Хоккей • 26 Қараша, 2019

«Барыс» тағы жеңілді

176 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) сынға түсіп жатқан елорданың «Ба­рыс» клубы «Барыс Аренада» Ха­баровскінің «Амур» командасымен кездесіп, қосымша уақытта есе жі­берді.

«Барыс» тағы жеңілді

Бес мың жанкүйер тамашалаған ойынды жерлестеріміз тамаша бастады. Бірінші кезеңнің 14-минутында Аркадий Шестаков ойыншылар санының басымдығын пайдаланып, командасын есепте алға шығарды. Екінші кезеңді де жоғары деңгейде бас­таған «Барыс» ойыншылары 35-минутта таблодағы есепті еселей түсті. Шайба авторы – Павел Акользин.

Екі шайба артықшылығымен алда тұрған «Барыс» хоккейшілері тым еркінсіп кетті ме, әйтеуір екінші кезең соңында қақпасына гол өткізіп алды. Томаш Зогорнаның шайбасынан кейін есеп 2:1-ге қысқарды. Ал үшінші кезең басталған бетте «Амур» ойыншысы Ондржей Витасек мергендігімен көзге түсіп, есепті теңестіріп кетті.

Дегенмен овертаймда Хабаровскіден келген хоккейшілердің бағы жанды. 64-ми­­нутта Игорь Руденков гол соғып, ко­ман­дасына жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп – 2:3. «Барыс» келесі ойынын бүгін Маг­ни­тогорскіде жергілікті «Металлург» коман­дасына қарсы өткізеді.