ХХІ ғасырдың басында сол кеп біздің басымызға да келді. Ауылдан жаппай көшкен халық Алматының айналасына жапатармағай қоныс тепті. Жарыққа жарымаған, жолдары балшық-шалшық, қыс болса ыс пен түтін басқан ауылдар қаптады. «Ауыз су жоқ» деп қауғаларын қаңғырлатқан тұрғындарды теледидардан талай көрдік.
Қазір керемет боп кетті деуден аулақпыз. Әйткенмен көшелер түзелді, жол төселді, ауыз су барды, мектептер салынды, көгілдір отын тартылды. Бірақ көшелері түзелмеген, ауыз су бармаған, мектебіне бала сыймаған, көгілдір отын көзінен бұлбұл ұшқан елді мекендер де бар.
Тіпті соның бәрі жолға қойылды дегеннің өзінде, ондағы халық та өркениет заманындағыдай өмір сүргісі келеді. Мына заманда үнемі сөркілдеп жұмысқа барып-келіп қана өмір сүру мүмкін емес. Олардың да Құдайдан үміті бар, өсіп келе жатқан ұрпағы бар.
Қазақ қашанғы қара тіршіліктің соңында ғана салпақтап жүруге тиіс? Осы сұрақ Алматының айналасынан таңда келіп, кешке қайтатын қалың нөпірді көрген сайын көкірегіңді жыбырлататын да тұратын. Бұлар қалаға неге келе береді дейін десең, көбінің тіршілік көзі қалада, қалаға сабылмағанда не істейді?
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жақында осыған байланысты бір дерек келтірді. Қала маңын қоса есептегендегі халық саны 3 миллионға жақындап қалыпты. Осы үш миллионның жартысына жуығы қала сыртындағы елді мекендерде тұрады екен. Қала бұл көрсеткішке ауылдан көшіп келген тумаластарымыз арқылы жетіп отыр.
Ендігі жерде ұлттың өзегі бұрынғыдай ауыл емес, қазақылана бастаған қала болатын шығар. Онда Алматы сияқты үлкен мегаполис ықпалды күшке айналары айтпаса да түсінікті. Әсіресе қала маңындағы халық тың күш ретінде тез өсіп жетіліп келеді. Ендеше олар ненің күйін кешіп жатыр деген сұрақтың тууы да заңды.
Мақаламыздың басында француздың атақты жазушысы Эмиль Золяның сөзін бекер келтіргеміз жоқ. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қала сыртындағы бос жатқан жерлерде аяқ астынан киіз үйлер пайда бола кететін еді. Кейбіреулер оларға Шыңғыс ханның ұрпағы келіп қоныс теуіп жатқандай үдірейе қарасатын.
Сол ауылдар қазір үлкен елді мекендерге айналды. Алматының айналасы халыққа лық толды. Енді олармен санассаң да санасасың, санаспасаң да санасасың. Бірақ күнделікті кездесетін мәселелерін шешіп беру бір басқа да, кеше ғана алыс ауылдардан босып келген халықты өркениет көшіне қосу бір басқа. Кейінгі жоба «Жаңа Алматы» деп аталып та үлгеріпті. Құлаққа әуелгі тигені «Үлкен Алматы» мегажобасы болатын.
Бұл жоба бойынша қала маңындағы елді мекендердің тұрмысы қаламен теңестірілмекші. Осы идея бізге өте таныс сияқты көрінді. Кеңес заманында да ауыл мен қаланы теңестіреміз деген науқан жүрген. Бірақ ол жаңа өсіп келе жатқан ұрпақты арзан еңбек күші ретінде ауылда қалдырудың амалы болатын. Жас шопандар бригадасы, тракторшы қыздар бригадасы дегендер сол үшін құрылған. Ал ендігісі не?
Айтайын дегеніміз, Кеңес заманында қаланың қарасын сирек көріп келген қалың қазағыма бұдан не тиеді? Алматының маңына көшіп келгендер де, көшіп кеткендердің орнын басқандар да сол комсомол-жастар бригадасы мүшелерінің бүгінгі ұрпақтары. Бүкіл жиған-тергендері үй, жер сатып алуға кетті. Үйді де соқты, жолды да салды, құдықты да қазды. Балаларын мектепке орналастыра алмай қиналған кездеріне де куәміз.
Олар да Алматының төңірегінде тұрғанмен, өздерін Алматыда тұрамыз деп есептейді. Екінің бірі осында жұмыс істейді, бала-шағасы да осында оқиды. Құдайдың жарық күнін Алматыда өткеріп, ауылына түнеуге ғана баратындар да жетіп артылады. Бір сөзбен айтқанда, олар өздерінің тағдырын әлдеқашан Алматы деген алып шаһарға теліп қойған.
Не керек, Алматы қазір аузы-мұрнынан шығып тұр. Қандай да бір шектеу қою өз өзіңді өзектен тепкенмен бірдей. Оғаштау бір нәрсе айтылып кетсе: «Қазақты тағы да қалаға жолатқысы келмей жатыр» деген сөз шығады. Осының бірде-бірі өтірік сөз емес. Енді не істеу керек?
Шыңғыс хан демекші, оның сарай салғызып, қала тұрғызған ұрпақтары да болған. Міне, солардың кейбірі сарайға түнемей, қала сыртына киіз үй тіктіріп еркін самалдап жатады екен. Егер бар жағдай жасалған болса, тыныс кеңітіп, арқаны кеңге салып тұрмыс кешкенге не жетсін. Осы тұрғыдан алғанда Алматыдай үлкен мегаполистің маңайындағы елді мекендердің жұмақтай болмаса да, жұнттай жайнап, жақұттай жарқырап кететін-ақ жөні бар.
Алматыны қалай өркениетті қалаға айналдырамыз деп жүргенде, аспаннан іздегеніміз жерден табыла кеткендей көрінгені сондықтан еді. Кейбір оқу орындары сонда барып орналасса, заманауи деңгейдегі зауыт-фабрикалары дүрілдеп жұмыс істеп тұрса, спорт кешендерін кірсе шыққысыз етіп салып беретін болса, қанеки. Елім, жерім деген азаматтар айырылмай жабыса кететін-ақ идея секілді.
Алайда, бұл идеяны біз әлі толық бойға сіңіріп те үлгермегендейміз. Әйтпесе «Қала маңын дамыту керек» деген сөз ап-анық айтылған. Бұдан бұрын басы басталып та қойған айналма жол да сөз бен істің арасы алшақ кете қоймасын аңдатқан. Оған қоса электр пойызы да іске қосылса, Алматы маңындағылар үшін жол азабы да жеңілдей түспек. Осы жаңалықтың бәрі Алматының айналасындағы халықты көп-көрім елеңдетіп қойды.
Бұған дейін де «Біздің тұрып жатқан жеріміз Алматы қаласының құрамына енгізілетін болды» деген әңгімені әр-әр тұстан құлағымыз шалып қалатын. Бұл сөзді олар әлденеден үміттеніп айтатын және «біз енді алматылық боламыз» дегендей естілетін. Ол тұрмыс-тіршіліктің ғана қамы емес, аяулы қалаға деген махаббаттың да көрінісі десек қателесе қоймаспыз. Шынын айтсақ, жоғарыда аталған жоба «шенеуніктердің шекпенінен» шыққанмен, халықтың өз тілеуінен туғандай әсер етті.
Ойда тұрған нәрсені жасырып неғыламыз. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың мұндай бастамаға ақжүректене кірісетінін көзіміз көріп жүр. Бірақ ол бастама аяғына дейін жете ме, мәселе сонда. Сондықтан «Сағынтаевтың сағы сынбасын» деп қолдап қойғанның еш артығы жоқ. Ең дұрысы, «Сағынтаевқа сенген тумаластарымыздың сағы сынбасын» деңіз.
Әйтпесе сол тумаластардың бірінің ауылына күні кеше ғана тағы бардым. Ащы түтіннен әлі арыла қоймапты. Көгілдір отынға бірі қосылған, бірі қосылмаған. Қайтар жолда қалаға кептелекпен әрең кірдім.
Жолай Кеңсай жаққа шығып, қалаға қарадым. Қазаншұңқырдағы қаланың үстіндегі қара аспанды көріп, тілім байланып қала жаздады. «Жаңа Алматы» жобасын тезірек бастаңыздаршы!» деп айғай салғым келді. Қанша айтқанмен мен «Кеңсайда» биіктеу жерде тұрдым, ал Үлкен Алматы дөңгеленіп табанымның астында жатты...
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК,
«Egemen Qazaqstan»