Саясат • 26 Қараша, 2019

Мәулен Әшімбаев: Бұл – қазақ пен қырғыздың достық қатынастарын одан әрі нығайтуға бағытталған басқосу

244 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Бішкек қаласында Халықаралық Түркі академиясының мұрындық болуымен «Бекем бауырластық байланыстар» атты қазақ-қырғыз зиялыларының IV форумы өтті.

Мәулен Әшімбаев: Бұл – қазақ пен қырғыздың достық қатынастарын одан әрі нығайтуға бағытталған басқосу

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыстанға мемлекеттік сапары қарсаңында өткен жиынға ҚР Президентінің көмекшісі Мәулен Әшімбаев, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Сұлтан Раев, екі елдің білікті ғалымдары, танымал қоғам қайраткерлері, руханиятының белді өкілдері қатысты. Алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі модератор болды.

Жиынның беташарында сөз алған Президент көмекшісі Мәулен Әшімбаев:

– Өздеріңізбен осындай алқалы жиында кездескеніме қуаныштымын! Ең алдымен, баршаңызды Қазақ-қырғыз зиялыларының IV форумының ашылуымен құттықтаймын! Қазақ пен қырғыз – бір-біріне бауырлас халықтар. Алатаудың қос бөктерін жайлаған екі елдің ділі мен діні ортақ, тілі де өте ұқсас. Қырғызстан – біз үшін тек көрші ғана емес, сонымен бірге бауырлас, тарихы тамырлас мемлекет. Ұлы Абай: «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды», деген. Қырғыздың атақты ақыны Молда Қылыш та «Қырғыз-қазақ – алаштан» деп, егіз елдің бірлігін жырлаған. Сондықтан тағдыры үндес елдеріміз әрдайым бір-біріне қолдау көрсетіп келеді,– деп атап өтті.

Мәулен Әшімбаев Тәуелсіздік алған күннен бастап өзара байланысты тереңдетуге екі елде де баса мән беріліп келе жатқанына тоқталды.

– Бұл мәселе Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басты назарында болды. Нәтижесінде, екі мемлекет арасында Мәңгілік достық туралы шартқа қол қойылды. Ертең Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қырғызстанға мемлекеттік сапармен келеді. Қырғызстанның Президенті Сооронбай Шарипұлы Жээнбековпен кездесіп, екі мемлекет басшылары елдеріміз арасындағы қарым қатынастарды әрі қарай дамыту мәселесін талқылайды. Бұл – екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін маңызды сапар болады деп сенеміз. Соның барысында өзара тиімді келісімдерге қол жеткізіледі деп күтілуде. Осы ретте екі жақты байланыстарды нығайту ісінде зиялы қауым өкілдері де маңызды рөл атқаратынын атап өткен жөн.  Президенттеріміздің кездесуінің алдында өтіп отырған бүгінгі форум – соның айқын дәлелі. Бұл – қазақ пен қырғыздың достық қатынастарын одан әрі нығайтуға бағытталған басқосу, – деді М.Әшімбаев.