Туризм • 26 Қараша, 2019

Тоғыз өңірдің тур операторлары Бурабайдың әлеуетімен танысты

375 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы ұйымдастырған үшінші республикалық ақпараттық тур өз мәресіне жетті.  Қарашаның 22-24 аралығындағы үш күндік тур аясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 23 тур оператор Щучинск-Бурабай курорттық аймағын аралады. Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Тараз, Шымкент, Қостанай, Петропавл, Семей, Өскемен және Елорданың өкілдері жергілікті турөнімді пысықтап, жаңа ұсыныстармен танысты. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Тоғыз өңірдің тур операторлары Бурабайдың әлеуетімен танысты

Ақпараттық турдың алғашқы күні Ақмола облысы мен Щучинск-Бурабай курорттық аймағының таныстырылымы және b2b кездесулер ұйымдастырылды. Нәтижесінде, өңірлерден келген тур операторлар жергілікті туристік бизнес өкілдерімен әріптестік жөніндегі меморандумдарға қол қойды.

Курорттық аймақпен тереңірек танысу үшін турға қатысушылар бірқатар туристік нысандарға ат басын бұрған еді. Олардың ішінде, ашық аспан астындағы Ботай дәуірінің тұрағы «Ботай Бурабай» музейі, Тас ауылы, Абылай хан алаңдары бар.

Сондай-ақ экскурсия барысында тур операторлар Бөлектаудың басына шығып, соқпақ жолмен жүрді. Бұдан кейін, марал өсіретін шаруашылық мен пантокрин негізінде медициналық ем- дом жасайтын санаторийдің жұмысымен танысып, «Burabayland» отбасылық демалыс саябағындағы жеке резиденциясы бар Аяз атамен кездесті.  

Ақпараттық турдың екінші күні тур операторлар тобы Оқжетпес баурайындағы шипажай және Бурабай, Большое Чебачье көлдері жағасындағы демалыс орындарына ат басын бұрды. Тур операторлар күн ұзақ әр қонақүйдің ұсынар ас мәзірі, ойын-сауық бағдарламасы мен бағасын бағамдады. Бұдан бөлек, былтыр қолданысқа берілген тау-шаңғы трамплинін тамашалады. Осылайша, ақпараттық турдың екінші күнінде тур операторлар қол жетімді бағадағы және люкс санатына енетін қонақүйлердің тізімін жасақтады.    

Бағдарламаның  үшінші күні ақпараттық турға қатысушылар Зеренді ауданының туристік әлеуетіне зер салды. Қарағайлы орманның саясындағы нысандардың дені отбасылық демалысты ұйымдастыруға лайықталған. Сондай-ақ мектеп демалысы кезінде оқушыларды қабылдауға арналған нысандар да қарастырылған. Айта кетерлігі, мұндағы бұрынғы демалыс нысандарын абаттандырып, жаңғыртуға, сонымен қатар, жаңа үлгідегі қонақүйлерді салуға мемлекеттік қолдау сеп болып отыр.

Қостанайлық тур операторы Алмагүл Есенееваның пікірінше, Зерендідегі туризмді дамытуға жергілікті кәсіпкерлердің ден қойғаны тәнтті етеді. «Туған өлкесін жан-тәнімен сүйетін, әрі сырттан келуші меймандарды жылы қарсы алатын жанашыр азаматтарды көргенде, бұл өңірдегі туризмнің міндетті түрде дамитынына көзім жетті. Демек, алдағы уақытта тұрғындарды еш алаңсыз осы жерлерге жіберуге болады. Ішкі туристерді ғана емес, шетелдік туристерді де Бурабайға шақыратын боламыз,» - дейді қостанайлық тур оператор.

Осылайша, Бурабайдың туристік әлеуетімен таныс болған ақпараттық тур қатысушылары ішкі нарықта жаңа өнімдерді ұсынуға болатынына тағы көз жеткізді. Үш күнге созылған тур бағдарламасының тығыздығына қарамастан, аймақтық тур операторлар қажет ақпаратпен алмасып, өзара байланыс орната алды.

Елордалық тур оператор Мейрамгүл Жалғасқызының айтуынша, мұндай ақпараттық турлардың тигізер пайдасы мол. «Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, ішкі туризмдегі ұсыныстарды бағамдауға тур операторлардың өздігінен шамасы келмес еді. Еліміздің тур бизнес қауымдастығының талап-тілегін жерге қалдырмай, осындай шарапаты мол шараның ұйымдастырған «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы және ҚР Туризм индустриясы комитетіне алғысымыз зор», - дейді Мейрамгүл Жалғасқызы.

Атап өтерлігі, Бурабай курорттық аймағы  туристік картаның ТОП-10 басым бағытының тізіміне енсе, Зеренді ауданы ТОП-50 қатарында. Бурабайдағы туризм төрт негізгі аймақта, атап айтқанда санаториялық-курорттық аймақ, астана маңындағы демалыс аймағы, киелі жерлер мен қорық аймағы, және табиғи аймақта жүзеге аспақ.

 «Бурабай курортының тартымдылығын арттырып, жыл он екі ай бойы жұмысын қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкерлерді іске тарта отырып, «Four seasons», яғни, жылдың төрт бірдей мезгіліндегі жұмыс тұжырымдамасын әзірледік»,  - дейді жергілікті туристік ақпараттық орталық жетекшісі,  Ерлан Мусипов. Биылдың өзінде облыс аумағында 52 шара ұйымдастырылған.

Естеріңізге сала кетсек, отандық тур операторларға арналған ақпараттық тур ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен үшінші мәрте ұйымдастырылды. Жыл соңына дейін тағы бір турды ұйымдастыру жоспарда бар.