуық адам АИТВ-ахуалды екен­дігі анықталған. 2018 жылы шамамен 38 мың адам ЖИТС-тен қайтыс болған.

Екі күндік семинар ШЕОА ай­мағына, оның ішінде Қазақ­станға тікелей қатысы бар та­қы­рыптарға, атап айтқанда, АИТВ індетіне қарсы тұрудың жаңа табыстары мен мол тәжірибесіне арналды.

Алматы қаласындағы екі күндік семинарға Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь, Өз­бекс­тан, Қырғызстан, Тәжікс­тан, Грузия және басқа да елдерден белгілі зерттеушілер жиналды. Семинарға қатысушылар ғылыми базаны күшейту және ай­мақтағы жағдайды жақсарту мақсатында АИТВ, туберкулез (ТБ), гепатиттерді емдеу жөніндегі соңғы ғылыми зерттеу­лермен бөлісіп, тәжірибе алмасты.

«ШЕОА INTERACT ғылыми пікірталаста, тәжірибе алмасуда туындаған мәселелерді тал­қылауда тиімді форум болды деген ойдамын. Алдағы және ұзақ мерзімді келешекке қажетті тұстарды анықтап, осы мәселелерде жаңа әдістермен, зерттеулермен, тың тәсілдермен танысуға мүмкіндік берді. Та­рап­тардың жұмыстары лайық­ты бағаланып, кері байланыс­тар жолға қойылады. Ғы­лы­ми орта мен одан әрі ын­ты­мақтастық пен инвестициялау ге­ографиясы кеңейтіледі. Бұл жұмыс ЮНЭЙДС 90-90-90 мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет», дейді ШЕОА INTERACT-2019 семинарының жер­гілікті комитетінің басшысы, Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының директоры Бауыр­жан  Байсеркин.

Аса маңызды халықаралық шараға Шығыс Еуропа мен Ор­­талық Азиядағы АИТВ/ЖИТС жөніндегі БҰҰ Бас хат­шы­­сының арнайы елшісі Ми­шель Казачкин (Франция), Амстердам университетінің Жа­һан­­дық денсаулық сақтау ка­фе­драсының доценті (Ни­дер­ланд) және Канададағы Макгилл университетінің про­фес­со­ры Кэтрин Хенкинс, Минс­кіде­гі «Психиатрия-нар­ко­ло­гия» об­лыстық клини­ка­лық орта­лы­­ғы­ның бас дәрі­гері Алексей Александров (Бе­ла­русь), AFEW International ат­қарушы директоры Анке ван Дам  (Нидерланд) сынды ық­палды тұлғалар қатысты.

Халықаралық ұйымдас­тыру комитеті ШЕОА IN­TE­RACT-2019 семи­на­ры­на да­йындық барысында ин­нова­циялық тәсілдерді пайдаланып, оқыту бағдарламасы әлемнің түрлі елдерінен АИТВ, ТБ және гепатит саласындағы белгілі сарапшыларды қамтыды.

Алдағы уақытта барлық ел­дер­дің ғалымдарына өз жаңа­лық­­тарын көрсетуге мүмкіндік беру үшін ШЕОА INTERACT жыл сайын өткізілетін іс-шараға айналып, ШЕОА аймағының түрлі мемлекеттерінде өтетін болады.

 

АЛМАТЫ