Технология • 25 Қараша, 2019

Қойды компьютермен бағады – Түркістандық шопандар мал жаюдың жаңа тәсіліне көшті

2145 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сонау ықылым заманнан бері төрт түлік мал бағып, одан несібе тауып келеміз. Үйірдегі жылқы, табындағы қара мал мен түйе, отардағы қой байлық көзі саналады. Рас, мал бағу – мехнаты көп кәсіп. Соңғы кезде «Мал жайылымы тары­лып барады. Жем-шөп дайындау да оңай шаруа емес. Қара малға күтім жасайтын бақ­­ташы, сиыр сауатын сауыншы, қой бағатын қойшы табылмайды» деген пікір­лерді жиі естіп те жүрміз. Жастар бұл салаға барудан неге қашқақтайды? Ауыл­дағы ағайынның жанкешті жұмысын жеңілдететін қандай жағдай бар? Бұл ретте ғалым­дар мал баққан шаруаларға қандай көмек бере алады? Бер­генде қандай?! IT тех­нология арқылы «ақылды ферма» ауылға келді. Сонымен, сиырды робот сауа­тын болды. Қойшылар енді уақ малды компьютермен бағады десе, нана­сыз ба?

Қойды компьютермен бағады – Түркістандық шопандар мал жаюдың жаңа тәсіліне көшті

Ол да рас екен. Біз бұған Отырар ауда­нындағы Шәмші ауылдық округіне қарас­ты Бестораңғыл елді мекеніндегі шопандар әулетінің жұмысымен танысқанда куә болдық. Қой өсірушілер мекен ететін жұ­мырт­қадай аппақ үйдің алдында күн сәулесінен қуат алатын қондырғы ор­натылған. Әріректе жел генераторы мен­мұндалайды. Демек, шопандар табиғи қос қуат көзінен алынатын энергияны тұ­ты­нады деген сөз. Ал жылжымалы-құ­рас­тырмалы шопан үйі одан да шағын. Мұнда бір отбасы тұрады. Аумағы 45 шар­шы метрді құрайтын тұрғынжайда екі жатын бөлме, ас бөлме, жуынатын және санитарлық торап орналасқан. Киіз үйге ұқсас құрастырмалы жайда қойды қолдан ұрықтандыру үдерісі жүзеге асырылады. Қыс мезгілінде 500 қойға баспана болады. Жазда бастырма ретінде пайдалануға қолайлы. Жасыл сырмен боялған темір қоршаудың да қызметі сан алуан. Ал­дымен қойдың салмағын өлшейді. Мал­ды сұрыптауға септігін тигізеді. Қой қыр­­­қымын сапалы өткізуге мүмкіндік береді. Торқаны тайлап, жүктерді тасы­малдауды жеңілдетеді. Осылайша келешекте Түркістан облысының шопандары қой бағудың жаңа тәсіліне кө­шетін болады. Бұл жаңа жобалар өңір шаруаларына «Қой шаруашылығындағы модельді ферма» атты семинар-кеңесте таныстырылды. Семинарды «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылым­дарының докторы Н.Әжіметов жүр­­гізіп отырды. Басқосуда «Қазақ мал шар­уа­шылығы және жемшөп өндірісі ҒЗИ» ЖШС филиалы Қ.Медеубеков атын­дағы қой шаруашылығы инсти­ту­тының бөлім меңгерушісі Т.Кенжебаев, «Агроинжинерия ғылыми өндірістік орта­лығы» ЖШС коммерциялық бөлімінің мең­герушісі Қ.Күдер, «Оңтүстік-Ба­тыс­­ мал және өсімдік шаруашылығы ғы­лы­­ми-зерттеу институты» ЖШС бас ди­рек­­­торының орынбасары, профессор Ж.Пар­жа­нов және басқалар өз ойларын ортаға салды.

Жалпы семинардың басты мақсаты – қой шаруашылығындағы модельді фермалар негізінде өндірістің технологиялық про­цестерін автоматтандыру бойынша трансферттеу және бейімдеу. Қазіргі уа­қытта республикада осы сала бойынша көптеген ұсақ фермерлік және шаруа қожалықтары құрылған және мал ша­руашылығы өнімдерінің 70% -ы жеке шаруа қожалықтарында өндіріледі.

Осылайша өркениет жетістігін ең бірінші аталған аудандағы «Сыздық­бе­ков» шаруа қожалығы сезініп отыр. Қо­жа­лық «Оңтүстік-Батыс мал және өсім­дік шаруашылығы ғылыми-зерт­теу институтының» базасындағы шаруа­шылыққа айналған. «Ақылды фер­ма» жоба­сы бойынша қойшы ауылда барлық жағдай жасалған. Мал суару жұмысы автоматтандырылған. Шопандар отардан адасса, дрон ұшырып түлігін тез табады. Ал санақ кезінде пайдаланатын арнайы ска­нер сырғаланған 500 қойды бір мезет­те санап береді. Электронды жүйе жоғал­ған малды нақты анықтай алады. Тіпті төрт түліктің қоңы мен жасына дейін белгілейді.

– Ғылымның жетістіктерінсіз ауыл шауа­шылығы алға баспайды, – дейді «Сыз­дықбеков» шаруа қожалығының төра­ғасы Әбдімәжит Сыздықбеков. – Біз­ге жалпы 18 миллион теңгенің құ­рал-жабдықтары мен саймандары ұсы­нылып отыр. Мұның барлығы мал шаруа­шы­лығымен айналысатын ағайынның жұмы­сын едәуір жеңілдетеді. Келешекте ғалымдармен тығыз байланыста жұмыс істеуді жалғастыра береміз.

Мұнда 400 түйе, 350 жылқы, 7 мыңға жуық уақ мал бар. 500 гектар жайылым жер мен 650 шаршы метр жылы қо­ра 750 қойға арналған. Десек те, мал шаруа­шылығында өзекті мәселелер де бар. Ол жыл сайын құнары кетіп, сапасы төмендеп бара жатқан жайылым алқабы. Өткен ғасырда ғана 100 қойдан 150 қозы алатын шаруалардың қазіргі көрсеткіші 85-90 пайызды құрайды. Шаруалардың айтуынша, мал басын көбейтуге жайылым жер жетіспейді.

Еліміз бойынша 180 млн гектар жайы­лым бар. Оның 7,4 млн гектары шабындық. Ғалымдар шопандарды ауыс­палы жайылымға үйрету керектігін айтады. Осы мақсатта жайылым жер қор­шалып, түрлі табиғи шөп өсіретін «Заманауи жайлау» жобасы қолға алынуда. Өткен жылы «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Бәйдібек ауданында жайылымдарды мақсатты пайдалануды реттеген еді. Биыл Отырар ауданында қызу жұмыс жүріп жатыр. Ғалымдардың жобасы негізінде 40 гектар жер қоршалып, онда түрлі табиғи шөптер егіледі. Төрт түлік азықтан қиналғанда сол жерге кіргізіледі. Мұнда шланга ар­қылы су жеткізілген. Тіпті қойшының шұғыл шаруасы шыққанда төрт түлікті қор­шалған жайлауда қалдырып кете береді. Осындай бір қораға 18 млн теңгенің ауылшаруашылық құрал-жаб­дықтары берілуде.

– Бұл институттың бюджетіне беріл­ген ақша. Аталған қожалық біздің инс­титуттың базалық шаруашылығы болады. Себебі бұл шаруашылықта қойдың барлық түрі, түйе және жылқы бар, – дейді Жәнібек Паржанов. – Институттың жабдықтары осы қожалықтарға қалады. Шаруалар мамандарға тек базаны ұсынып, зерттеу жұмыстарын жүргізуге жағдай жасайды.

Осы семинарда жаңа жылжымалы жедел қой ұрықтандыру бекеті таныстырылды. «Бұл нысан қашырым кезінде жұмыс істейтін мамандарға өте ыңғайлы. Жылжымалы бекетті жылына бір мезгіл ғана емес, жыл он екі ай коммерциялық мақсатта пайдалануға болады», дейді мамандар.

 

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,

журналист

 

Түркістан облысы