Әлем • 25 Қараша, 2019

Жапония әуежайы қазақша сөйледі

554 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дүние жүзіне танымал әнші Димаш Құдайберген 19 қарашада Жапония астанасы Токиода өткен ABU TV Song Festival 2019 деп аталатын Азия-Тынық мұхиты елдері арасындағы фестивальге қатысты. 20-дан астам мемлекеттен әншілер жиналған концертте әр қатысушы өз ана тілінде ән шырқауы керек болатын. Димаш бұл жолы да дараланып, көптің көңілінен шыға білді. Олай болса, шетелдік басылымдардың Димаш Құдайберген туралы пікіріне назар аударайық.

Жапония әуежайы қазақша сөйледі

1

Токиоға бұл жол­ғы сапарында Димаш Құдайберген Жа­понияның NHK ұлттық арнасында­ қонақта болып, сұх­бат берді. Бұл – Димаштың Жапонияға алғаш келуі. Жапониялықтардың оны қуана қарсы алғанын әлеу­мет­тік желідегі жазбаларынан, әуежайдағы фотоларынан бай­қау­ға болады.

Жапония ақпараттық портал­да­рының бірқатары Димашты күтіп алуға мыңға жуық адамның жиналғанын жазады. «Олар Қазақстанның туын ұстап, плакаттар жазып, дайындалып келген» делінген басылым хабарламаларында.

 

2

Billboard Japan порта­лы Димаштың жапониялықтардың да сүйікті әншісіне айналғанын айтып, ол үшін дәстүрлі фестивальдің ережесіне алғаш рет өзгеріс енгізілгенін хабарлайды. Фестиваль заңына сәйкес, әр қатысушы өз ана тілінде ән шырқауы керек. Дегенмен байқаудың ұйымдастырушылары Димашқа өзін көптің көзайымына айналдырған S.O.S d'un terrien en détresse атты француз тілін­де­гі әнді орындауына рұқсат берді. Портал хабарламасында Димашқа ерекше ілтипат көр­се­тілгені, көрермендердің көбі Димашты көру үшін жиналғаны жазылған.

 

3

Stalkfest әлеуметтік желісінде Димашқа қатысты бірнеше жазба жарық көрген. Онда жапон халқының Димашқа ыстық ықыласы мен құрметі туралы жылы лебіздерін көруге болады. Бірі қазақстандық әншіге шығармашылық табыс тілесе, енді бірі Жапонияда концерт өткізуін сұрапты. Желі қолда­ну­шылары өз жазбаларында Димашты ұзақ күткенін, сый­лық­тарын беруге асыққанын жазады.

 

4

Ал фестивальдің ресми парақ­шасы Asia-Pacific Broadcasting Union-да Димаштың әлемнің 12 тілінде ән салатынын жазыпты. Сонымен қатар бұл жерде концертке қатысқан басқа да өнерпаздар туралы ақпарат жарияланған. Бізге таныстарының ішінде түрік әншісі Мұстафа Сандал бар. Түркия эстрада жұлдызының концерт соңында Димашпен түсірген Instagram желісіндегі бейнеролигі көптің назарын аударып, талқыға түсті. Мұстафа Сандал Димаш Құдайбергенді Түркияға шақыратынын айтып, Ыстанбұлда концерт беріп, бауырлас халықты да қуантуын сұрайды. 

 

5

Украиналық интернет-портал Gorlovka жапониялық өнерсүйер қауымның әншіні қарсы алуға сақадай сай келгенін хабарлап жазады. Ақпаратқа сүйенсек, олар әуежайға өнерпаздың әндерін шырқап, сөздерін арнайы плакаттарға жазып келген. Ал ең бастысы, Токио әуежайы әнші келген сәтте хабарламаны Димаш үшін арнайы қазақ тілінде жасаған. Мұны естіген тыңдармандар Димаштың «қазақ тілін әлемге танытсам» деген арманының орындалып жатқанына қуанышты.

Димаштың NHK Жапония ұлттық арнасына ана тілінде берген сұхбатына оралатын болсақ, әнші жапониялықтарға алғыс айтып, алғашқы сапары ұнап жатқанын жеткізеді. Арна журналистері талайды тамсандырған дауысының құпиясын, ұстаздары туралы сұрайды. Одан кейін әлемнің талай елінде өнер көрсетіп, миллиондаған тыңдарманның сүйікті әншісіне айналған әншінің еліне деген ерекше құрметі мен сүйіспеншілігіне тәнті екендерін жасырмайды. Жас әнші Қазақстанда туып, қазақтың өнер мектебінен тәлім алғанына мақтанатынын айтады. Осы жерде домбыра туралы әңгіме өрбіп, Димаш аспаптың шығу тарихы туралы әңгімелеп береді. Сұхбат соңында Димаш Құдайберген алдағы уақытта Жапонияда да үлкен концерт беріп, жапон халқына домбыраның сиқырлы үнін естірткісі келетінін жеткізді.

Димаштың бұл сапары да көптің көңілінен шыққаны анық. Оның әлемнің түкпір-түкпірдегі жанкүйерлерінің саны тағы бірнеше миллионға артқаны сөзсіз.