Руханият • 25 Қараша, 2019

«Тарихымыз үшін табылған әр құжат алтынмен пара-пар»

377 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жақында республикалық «Шетел архивтері мен қорларындағы Ұлы даланың тарихына және мәдениетіне қатысты археографикалық жұмыстар» атты жоба шеңберінде ғалымдар мен архив қызметкерлерінің тобы Татарстан астанасындағы архивтер қорларында айға жуық жұмыс істеп оралды. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Ғалия Шотанова жетекшілік еткен топтың құрамында белгілі тарихшы, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанмен бірге Қостанай облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасының архив жұмысы және әдістемесі бөлімінің басшысы Салтанат Ташанова да болған еді. Онымен біздің тілшіміз олжалы сапар туралы әңгіме өрбітті.

«Тарихымыз үшін табылған әр құжат алтынмен пара-пар»

– Салтанат Нұртасқызы, жалпы біз әңгіме бастамай тұрып-ақ оқыр­ма­ны­мыз сапар  себебін сезгендей деп біле­мін. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назар­баев өзі­нің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақа­ласының жалғасы болып табылатын «Ұлы даланың жеті қыры» деген ма­қа­­ласында қадау-қадау 6 жобаны жү­зеге асыру керектігін нықтаған бола­­тын. Елбасы айтқан жобаның бірі жеті жыл­ға лайықталған «Архив – 2025» жобасы еді ғой. Бұл жұмыс қалай жалғасып келеді?

– Иә, сапардың түпкі себебі де, мақ­саты да Елбасы мақаласынан туындай­ды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мақа­ласында өзі жас ұрпақтың туған елге, ата-бабамыз мұраға қалдырған кең-байтақ жер­ге деген патриоттық сезімді тәрбиелеу мақсатын қояды ғой. Ал «өзінің тегін, түп-тамырын, тарихын ұмытқан ұрпақ өзін болашақта ең басты құндылықтарымызға ие екенін сезіне ала ма, жоқ па?» деген сұ­рақ зиялы қоғамды ойландырады. Біздің тарихымызға байланысты көптеген дерек өзге елдердегі архив қорларында жатқаны белгілі. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы «ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеу­лі іргелі зерттеулер жүргізу үшін» «Архив – 25» жобасының іске қосылуы қажеттігін айтқан болатын. Тарихымызды түгендеуде архивтік құжаттардың орны ерекше.

Қазақстан Республикасының «Ұлт­тық архив қорлары мен архивтер туралы» за­ң­ында да тарихи мұраларды Қазақстаннан тыс жерлердегі архивтерден қазып алып, оның көшірмесін елге әкелу ісіне басым­дық берілген еді. Елбасы бұл туралы ойды «Тарих толқынындағы халық» кітабында да айтқаны белгілі. 2000 жылдардың басында тарихшылардың, архив мамандарының Иран, Үндістан, Түр­кия, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Гер­мания, Мысыр және Өзбекстан елдеріне мемлекеттік деңгейдегі экспедиция ұйым­дастырғаны белгілі. Көптеген құн­ды жәдігер Отанымызға қайтып орал­ды. Дегенмен барлық елдегі архив қор­лары түгел қаралды, материалдар түгел келді деп айта алмаймыз. Жоғымызды тү­ген­деу үшін тарихшылар мен архив қыз­меткерлерінің маңдай терін төгетін жұмыстары жеткілікті. Сондықтан «Ұлы дала­ның жеті қыры» мақаласынан бастау алған бұл сапар бұрынғы жұмыстардың жал­ғасы һәм жаңғырығы деп білгеніміз абзал.

Соңғы екі жылда құрамында тарихшы ғалым­дар және архив қызметкерлері бар ғылыми экспедициялар шетел архивтеріне белгілі жоба бойынша шығып келеді. Биыл экспедициялар Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Орынбор, Астра­хань қалалары мен Түркия және Иранға барды. Жақында ғана бір экспеди­ция Венгриядан оралды. Олардың құрамына тарихшы ғалымдармен қатар Мемлекеттік және Ұлттық орталық архивтер қызметкерлері кірді. Тек Татарстанға барған осы экспеди­ция­ның құрамына өзінің өкілін қосуға өңірлер арасынан Қостанай мемлекеттік архивіне ғана мұрсат берді. Өйткені біздің Қостанай облысы Татарстан Респуб­ликасының мемлекеттік архивімен бұрын­нан іскерлік, әріптестік қарым-қатынас орнат­қан. Екіншіден, шекарадағы облыс болғандықтан Ресейдің іргелес облыстарымен қатар, Қазанмен де тарихи байланысымыздың ізі сайрап жатыр.

– Экспедициялық топ мүшелерін Қа­зан қаласындағы архивтерде қан­дай мәсе­лелер бойынша құжаттар қызық­тырды?

– Халқымыз бен мемлекеттің тарихы үшін кез келген қолға түскен тарихи құжат алтынмен пара-пар емес пе? Қазан қаласы ХVІІ-ХІХ ғасырларда сая­си, білім мен мәдениеттің ірі орталығы болды. Қазақ даласындағы білім беру, ағарту жұмыстарында және дін таратуда Қазан қаласының маңызы үлкен бол­ғанын тарихтан білеміз. Бізді қазақ же­ріне қатысты саяси-әлеуметтік, сау­да-экономикалық, мәдени қарым-қаты­нас­тарының, дамуының және Ресей империясы дін саясатының тарихына қатысты құжаттар қызықтырды. Татарстанның архив қорларынан көп дүниемізді табарымызға сеніміміз зор болды. Біздің археографиялық экспедиция мүшелері 20 күн бойы Қа­зан қаласындағы архивтік қорлар мен кі­тап­ханада отырып, тарихи құжаттарды сүзгіден өткізгендей іздестірді. Жұмыс­тың ал­ғашқы күндерін Татарстан Республи­касының мемлекеттік архиві қорының және Қазан университетінің Лобачевский атындағы кітапханасындағы тарихи құжаттар каталогын қараудан бастадық.

– Сонымен тапқан олжаларыңыз қандай?

– Осынша күн көз майымызды тауыс­қанда олжамыз бар екендігін де қуана айтар едім. Барлығы 1700 бет болатын дү­ние әкелдік. Оның ішінде Татарстан мем­лекеттік архивінің сақтау қорындағы 54 бірліктен, Қазан университетінің Лоба­чевский атындағы кітапханасының сирек қолжазбалар мен кітаптар қорынан 3 бір­ліктен тапқан 791 парақ құжаты тіке­лей өзімнің тауып әкелгенім. Тапқан құжаттарымыздың мазмұнына қатысты ай­тар болсақ, әрине қызықты материалдар бар. Мысалы, Қазан университетінің кітап­ханасындағы сирек қолжазбалар мен кітаптар қорынан ІІ Екатерина пат­шайымның 1789 жылы қырғыз-қайсақ ордасының бодандыққа адалдығы үшін берген алғысын, ІІ Екатерина пат­шайымның 1771 жылы 17 қаңтарда Нұ­ралы ханға қалмақтардың наразылық бас көтеруіне жол бермеу туралы жазған хат-хабарламасын, 1829 жылдың 29 мамырында Орынбор генерал-губернаторының Жантөре Жәңгіров сұлтанға алғыс хатын таптық. Татарстанның мемлекеттік архивінен қазақ тарихына белгісіз құ­жаттар табылып, оның көшірмесі алынды. Мысалы, оның ішінде Алтын Орда ханы Махмудтың Осман империясының сұл­таны Фатих Мехмедке жазған хатын ерекше айтар едім. Онда ол хан тағына отырғанын хабарлап және керуен сау­дасын ретке келтіріп, тату көршілік қатынасты жалғастыруды ұсынады. Табылған құжаттардың маңызы олардың тарихи оқиғаларға, хандарымыз бен батырларымыз тарихына жанама айғақ, тарихи шындықты байыта түсетіндігінде деп білеміз. Тағы бір құжат біздің назарымызға бірден ілікті. 1-ші қорда Қазан губернаторының канцеляриясы: Қазан жандарм басқармасы бастығының жыл сайын қазақ даласына қазақ бала­ларының сауатын ашу үшін оларды оқы­туға жіберілетін мұсылман медресесі тәрбиеленушілері туралы хабары. Онда Қазан жандарм басқармасы бастығының татар балаларының қазақ тілінде оқуы және қазақ тіліндегі басылымдар туралы баяндаған жазбасы бар. Қазан оқу округінің қамқоршысы деген 92-ші қор­да қызықты мәліметтер кездеседі. 1876 жылы 27 мамырда Орынбор гимна­зиясының пансионерлері қырғыздар (қазақтар) Алдияров пен Чуваковқа Қазан ветеринарлық институтында стипен­дия тағайындау туралы бұйрықтың қол­жазба мәтіні сақталған. Сонымен қатар Астрахан әскери губернаторының қырғыз (қазақ) тұрғындарды салыстырмалы түрде гимназияға алу туралы жазған мәтіні бар екен. 1844 жылы 31 сәуірде Жәңгір хан Бөкеев­тің мұсылман заңтану басылымын шы­ғару жөніндегі өтінішін жеткізген хабарламасын да алдық.

– Өткен ғасырдың басында Қазан қаласындағы баспалардан қазақ ақын­дарының кітаптары шығып тұрғаны белгілі. Бұл орайда не кездесті?

– Иә, Қазан қаласының өткен ға­сыр­ларда халқымыз руханиятына, әде­биетіне әсер-ықпалы тигені рас. Қазан университетінің Лобачевский атындағы кітап­ханасының сирек қолжазбалар және кітаптар қорында қазақ халқының ма­қал-мәтелдерін, аңыздары мен әндерін, ер­тегілерін, қазақтардың салт-дәстүрлері, ри­туалдық салттарын таптым. Оны уа­қытында жинатқан-ау деп ойладым. Әр­кімнің өткізгені байқалады. Бұрын зерт­теушілер қараған болуы керек, араб графикасымен жазылған қолжазбалар орыс және татар тілдеріне аударылыпты. Оның біреуінде ғана 1878 жылы жа­зылғандығы бар, қалғандарында датасы қойылмаған. Сосын Міржақып Дулатовтың Уфа қаласында 1910 жылы басылып шыққан «Оян, қазақ!» кітабының аудармасы туралы статтық кеңесші Смир­нов дегеннің баяндамасы, баспа ісі жө­ніндегі Қазан уақытша комитетінің мүшесі Н.Ф.Катановтың М.Дулатов кітабының зияны мен оған тыйым салу туралы жазбалары бүгінгі зерттеушілер үшін де, жалпы жұртшылық үшін де қызықты дүние деп ойлаймын. Бірақ табуын тапсам да, қаржыға байланысты құжаттар көшірмесін ала алмадық.

– Құжаттар қарауда, табуда және оның көшірмесін алуда белгілі бір қиын­дықтар болды ма?

– Қиындықтар болмай қалған жоқ. Алдымен архивтердегі біздің халқымыз тарихына қатысты ХІІІ ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейінгі материалдардың дені араб қарпімен жазылғандықтан, оған біздің тісіміз батпады. Біздің экспеди­ция мүшелерінің алдына тек бұрын табыл­маған, көшірмесі алынбаған, беймәлім болып келген құжаттарды табу мен оның көшірмесін алу міндеті қойылды. Біз сапарға шығар алдында қолда не бар, не жоқ деген мәселені байыптап алғанбыз. Р.Сүлейменов атындағы Мемлекеттік архивтер қоры, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтындағы Татар­станнан халқымыздың тарихы мен мәдениеті тарихына қатысты бұрын әке­лінген материалдар талқыланды, тексерілді. Сонымен қатар «История Казахстана в зарубежных архивах (ХVIII-ХХ вв.)» атты ақпараттық анықтаманың VI томында Татарстаннан әкелінген құ­жаттар тізімі берілген, оны да назарға ал­дық. Сондықтан алдымыздан шыққан мате­риалдың барлығын бірдей шетінен ала берген жоқпыз.

– Үлкен іс бітіріп қайтқан екенсіздер. Енді  әкелген құжаттардың алдағы жағ­дайы не болады?

– Келесі жылдан бастап әкелген құжат көшірмелері өңдеуден өтеді. Мемлекеттік комиссия барлығын қабылдап, болашақта цифрланған бір тізімге өтеді. Болашақта мемлекеттік және ұлттық архивтерден кез келген зерттеуші ешқайда шықпай-ақ, тарихи құжаттарды тауып пайдаланады. Тарихымыз солай түгендене береді.

 

Әңгімелескен

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»

 

ҚОСТАНАЙ