Әдебиет • 25 Қараша, 2019

Аманат арқалаған кітаптар

1173 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітапханада Түркия Респуб­лика­сының Мәдениет және туризм министрлігі мен Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) қол­дауымен Түркияның ғылыми және әдеби шығар­малар авторларының кәсіптік ұйымының (İLESAM) ұйымдастыруымен кітап сыйға тарту шарасы өтті.

Аманат арқалаған кітаптар

Кітап – ел мен елді достастыратын алтын көпір. Оқырманның өзге ел туралы түсінігі ең алдымен кітап арқылы қалыптасады. Бұл орайда ИЛЕСАМ-ның түбі бір түркі елдеріне түрік тіліндегі кітаптарды сыйға тартуы маңызы жоғары, қайтарымы бар жоба деу­ге болады. Өйткені бұл ұйым түрік тіліндегі кітаптарды тек біздің елімізге емес, өзге де мем­лекеттерге аманаттап отыр. Шара барысында сөз алған Түркия­ның қазіргі таңдағы мықты ақын­дарының бірі, аталған ұйым­ның басшысы Мехмет Нұри Пар­­максыз түркі әлемін байланыстырып тұратын көпірді кітап арқылы құру мүмкіндігін айтты. «Біздің тіліміз бен дініміз, мәдениетіміз бен дәстүріміз ұқ­сас. Бұл түркі әлемін байланыс­тырады. Өткен жылы біздің ұйым Әзер­байжан мемлекетіне 15 мың кітапты тегін сыйлап, Ұлттық кітапханаларында бас­пасөз мәслихатын өткізді. Биыл жоспар бойынша Қазақстан және Қырғызстан елдерінің әрқайсысына 10 мың кітапты тегін сыйламақпыз. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласына 5 мың, Алматы қаласына 5 мың кітап таратылады. Біз түрік тіліндегі латын әрпімен басылған бұл кітаптарды сіздерге аманаттаймыз», деді Мехмет Нұри Пармаксыз. Ақынның айтуынша, кітаптардың жанрлары әртүрлі. Әдеби кітаптар, ғылыми зерттеулер, сөздік, энциклопедия, антология, балалар әдебиеті, медициналық басылымдар мен техникалық білім саласындағы жинақ­тардан құралған жиыны 10 мың кітап енді Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы мә­дени орындарға таратылады.

Жиынды жүргізген ақын, Қазақстан Жазушылар ода­ғы Нұр-Сұлтан қалалық филиа­лының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы сөз кезегінде Мехмет Нұри мырза аманаттаған кі­тап­тарға қиянат жасалмай­тынын жеткізді. Түбі бір түр­­кі халықтарының дос­ты­ғы кітап арқылы да, қазір­гі түркі әлеміндегі көзі тірі қа­лам­герлердің адами қа­рым-қатынасы арқылы да жал­ғастығын табатынын айтты.