Қазақстан • 25 Қараша, 2019

Алматыда Қыздар университетінің 75 жылдығы атап өтіледі

630 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің құрылғанына 75 жыл толып отыр. Осыған орай 27 қараша күні мегаполисте дара оқу орнының мерейтойы кеңінен аталып өтпек. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.

Алматыда Қыздар университетінің 75 жылдығы атап өтіледі

«75 жыл: даралық пен даналық жолы» атты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, университеттің танымал түлектері мен эстрада жұлдыздары қатысады деп күтілуде.

Қыздар университеті осы жылдары іргетасын нықтаған, өзінің дара дәстүрін қалыптастырған оқу орны еліміздің ұстаздар даярлайтын бірден-бір орталығына айналды. Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезінде – 1944 жылы ашылған бұл бірегей білім ұясының елімізде педагог кадрлар дайындаудағы алатын орны өлшеусіз үлкен. Өйткені, оны осы мерзім ішінде кең-байтақ республикамыздың түкпір-түкпірінен, әсіресе ауылдық жерлерден білімге шөліркеп келген мыңдаған қазақ қыздары бітіріп шықты.

Ең бастысы – Қыздар университеті құрылған күнінен бастап-ақ отандық білім беру мен ғылымның жарқын үлгісі, кәсіби білікті ғылыми және педагогикалық мектептердің бастау көзі болды.

Бүгінде университет әлемнің 70-ке жуық жоғары оқу орнымен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Оның ішінде Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университеті, АҚШ-тың Миссисипи  алқабы  мемлекеттік  университеті, Ұлыбританияның Western  international  сollege оқу орнымен және  Польшаның Катовицахтағы  Силез  университетімен қосдипломды білім беру бағдарламасы сәтті жүзеге асып келеді.

Биік белеске бет алған білім ордасына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 25 желтоқсандағы Жарлығымен «Ұлттық» мәртебесі берілді. Бұл – еліміздің өрісін кеңейтуге сүбелі үлес қосып келе жатқан ұстаздар қауымына деген құрметтің айқын үлгісі деп топшылауға болады.

Университет 75 жылға жуық уақыт аралығында өзінің қалыптасуы мен дамуы жолынан өтті. Ұлт зиялылары қызмет атқарған ұлағат ұясында осы уақыт аралығында 60 мыңнан астам білікті маман даярланды.

Қыздар университеті – тек педагог даярлап қана қоймайды, ол ұрпақ тәрбиешісі ретінде саналатын болашақ мамандардың бойына халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан тағылымды тәрбиесін, ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрін сіңіреді. Бұл – арулардың парасат мектебіне айналған білім ордасының өзіндік ерекшелігі.

Оқу орнында бүгінде жеті мыңға жуық білімгер сапалы білім, саналы тәрбие алуда. Биыл олардың қатарын мыңнан астам студент, 115 магистрант пен 10 докторант толықтырды. Университет түлектерінің жұмысқа орналастыру көрсеткіші 2019 жылы 93 пайызды құраған.