Әлем • 26 Қараша, 2019

Еуропа төрінен Ержан әні төгілгенде...

458 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Еуропа төрінен Ержан әні төгілгенде...

Гливице – Польшаның оңтүс­тік-батыс бөлігінде орналасқан, жергілікті әсем табиғат пен өзіне тән сәулетті үйлестірген қала. Өткен аптаның өн бойында әлемдік қауымдастықтың назары осы бір шаһарға ауды десек, артық айтпаспыз. Оның басты себебі үш құрлықтың 19 мемлекетінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар өнерпаздар қатысқан «Балалар Евровидениесі-2019»  байқауы еді. Аталған байқауға еліміздің үкілі үмітін  арқалаған отандасымыз Ержан Максим де қатысқаны белгілі. Сонымен жылына бір рет туын көтеретін әнші балалардың басты өнер додасы қалай өтті? Біз де ән өнерінің көрігін қыздырған осы айтулы шараның ортасынан табылып, аламанның дүбіріндей болған бойдағы қанды қыздырар жарыстың ауанын сезінген едік.

Балалар байқауы Гливице қала­сындағы құрылысы 2018 жы­лы аяқталған, заманауи сәулетті  Arena Gliwice спорттық – кө­ңіл көтеру кешенінде өтті. Ха­лық­аралық ән байқауының финал­дық күні аталған кешеннің маңы жарысқа қаты­сушы мемле­кет­тердің түрлі-түс­ті  бояудағы туларын қолына ұс­та­ған қарақұрым халыққа толы болды. Бейнебір алып өзен сы­қылды адам лек­терінің арасында әсіресе ата-әжелерімен, әке-шешелерімен ере келген жас жет­кіншектердің қатары көп еді. Аумақтағы ты­ныш­тықты қам­та­масыз етуші поли­ция қыз­мет­керлері, ондаған камера­ алдында хабар таратып жат­қан те­левизия журналистері шара­ның маңыздылығынан хабардар ет­кенімен, кешенге кірер жолда ұзын-cонар кезекте тұрған адам­дар­дың жүздеріндегі күлкі, көте­рің­кі көңіл күй ән байқауына жал­пы мерекелі сипат беріп тұрды.

Ән додасына келушілер арасынан аспан түстес көк тулары­мыз­ды көтерген, Ержанды қол­дау мақсатында арнайы келген  отан­дас­тарымызды да көптеп кезіктірдік.

Байқау Варшава уақытымен 16.00 басталды. Ән салу реті бірнеше күн бұрын жеребе барысында анықталған ретпен жүргізілді.  Финалдық байқау кезеңінің шымылдығын австриялық жас әнші – Джордан Энтони өзінің «We Will Rise» әнімен ашты.

Австралиялықтың  соңын ала сахнаға көтерілген Франция үміті – Карла өзінің ана тілінде алғашқы сезім туралы әнін орындап, әннің ойнақы иірімдері жиналған қауымға тың энергия бергендей болды. Трибуналардан мен мұндалаған «француз үшжолақтарын» көтерген тыңдарманның қарасы көп екендігі байқалды.

«A Time For Us» әнін шырқаған ресейлік дуэт Татьяна Меженцева мен  Денберел Ооржак  ғаламшардың қорғауды қажет етендігін көпшілікке жеткізуге тырысқан болса, Солтүстік Македониялық Мила Москов өзі орындаған  туындыда  арманның маңызына мән берді.

Барлық қатысушылар басым көпшілігін поляктар құраған тыңдарманнан қызу қолдау алып отырды. Сондай қолдауды сезінген әншілердің қатарына испаниялық Мелани Гарсияны қосуға болады.  Жас әнші «Marte» аталатын әнін шырқау барысында өзінің вокалдық мүмкіндіктерімен қалың көпшілікті тәнті етті.

Испаниялық қыздан кейін: Грузия, Беларусь, Мальта және Уэльс елдерінің өкілдері өз өнерлерін көрсетті. 

Жарыста бағын сынайтын үміткерлер сахнаға қарсы жайғасқан арнайы орында әріптестерінің өнерін тамашалап отырды. «Польша», «Франция» деп ұрандаған көпшілік дауыстарының арасынан біздің жанкүйерлердің арагідік «Қазақстан» және «Ержан» деген дауыстары құлаққа алыстан жетіп жатты. Ержан болса, отандастарының даусын естіп отырғанын аңғартып, күлімсіреп, көк туымызды бұлғаумен болды.

Ержанның өнер көрсету реті кезек бойынша 10 – шы болғандықтан Қазақстан өкілінің шығуымен байқау өзінің бел ортасына да жақындаған –ды.  Келесі әнші Қазақстанның атынан шығатындығы жария етілгенде төңірегіміз: «Ержан алға», «Қазақстан алға» деген дауыстарға толып кетті. Қазақстандық жанкүйерлерді қоршай отырған шетелдік жанкүйерлер де қазақстандық ұланның атын атап, қызу қолдау білдірісіп жатты.  Осындай жағдайда Ержанның орындауындағы Хамит Шаңғалиев пен Данияр Алдабергеновтың авторлығындағы «Арманыңнан қалма» әнінің нәзік иірімдері құлаққа жетті. Әншімізді қолдай шулаған дауыстар бір сәтке сап тыйылды. Әнші көмейінен шыққан: «Кей – кезде болмай, Сынауға жанды –ай, Сәтсіздік ерер қалмай. Арманың сенің жарқ етер атқан таңдай» деген сөздер құлақтан кіріп, бойды алып жатқандай болды.

Ержанның әні оның ту сыртында көрсетіліп жатқан тақырыптық нәзік анимациямен шебер үйлесімділікте шырқалды. Жас әншіміздің төрт минутқа жетпес әннің ішінде киімін ауыстырып сахнаға қайта оралуы да ұтымды шықты.

Жас дарынымыз әнін аяқтағаннан кейінгі тоқтаусыз ду қол шапалақтау едәуір уақытқа созылып, балалар байқауын өткізуші елдің өкілінің шығуымен жалғасып кетті. Польшалық 12 жастағы Вики Габордың  «Superhero»  атты әнінде тұтас әлемнің біздің ортақ үйіміз екендігіне басымдық берді. Ән ағылшын және поляк тілінде шырқалды.

Польша әншісінен кейін Ирландия, Украина, Нидерланды, Армения, Португалия, Италия және Албания елдерінің өкілдері өз өнерін көпшілік алдында паш етті. Ал «Балалар евровидениесі 2019» ән байқауын Сербиялық жас әнші – Дария Врачевич тәмамдады.

Осылайша, конкурсанттардың ән шырқау кезеңі де аяқталып, кезек ең толғанысқа толы дауыс беруге де келіп жетті. Аталған кезеңнің қазылардың дауыс беруі мен жалпылама дауыс беру кезеңінен құралғандығын айтуымыз керек. Дегенмен, үш құрлықтың кіл мықтыларын жинаған өнер байқауында жеңімпаз бен жүлделі орын иелерін анықтау оңай соқпағандығын айтуға тиіспіз. Осы орайда, кім жеңіске жетеді? деген сауалдың дауыс берудің соңына дейін сақталып, қобалжу сезімі байқау біткенше сақталды.

Сонымен, қазылардың дауыс беруі бойынша ә дегеннен еліміз үмітін арқалаған Ержан Максим суырылып алға шықты. Кәсіби музыка мамандарынан тұратын қазылардың көпшілігі Ержанды қолдаған екен. Алайда, жалпы дауыс берудің қорытындысы бойынша отандасымыз екінші орынға ие болып, өзінің жарыс алдындағы жүлделі үштікке ену межесін асыра орындады.

Дауыс беру сәтінің Ержанға оңай тимегендігі анық, оны әр қатысушының реакциясын бақылаған поляк операторларының камерасы көрсетіп тұрды.

Байқау қорытындысында бірінші орынды Польша, екінші орынды Қазақстан иемденген болса, үшінші орын Испанияға бұйырды.

Осылайша, жас дарын Ержан Максим балалардың әлемдегі ең үздік  ән байқауында еліміздің намысын абыроймен қорғап, Димаш ағасы сынды туған жерін, қазақ халқын әлемге паш етті. Қосымша, әншіміздің тұтас түркі тілдес елдерден қатысқан бірден бір үміткер болғандығын айтумыз керек.

Дауыс беру нәтижелері белгілі болғасын бойымызды қуаныш кернеп, жаппай құтты болсын айтып жатырмыз...Жас әншіміздің өнеріне тәнті болған шетелдік жанкүйерлер де отандастарымызға келіп өздерінің ыстық лебіздерін білдірісіп  жатты.

Осындай эйфория жағдайында сезімдерін білу мақсатында Ержанды және оның ата –анасын іздедік. Олармен  қатысушылардың пресс – конференциясы алдында сөйлесу мүмкін болды. Бойларын қуанышты толғаныс тербеген жанұя мүшелерімен қысқаша сұхбаттастық:

Ержан Максим, «Балалар Евровидениесі 2019» ән байқауының ІІ орын иегері: Екінші орын деген жақсы....Қуаныштымын! Жуырда мен Польшада, Лондон мен Мәскеуде концерт беретін боламын. Жаңалық күтіңіздер.

Гүлмира Әлібек, Ержанның анасы: Ержан үшін тақымын қысып, қолдау көрсеткен, даусын беріп қолдау білдірген халқымызға үлкен жүрекжарды алғысымызды айтамыз.  Әрине, отбасы мүшелері,   бүкіл мамандар, вокалистер  күн – түн демей жұмыс жасадық. Қиыншылықтар да болды... Сол кездерде жанымыздан  табылып, еліміз атынан өнер көрсеткен Ержанымызға жағдай жасаған барша кәсіби мамандарға алғысымызды білдіреміз. Ержанды үкілеп қосқан тұлпардай баптауға көмектескен сіздерге рақмет!  Бұл ортақ жеңіс, бұл елдің жеңісі! Біз сіздерді жақсы көреміз!

Ербол Максимұлы, Ержанның әкесі: Көңіл күйіміз өте керемет! Тұтас еліміз қуанып жатыр! Айтарым, ұлымыздың ел үмітін ақтағанына ата – анасы ретінде ерекше қуаныштымыз! Әрине осы аламанның дүбірі алыстан естілгеннен жасырмаймын уайымдадық. Елдің сенімінің ауыр екендігін сезіндік...Келешекте де  ұлымыздың өз өнерін талай байқауларда көрсетіп, еліміздің намысын қорғай береді, халқымыздың атын әлі талай паш етеді деп сенеміз. Ержанның кәсіби білім арттыра түсу мақсатында Мәскеуде еңбектеніп жатқанымызды білесіздер. Бастысы қазақ елінің жақсы азаматы ретінде қалыптассын деп тілейміз.

Осылайша, Польшаның Гливице қаласындағы «Балалар Евровидениесі 2019» халықаралық ән байқауы да өз мәресіне жетті. Талай жас дарындарға жол ашқан додада 2020 жылы қайта жүздескенше дейік!

 

Жандос Әуелбекұлы,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін

Гливице  (Польша)