Үкімет • 26 Қараша, 2019

«Азаматтарға арналған үкімет» 10 айда 24 млн астам қызмет көрсетті

158 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында «электронды үкіметті» дамыту және тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселелері қаралды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрайымы Әсемгүл Балташева Мемлекеттік корпорацияның жұмысының қорытындылары туралы айтып берді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.  

«Азаматтарға арналған үкімет» 10 айда 24 млн астам қызмет көрсетті

Бүгінгі күнде Мемлекеттік корпорация азаматтарға 648 (89,6%) мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Ағымдағы жылдың 10 айы көлемінде 24 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, азаматтарды электрондық қызметтерге оқыту бойынша ауқымды жұмыстардың нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда Корпорацияға келіп алынатын қызметтер 4,1 млн-ға азайды. Әлеуметтік зерттеу нәтижесінде халықтың қанағаттану деңгейі – 85,7 % құрады.

«Республика бойынша 16 мамандырылған орталық пен 86 сектор жұмыс істейді, 10 айда 2 млн-нан аса қызмет түрі көрсетілді, жүргізуші куәлігін беру бойынша 32% жуық қызмет (111 мың) онлайн форматта алынды. 1 шілдеден бастап Ішкі істер министірлігінің ақпараттық жүйелерді интеграциялауының арқасында, жүргізуші куәлігін алу мен автокөлікті қашықтықтан тіркеудің жаңа бизнес-процесс іске қосылды», — деді Ә. Балташева.

Мемлекеттік корпорация төрайымының айтуынша, шетелдік азаматтарға қызметтерді жеңілдету үшін 17 көші-қон орталығы жұмыс жасайды. Ағымдағы жылда 246 мың қызмет көрсетілген. Процесс 5 күннен 1 сағатқа қысқарды. Ішкі істер министірлігімен бірге мемлекеттік қызметтерді жетілдіру жалғастырылады.

Сонымен қоса, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес «Зерде» холдингі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, цифрлық сауаттылыққа оқыту курстарын өткізіп жатыр. 2019 жылы 664 мың кәсіби маман және 532 мың азамат оқытылды, оның ішінде 78 мыңнан аса әлеуметтік осал топтардың азаматтары оқытылды.

«Тұрғындарға EGOV порталын үйрету жұмысы –  Корпорацияның тікелей міндеті. Бұл мақсатта біздің өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары мен цифрлық ХҚКО-ларды атап өту қажет. Тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру үшін фронт-офистерді жаңадан трансформациялау жүргізілді, яғни орталықтардың 60%-ы – өзіне-өзі қызмет көрсету секторы, қалған 40% – операторлардың жұмыс орындары», — деп түсіндірді Ә. Балташева.

Барлық өңірлерде «Connection point» секторлары 13 млн-нан аса азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Өткен жылмен салыстырғанда, кеңес берулер саны 3 млн қызметке артты.

Сонымен қатар, «Қалтадағы ХҚКО» концепциясын ілгерілету үшін фронт-офистерде мобильді тіркеу секторлары жұмыс істейді, онда тұрғындар Мобильді азаматтар базасына тіркеледі және әлеуметтік желілердегі Chat-боттар, Egov, Mgov мобильді қосымшаларын орнатуды және олар арқылы қызмет алуды үйретуде көмек көрсетіледі.

«Бүгінде 7 млн аса пайдаланушы мобильді азаматтар  базасында тіркелді, 645 мыңнан астам азамат телеграм-ботты, eGov mobile жаңа мобильдік қосымшасын 205 мың азамат жүктеп алды», — деді ол.        

Сонымен қатар, электрондық қызметтерді алу дағдылары  бойынша 18 цифрлық ХҚКО енгізілді, яғни электрондық қызметтерді операторсыз өз бетінше алып оқытуға сыныптары бар.

Халықты оқыту бойынша 73 мыңнан астам семинар өткізіліп, оның ішінде 29 мыңын цифрлық орталықтарда және 44 мың адамды жұмыс орындарында шығу топтары барып оқытты, электронды қызметтерді (EGOV.KZ, Mgov, Chat-боттар) пайдалану дағдыларына тереңінен оқыту бойынша 1,3 млн астам сертификат берілді.