«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» басқарма төрағасы Ахметжан Есімов батыс өңіріне жасаған сапарында «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан кешеннің құрылыс алаңдарын аралап көрді.
Бұл жоба Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай салынып жатыр. Шамамен 10 жыл бұрын көмірсутек шикізатын терең өңдеу және полиэтилен шығару бойынша мұнай-химия өндірістерін құратын интеграцияланған газ-химия кешенін салу туралы Елбасы тапсырмасынан кейін, «Самұрық-Қазына» қоры басшылығының шешімімен 2018 жылдың маусым айында жоба «ҚазМұнайГаз» сенімгерлік басқаруына берілген болатын. 2019 жылдың соңына қарай жобаны іске асыру қарқыны 53%-ды құрамақ. Жобаға жаңа менеджмент, яғни «Самұрық-Қазына» тобы келгенге дейін, бұл көрсеткіш 6% деңгейінде болғанын айта кету керек.
«Нысанның құрылысы 2021 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Жоба жылына 500 мың тонна полипропилен өндіруге мүмкіндік береді. Аталған жобаның құрылыс алаңдары 2 мыңнан астам адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. Кешен құрылысында оң ілгерілеу бар, бұл жоба мұнай-химия саласын дамытудың бастамасы болмақ. Ел үшін де маңызы зор кешен», деді сапар кезінде Ахметжан Есімов.
Бұдан өзге, жұмыс сапары кезінде қор төрағасы пропан-пропилен бөлуге арналған ірі көлемді сплиттер колоннасы құрылысының аяқталу салтанатына арналған рәсімге қатысты. Дайын колоннаның салмағы 1 100 тоннаны құрайды, ұзындығы 105 метр, диаметрі 8 метрден асады, сондай-ақ жеті бөлек секциясы бар.
Колонна Kazakhstan Petrochemical Industries интегрецияланған газ-химия кешені құрылыс алаңына дейін Атырау-Доссор трассасының бойымен үш тәулік ішінде арнайы жүк көлігімен тасымалданады. Маршруттың жалпы ұзындығы – 45 шақырым.
Сонымен қатар Ахметжан Есімов қуаты 310 МВт газ турбиналы электр стансасын іске қосу салтанатына қатысты. Бұл электр стансалары «Ұлттық индустриялық мұнай – химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағындағы нысандарды электр қуатымен, сондай-ақ жоғары қысымды бумен қамтамасыз етуге бағытталған.