Үкімет • 26 Қараша, 2019

Өмір сапасын жақсартуға бағытталады

131 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қостанайға жасаған сапарында негізінен өңірдің әлеуметтік тынысына көңіл бөлді. Федоров ауданындағы Таза Шаңдақ ауылында ашылған фельдшерлік-акушерлік пунктті қарады, жас мамандарға жалға берілетін үйлерді көрді.

Өмір сапасын жақсартуға бағытталады

Аудандағы және облыстағы жетекші шаруашылықтардың бірі «Тұрар» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігінің ұжы­мы­­мен кездесті. «Тұрар» – егін және мал шаруашылы­ғымен қатар айналысатын, аудандағы ең ірі салық төлейтін кәсіпорын. Мәселен, 2018 жылы қазынаға 118 миллион теңге құйды.

Бердібек Сапарбаев еңбек ұжы­мымен емен-жар­қын әңгі­меде ауылдағы әлеумет­тік жағ­дайды, ауыз сумен, отын­мен қамтамасыз ету және меди­ци­налық көмектің, жалақы­ның көлемі мен берілу мерзімі қандай екенін сұрады. Шаруа­шы­лықта жыл бойы жұмыс болады. Оның үстіне ауыл тұр­ғындары мал ұстайды, өз отбасын сүтпен, етпен қамтамасыз етеді. «Тұрар» шаруашылығы жас мамандарына арнап 15 кең, барлық қолайлылығы ескеріл­ген үйлердің құрылы­сын жал­ғастырып отыр. Шаруашы­лықтағы орташа айлық жалақы 163 мың теңгені құрайды.

Вице-премьер Қостанай­дағы азық-түліктің бағасына көңіл бөлді. Ол облыс орталы­ғын­дағы «Rauzet» супермаркет дүкеніне кіріп, күнделікті пайдаланылатын негізгі азық-түлік түрлерінің бағасын сұрады. Өңірлік игілік қоры қызметінің шеңберінде 8 мың 700 тонна 14 түрлі әлеуметтік маңызға ие азық-түлік үшін 1 миллиард 281 миллион теңге бөлінді. Нан бағасы тұрақты және нау­бай­ханалардың жұмысы үздік­сіз жүруі үшін «Тобыл» әлеумет­тік-өнеркәсіптік корпорациясы бірінші сұрыпты 3191 тонна ұнды 300 миллион теңгеге сатып алды.

– Наубайханаларға түсетін ұн іріктеледі, игілік қорынан келген ұн 94 теңгеден алынады. Наубайханадан әлеуметтік нанның бір бөлкесі 80 теңгеден босатылады, дүкендерде бұл 83 теңгеден сатылады, – деді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жансұлтан Тәукенов.

Вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен Әлеуметтік әріптестік, әлеу­­меттік және еңбек қатынас­тарын реттеу жөніндегі рес­пуб­лика­лық үш жақты комис­сия­ның отырысында Президент Жол­дауына орай мемлекеттік әлеу­меттік еңбек саясаты мәсе­ле­ле­рі сөз болды. Онда алдымен об­лыс әкімі Архимед Мұхам­бетов өңірдегі еңбек қатынас­тары, яғни еңбек тәуекелдері картасы, жалақы қарызы туралы баяндады.

– Облыстағы салалық кәсіп­одақ­тар 21 келісімге қол қойды. Ұжымдық келісімдер ірі және орта кәсіпорындардың 97 пайызын қамтиды. Мониторинг нәти­жесі көрсеткендей, об­лыс­тағы кәсіпорындар мен меке­ме­лерде жалақы қарызы жоқ. Ал өңірдегі банкротқа кет­кен 2 кә­сіп­орынның 77 жұмысшы­ға бере­шегі 16 миллион теңгені құрайды, – деді Архимед Бегежанұлы.

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев аталған комиссияның басты міндеті кәсіпорындарда еңбек дауының өршуіне жол бермеу, оның алдын алу болып табылатынын ескертті.

 

ҚОСТАНАЙ