Аймақтар • 26 Қараша, 2019

Анаға құрмет – перзенттік парыз

173 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түлкібас ауданы орта­лы­ғындағы «Тұңғыш Прези­дент» саябағының алдынан демеушілер есебінен бой көтерген «Ана мен бала» монументі ашылды.

Анаға құрмет – перзенттік парыз

– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмыт­пай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеу­нік­тер­ді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйым­дас­ты­рып, қолдау керек», деген болатын. Осы мақсатта бүгін ауданымыздың тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Жайлау Пірәлиев атамыздың балалары мен немерелері кін­дік қаны тамған жеріне тату­лық пен бейбітшіліктің символы саналатын «Ана мен бала» монументін тұрғызып, жерлестеріне үлкен сый жасап отыр, – деді ескерткіштің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Е.Күзембаев. Ал монументтің авторы Қазақстан көркемсурет академиясының академигі Тілеуберді Бинашев осы уақытқа дейін қазақ дала­сының батырлары, қоғам қай­рат­керлері, әулиелері мен бабаларына ескерткіш жасап келгенін, олардың бәрі алтын құрсақты анадан туылғанын атап өтті. «Ана мен бала» монументінің авторы болғаныма қуанамын. Бұл ана бір әулеттің ғана емес, бүкіл қазақ даласының анасы»,  дейді Т.Бинашев. Монументтің орнатылуына демеушілік жасаған Пірәлиевтер әулеті тоғыз ағайынды. Бүгінде бәрі Алматы қаласында тұрады. «Ағайындар келісе отырып, ананың монументін салып, құрметімізді білдірейік деп шештік. Мұның қоғамдық – тәрбиелік мәні зор. Себебі әрбір адам ескерткішке қарап, ондағы «Ана – ұлы. Ана – қымбат. Ана – құдіретті жан!» – деген жазуды оқып ойланады. Ең бірінші бізге керегі – тәрбие, одан кейін – білім. Біз білімге кетіп тәрбиені ұмыт қалдырдық. Тәрбие бар жерде білім өзі келеді», дейді педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серік Пірәлиев. Аталмыш шара барысында сөз алған аудан ардагерлері «Ана мен бала» ескерткіші тәрбиенің, татулық пен бейбітшіліктің және туған жерге деген құр­мет­тің көрінісі екенін айтып, Пірәлиевтер әулетіне алғысын білдірді.

Айта кетелік, ауданда де­меу­­­ші­лер есебінен бой кө­тер­­ген нысандар қатары соң­­ғы жылдары арта түскен. Мы­са­лы, өткен жылы Алға­бас, Рыс­құлов ауылдарында Екін­ші дү­ние­жүзілік соғысқа аттан­ған жауынгерлер мен тыл ең­бек­­керлері, Батыр ана­лар­дың ес­ім­дері жазылған ескерт­кіш­­тер ашыл­ды. Аудан­ның 90 жыл­дық мерейтойына орай мем­ле­кет қайраткері Тұрар Рыс­­құ­лов­тың ескерткіші бой кө­тер­ді. Түлкібас стансасын­да тұңғыш қазақ инженері Мұха­мед­жан Тынышбаев пен Тұрар Рыс­құлов бейнеленген ес­керт­кіш орнатылды.

 

Түркістан облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51