Руханият • 25 Қараша, 2019

«Жаңа Алматы» – халық тілегінен туған жоба

448 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Олар Париждің айналасындағы көңілсіз құжыраларда тұратын. Бірақ сұрағандарға Парижде тұрамыз десетін. Мұны айтқан Эмиль Золя болу керек. Парижді қара сөзбен Эмиль Золядай ешкім жырламаған шығар. Меңзеліп отырған уақыт – ХІХ ғасыр.

«Жаңа Алматы» – халық тілегінен туған жоба

ХХІ ғасырдың басында сол кеп біздің басымызға да келді. Ауыл­дан жаппай көшкен халық Алматының айналасына жапа­тар­мағай қоныс теп­ті. Жарыққа жарымаған, жол­­дары балшық-шалшық, қыс болса ыс пен тү­тін басқан ауылдар қаптады. «Ауыз су жоқ» деп қауғаларын қаң­ғыр­латқан тұр­ғындарды теледи­дардан талай көрдік.

Қазір керемет боп кетті деу­ден аулақпыз. Әйткенмен көше­лер түзелді, жол төселді, ауыз су барды, мектептер салын­ды, кө­гіл­дір отын тартылды. Бірақ кө­ше­лері түзелмеген, ауыз су бар­маған, мектебіне бала сый­маған, көгілдір отын көзі­нен бұл­бұл ұшқан елді ме­кен­дер де бар.

Тіпті соның бәрі жолға қо­­йыл­ды дегеннің өзінде, онда­ғы халық та өркениет заманын­дағы­дай өмір сүргісі келеді. Мына заманда үнемі сөркілдеп жұмысқа барып-келіп қана өмір сүру мүмкін емес. Олардың да Құдайдан үміті бар, өсіп келе жатқан ұрпағы бар.

Қазақ қашанғы қара тірші­ліктің соңында ғана салпақтап жүруге тиіс? Осы сұрақ Алма­ты­­ның айналасынан таңда ке­ліп, кешке қайтатын қалың нө­пірді көрген сайын көкіре­гің­ді жыбырлататын да тұра­тын. Бұлар қалаға неге келе бере­ді дейін десең, көбінің тір­ші­лік көзі қалада, қалаға сабыл­маған­да не істейді?

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жақында осыған байланысты бір дерек келтірді. Қала маңын қоса есеп­тегендегі халық саны 3 мил­лионға жақындап қалыпты. Осы үш миллионның жартысы­на жуығы қала сыртындағы елді­ мекендерде тұрады екен. Қала бұл көрсеткішке ауылдан кө­шіп келген тумаластарымыз арқылы жетіп отыр.

Ендігі жерде ұлттың өзегі бұ­рынғыдай ауыл емес, қазақы­лана бастаған қала болатын шығар. Онда Алматы сияқты үлкен мегаполис ықпалды күшке айналары айтпаса да түсінікті. Әсіресе қала маңын­дағы халық тың күш ретінде тез өсіп жетіліп келеді. Ендеше олар ненің күйін кешіп жатыр деген сұрақтың тууы да заңды.

Мақаламыздың басында француздың атақты жазушысы Эмиль Золяның сөзін бекер кел­­тіргеміз жоқ. Тәуелсіздік ал­­ған алғашқы жылдары қала сыр­тындағы бос жатқан жер­ле­рде аяқ астынан киіз үй­лер пайда бола кететін еді. Кей­бі­реулер олар­ға Шыңғыс хан­­ның ұрпағы келіп қоныс теуіп жатқандай үдірейе қарасатын.

Сол ауылдар қазір үлкен ел­ді­ мекендерге айналды. Ал­маты­ның айналасы халыққа лық толды. Енді олармен санас­саң да санасасың, санаспасаң да са­на­сасың. Бірақ күнделікті кез­­де­сетін мәселелерін шешіп беру бір басқа да, кеше ғана алыс ауыл­дардан босып келген ха­лық­ты өркениет көшіне қосу бір бас­қа. Кейінгі жоба «Жаңа Ал­ма­ты» деп аталып та үл­ге­ріпті. Құ­­лаққ­а әуелгі тигені «Үлкен Алматы» мегажобасы болатын.

Бұл жоба бойынша қала ма­ңын­дағы елді мекендердің тұр­мысы қаламен теңестіріл­мекші. Осы идея бізге өте таныс сияқты көрінді. Кеңес заманында да ауыл мен қаланы теңестіреміз деген науқан жүрген. Бірақ ол жаңа өсіп келе жатқан ұрпақты арзан еңбек күші ретінде ауылда қалдырудың амалы болатын. Жас шопандар бригадасы, тракторшы қыздар бригадасы дегендер сол үшін құрылған. Ал ендігісі не?

Айтайын дегеніміз, Кеңес заманында қаланың қара­­сын сирек көріп келген қалың қазағы­ма бұдан не тиеді? Алматының маңына көшіп келгендер де, көшіп кеткен­дердің орнын бас­қандар да сол комсомол-жас­тар бригада­сы мүшелерінің бүгін­гі ұрпақ­тары. Бүкіл жиған-терген­дері үй, жер сатып алуға кетті. Үйді де соқты, жолды да салды, құдықты да қазды. Балаларын мектепке орналастыра алмай қиналған кездеріне де куәміз.

Олар да Алматының төңіре­гінде тұрғанмен, өздерін Ал­маты­да тұрамыз деп есеп­тей­ді. Екінің бірі осында жұ­мыс іс­тей­ді, бала-шағасы да осын­да оқиды. Құдайдың жарық кү­нін Алматыда өткеріп, ауы­лы­­на түнеуге ғана баратын­дар да жетіп артылады. Бір сөз­бен айтқанда, олар өздерінің тағ­ды­рын әлдеқашан Алматы деген алып шаһарға теліп қойған.

Не керек, Алматы қазір аузы-мұрнынан шығып тұр. Қан­­дай да бір шектеу қою өз өзің­ді өзектен тепкенмен бір­дей. Оғаш­тау бір нәрсе айтылып кетсе: «Қазақты тағы да қалаға жо­лат­­­қысы келмей жатыр» деген сөз шы­ғады. Осының бірде-бірі өт­і­рік сөз емес. Енді не істеу керек?

Шыңғыс хан демекші, оның сарай салғызып, қала тұрғызған ұр­пақтары да болған. Міне, со­лардың кейбірі сарайға түне­мей, қала сыртына киіз үй тік­ті­ріп еркін самалдап жатады екен. Егер бар жағдай жасалған болса, тыныс кеңітіп, арқаны кеңге салып тұрмыс кешкенге не жетсін. Осы тұрғыдан ал­ғанда Алматыдай үлкен ме­га­полистің маңайындағы ел­ді мекендердің жұмақтай бол­маса да, жұнттай жайнап, жа­құт­тай жарқырап кететін-ақ жөні бар.

Алматыны қалай өркениетті қалаға айналдырамыз деп жүр­генде, аспаннан іздегеніміз жер­ден табыла кеткендей көрін­­­гені сондықтан еді. Кей­бір оқу орындары сонда барып ор­на­ласса, заманауи деңгей­дегі зауыт-фабрикалары дүріл­деп жұмыс істеп тұрса, спорт ке­шен­дерін кірсе шыққысыз етіп салып беретін болса, қанеки. Елім, жерім деген азаматтар айырылмай жабыса кететін-ақ идея секілді.

Алайда, бұл идеяны біз әлі толық бойға сіңіріп те үлгерме­ген­дейміз. Әйтпесе «Қала маңын дамыту керек» деген сөз ап-анық айтылған. Бұдан бұрын басы басталып та қойған ай­налма жол да сөз бен істің ара­сы алшақ кете қоймасын аң­д­ат­қан. Оған қоса электр пойы­зы да іске қосылса, Алматы ма­­ңын­дағылар үшін жол азабы да жеңілдей түспек. Осы жа­ңа­лықтың бәрі Алматының айна­ласындағы халықты көп-көрім елеңдетіп қойды.

Бұған дейін де «Біздің тұрып жатқан жеріміз Алматы қала­сының құрамына енгізілетін болды» деген әңгімені әр-әр тұс­тан құлағымыз шалып қала­тын. Бұл сөзді олар әлдене­ден үміттеніп айтатын және «біз енді алматылық боламыз» дегендей естілетін. Ол тұрмыс-тіршіліктің ғана қамы емес, аяулы қалаға деген махаб­баттың да көрінісі десек қате­лесе қоймаспыз. Шынын айт­сақ, жоғарыда аталған жоба «ше­неу­ніктердің шекпенінен» шық­қанмен, халықтың өз ті­леуі­нен туғандай әсер етті.

Ойда тұрған нәрсені жасырып неғыламыз. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың мұн­дай бастамаға ақжүректене кірі­се­тінін көзіміз көріп жүр. Бірақ ол бастама аяғына дейін жете ме, мәселе сонда. Сон­дық­тан «Сағынтаевтың сағы сын­басын» деп қолдап қойған­ның еш артығы жоқ. Ең дұрысы, «Са­ғын­таевқа сенген тумалас­тары­мыз­дың сағы сынбасын» деңіз.

Әйтпесе сол тумаластардың бірінің ауылына күні кеше ғана тағы бардым. Ащы түтіннен әлі арыла қоймапты. Көгілдір отын­ға бірі қосылған, бірі қо­сыл­маған. Қайтар жолда қалаға кептелекпен әрең кірдім.

Жолай Кеңсай жаққа шы­ғып, қалаға қарадым. Қазан­шұң­қырдағы қаланың үстіндегі қара аспанды көріп, тілім байланып қала жаздады. «Жаңа Алматы» жобасын тезірек бас­таңыздаршы!» деп айғай сал­ғым келді. Қанша айтқанмен мен «Кеңсайда» биіктеу жерде тұрдым, ал Үлкен Алматы дөңгеленіп табанымның астында жатты...

 

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК,

«Egemen Qazaqstan»