Аймақтар • 26 Қараша, 2019

Қарағандыда «Бір Отан. Бір Тағдыр. Бір Елбасы» атты көрме ашылды

184 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Бір Отан. Бір Тағдыр. Бір Елбасы» атты көрме ашылды. Тәрбиелік мәні зор бұл мәдени шара аясында жұрт назарына  тарихи тұрғыдағы құндылығы жылдан жылға артып келе жатқан жәдігерлер ұсынылған.

Қарағандыда «Бір Отан. Бір Тағдыр. Бір Елбасы» атты көрме ашылды

Нақтырақ айтқанда, көрме сөрелерін Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығынан алынған экспонаттар толықтырған. Олардың арасында Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты түрлі кезеңдердегі  фотосуреттер мен құжаттар, сондай-ақ Елбасына өзге мемлекеттер басшылары табыс еткен естелік сыйлықтар бар. Мысалы көрме қонақтары бұл жерден Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-нің сыйлығын, 2010 жылы Ресей  президенті Дмитрий Медведев сыйға тартқан күміс медальді көруге болады.

Сонымен қатар, көрме сөресінен Қазақстанға сапары кезінде Беларусь президенті Александр Лукашенко сыйлаған аспалы тәрелке де орын алған.  Шеті ою-өрнекпен көмкерілген, ортасында шағын бедерлі шеңбері бар бұл кәдесый Қазақстан мен Беларусь халықтарының достығы мен өзара түсіністігін бейнелейді.

Сондай-ақ келушілер назарына 2011 жылы Елбасына Қырғыз Республикасының делегациясы табыс еткен арқар мүйізінен жасалған кәдесый композициясы да ұсынылған. Бұл қолөнер туындысында бауырлас түркі халықтарының туысқандығы асқан шеберлікпен кескінделген.

Жәдігерлердің арасынан «Қазақстан» кәдесый композициясына да орын тиіпті. Мұндағы «Найзалы салт атты» туындысын «Атриум» орталығы сыйға тартқан.

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы арасындағы ынтымақтастық аясында ұйымдастырылған көрменің есігі 10 желтоқсанға дейін келушілерге ашық болады.

 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

Қарағанды облысы