Ағымдағы жылғы қараша айының 21-і күні Польшаның астанасы Варшава халықаралық туризмнің орталығына айналып шыға келді. Оның себебі, қаланың танымал орындарының бірі – «Мәдениет және ғылым сарайы» ғимаратында «International Travel Show» туристік жәрмеңкесі өз жұмысын бастаған болатын. Биыл дәстүрлі негізде 27-ші рет өткізіліп отырған айтулы шараға әлемнің 50-ден астам елінен 500-ге тарта туристік операторлар, агенттіктер, демалыс орталықтары, қонақ- үйлер, пансионаттар, тасымалдаушылар, ұлттық туристік ұйымдар, сонымен қатар тұтынушы үшін тартымды туристік орындары бар қалалар мен өңірлер қатысуда.
Шараның бағдарламасына келер болсақ, алғашқы екі күн бойы жәрмеңкеге қатысушылар үшін өз әлеуеттерін таныстырумен бірге, бизнестік кездесулер, конференциялар, семинарлар мен үйрету сабақтарын өткізу жоспарланған. Ал үшінші күні тәжірибелі саяхатшылармен кездесулер өткізілмек.
Польша тарапының «International Travel Show» халықаралық туристік жәрмеңкесін ұдайы өткізуі кездейсоқтық емес. Себебі Еуропаның орталығында орналасқан бұл мемлекет төл туризм саласының қарқынды дамуында көп жұмыс атқаруда. Қазір Польшада туризм индустриясы жақсы қалыптасқан деп айтуға толық негіз бар. Елдің аталған саладағы құзырлы Спорт және туризм министрлігінің келтірген ресми мәліметіне сәйкес бүгінде мемлекет ІЖӨ-сінің 6%-ы туризм саласының үлесіне тиеді екен. Ол дегеніміз жүздеген мың жұмыс орны. Ресми статистикаға сүйенер болсақ, өткен 2018 жылдың қорытындысы бойынша елде 47,7 млн ішкі турист тіркелсе, 19,6 млн шетелдік турист келген. Ал 2019 жылдың нәтижесі бойынша Польшаға 20 млн турист келуі күтілуде. Барысында, елге келген туристер санының ұдайы өсімін аңғарамыз.
Биыл дәстүрлі туристік жәрмеңкеде Қазақстан павильоны ашылып, шараға қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық туғызды. Жәрмеңкенің ең көрнекі және қозғалыс көп бөлігінде орын тепкен еліміздің павильонын оңай байқауға болады. Біріншіден, еліміздің туристік өкілдігін бүгінде тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, одан тыс аумақтарда да кең танымал болып үлгерген, мұздай қаруланған әрі жүздері сұсты қазақ батырларының бейнесіндегі жігіттер күзетіп тұрса, екіншіден, нысанның төбесінен төмен қарай ілініп тұрған түсі қанық қызыл «Алматы апорттары» менмұндалайды, үшіншіден, түкті қазақ кілемдері павильонның сәніне әр беріп жәрмеңкеге қатысушылардың назарын өзіне аударып тұрды.
Осы орайда, шараға отандық делегацияны бастап келген «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы, Маркетинг, коммуникациялар және цифрландыру департаментінің директоры Талғат Аманбаевтың айтуынша, құзырлы компания көпшіліктің назарын аударатын мұндай маркетингтік қадамға жоспарлы түрде барыпты. Қазақ батырларымен суретке түсуге ниетті жандар «Қазақ туризм» ҰК арнайы хэштегін ала түседі екен. Сонымен бірге соңғы уақытта кең таныла бастаған бармен Әлібек, көпшілік алдында өнер көрсетіп, ұлттық сусынымыз қымыздан арнайы коктейлдер ұсынумен болды. Нәтижесінде, туристік жәрмеңкені ұйымдастырушылар тарапынан шараға келушілердің пікірлерін ескере отыра жасаған жасырын дауыс берудің барысында Қазақстан павильонына арнайы марапат та жасалды.
«Қазақ туризм» ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен және Қазақстан Республикасының Польшадағы Елшілігінің қолдауымен жұмысын бастаған отандық павильонның түпкілікті мақсаты айтулы халықаралық шара аясында еліміздің туристік әлеуетін шетелдіктерге кешенді таныстыру, келешекте мемлекетімізге туристер легін көбірек тарту екендігі белгілі.
«International Travel Show» халықаралық туристік жәрмеңкесінің аясында Қазақстан павильонында Польшамен, жалпы Еуропа елдерімен тығыз жұмыс жасасып келе жатқан 5 туристік оператор келушілерге өз қызметтерін таныстыруда.
Талғат Аманбаев келтірген деректерге сәйкес, айтулы туристік жәрмеңкелердің берер нәтижесі жоғары. Мәселен, Қазақстанға келетін туристер саны ұдайы өсу үстінде. Егер, үш жыл бұрын он үш мың, өткен жылы он бес мың турист келген болса, осы жылдың қорытындысы бойынша жиырма мың поляк турисінің келуі күтілуде. Оған өз кезегінде мемлекеттер арасында аптасына үш рет қатынайтын тікелей әуе рейсінің болуы, поляк азаматтары үшін жасалынған визасыз режім және отандық туристік компаниялардың белсенді жұмыс жасауы оң ықпал етуде екен. Маманның пікірінше, поляктарды қазақстандық өз қандастарының тарихы, сонымен бірге, экологиялық және этностық туризм ерекше қызықтыратын көрінеді.
Ағымдағы жылдың мамыр айында отандық туризмді дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаның қабылданғандығы белгілі. Қазіргі уақытта «такс-фри», яғни заттың бағасындағы қосымша құн салығының қаражатын қайтару және «оупен скай» немесе шет мемлекеттер ұшақтарының еліміздің әуежайларына кіру мүмкіндіктерін кеңейту бойынша жұмыстар атқарылуда. Соңғысы, Қазақстанға ұшу билеттері құнының едәуір төмендеуіне сеп болмақ.
Туристік жәрмеңкенің екінші күні ғимарат кешенінің Гёте залында «Қазақтарды таны: Қазақстанды саяхат арқылы аш» атты тақырыпта танымдық мақсаттағы кездесу өткізілді. Танымдық кездесуге Қазақстанның Полшадағы Төтенше және Өкілетті елшісі Марғұлан Баймұхан мырза, «Қазақ туризм» ҰК өкілдері мен отандық туристік операторлар қатысып, еліміздің туристік әлеуетін кешенді түрде таныстырды. Басқосу соңы сұрақ-жауап форматында өрбіп, жиналған көпшілік сауалдарына жауаптар алып тарасты.
Халықаралық туристік жәрмеңке аясында Қазақстан павильонына келушілердің саны бір сәтке де үзілмеді. Келушілер арасынан іскер азаматтарды, шетелдік туристік фирмалар өкілдері мен жорналшыларды, немересін ерткен кейуананы, студент және оқушы жастарды да кездестіруге болатын. Солардың бірнешеуімен сұхбаттасқан едік:
Сергей Крадинов,
«Рафт сервис» туристік компаниясының (Алматы облысы) директоры:
– Өздеріңіз білетіндей біздің Алматы облысы ежелден Жетісу деп аталған табиғаты керемет өңір ғой. Әлемнің бірде-бір елінде 300 шақырым радиуста туристердің су спортымен айналысуына мүмкіндік беретін, рахат сыйлайтын тоғыз мол сулы өзендер жоқ. Сондықтан біздер рафтингті өңіріміздің брэнді ретінде айқындап, оны халықаралық деңгейде танымал етуге, дамытуға басымдық беріп отырмыз. Біз өз тұтынушымызға белсенді демалысты ұсынамыз. Ол рафтинг, жаяу серуендер мен шыңға шығу, велотурлар. Әзірге демалушылардың басым көпшілігі өңір тұрғындары. Рафтинг – ұжымдық спорт түрі болуымен қызықты. Өзендегі кедергілерді еңсеру команданың әрбір мүшесіне байланысты. Аталған эмоцияға толы сапардан кейін адамдардың достығы мен бірлігі нығая түседі. Біз Көктерек ауылында, Шелек өзені бойында Қазақстандағы алғашқы рафт лагерьді салдық. Осыған дейін жұмыс жасаған үш маусымда біздің лагеріміз арқылы шамамен 5-6 мыңдай адамға қызмет көрсетілді. Қазір тынығушылардың ұдайы өсім динамикасы бар.
Артур Колпак:
– Мен көп мемлекеттерге ұдайы саяхаттаймын. Бүгін бірінші рет қымыздың дәмін татып тұрмын. Дәмі ерекше екен. Замануилық пен ұлттық нақыштар шебер үйлесім тапқан – Қазақстан павильоны өте ұтымды шыққан. Мәселен, ұлттық өрнектер көзге бірден түседі. Сіздерде биік әрі әсем таулы өңірлердің бар екендігінен, сонымен қатар, бүркітшілік кәсібінің жақсы дамығандығынан хабардармын. Бүгінгі шара барысында мені елдеріңіз турасындағы жүйелі таныстырылымдар ерекше қызықтырды. Келешекте Қазақстанға бару ойымда бар.
Марек Ошяк,
туризм саласының маманы:
– Әрине, елдеріңіз туралы көп оқимын. Осы жылы Қазақстандағы туристік жәрмеңкеге де қатыстым. Қазақстанның туристік әлеуеті үлкен. Мысалы, экологиялық туризмге кең мүмкіндіктер бар. Сонымен қатар полиэтностық, көпконфессиялы Қазақстан жағдайында тарихи және діни-рухани туризмге де басымдық беру керек деп ойлаймын. Аңғарғаным, жергілікті халық та шетелдіктерге мейіріммен қарайды. Алайда елдеріңізде туризм инфрақұрылымы саласында шешімін таппаған түйткілдер де бар. Сондықтан қазақстандық туризм саласы енді дами бастағандықтан саламен байланысты инфрақұрылымды кешенді түрде әрі тез арада дамытуға күш салу керек деп ойлаймын.
Польша астанасында өткен «International Travel Show» халықаралық туристік жәрмеңкесінің жұмысы Қазақстан үшін сәтті аяқталғанына сеніміміз мол.
Жандос Әуелбекұлы,
арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін
Варшава (Польша)