НЗМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Күн энергиясы мектептерге» жобасы Энергетика министрлігі, «Шелл» компаниясы мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы қол қойған ынтымақтастық туралы меморандум негізінде жүзеге асуда. Жоба Зияткерлік мектеп оқушыларының STEM білім-біліктерін дамытуға, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, табиғатты, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Зияткерлік мектептермен тығыз қарым-қатынас орнатқан «Шелл Қазақстан» компаниясының өкілдерімен кездесу бағдарламасы түрлі іс-шараларға толы болды.
Кездесу Нұр-Сұлтан қаласындағы IB Зияткерлік мектебінің, Халықаралық мектептің, физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің физика пәні мұғалімдеріне арналған дәріспен басталды. Халықаралық инженерлік-консалтингтік ILF компаниясының жетекші инженері және жобалық менеджері Штефан Рауэр (Steffen Rauer) және күн жүйелерін орнатумен айналысатын «МЕК-Астана» мердігер компаниясының бас инженері Азамат Байтасов мұғалімдерге қалпына келетін энергия көздерін дамытудың басым бағыттары туралы баяндап, Нұр-Сұлтан, Ақтау, Орал қалаларындағы Зияткерлік мектептерге орнатылған күн панельдерінің «құпиясын» ашты.
Күн панельдерін қолдану тиімділігі, фотоэлектрлік панельдермен жабдықталған арнайы тұрақ ерекшеліктері туралы мұғалімдердің қойған сұрақтарына дәрісшілермен қатар «Шелл Казахстан» компаниясының коммерциялық кеңесшісі Анатолий Леонтьев те дәйекті жауап берді.
Кездесу барысында қонақтар мектепті аралап, оқу кабинеттерін көрді, «Технотроника» орталығында болып, қайта қалпына келетін энергия көздері технологияларына арналған оқушылардың ғылыми жобаларымен танысты.
12-сынып оқушылары Қасымхан Ынтықбаев, Нұралы Дүйсенов қонақтарға энергияны желісіз тарату әдістері мен оларды қолдану жолдары жайлы айтып берді. 11-сынып оқушысы Әмір Ахметов күн сәулесін айна фокусында шоғырландыру арқылы энергия көзін арттыратын қондырғы макетін көрсетті. Сондай-ақ қонақтар Шелл компаниясы орнатқан мектеп ауласындағы күн панельдері беретін энергияны пайдалану тиімділігі туралы 11-сынып оқушылары Айбибі Әбуова мен Ақбибі Егінбай ұсынған талдауды қызыға тыңдады.
Кездесудің екінші бөлімінде «Шелл Қазақстан» компаниясының, стратегиялық жобалар бизнесін дамыту менеджері Fridtjof Wisur Зияткерлік мектеп оқушыларын «жасыл» энергетикаға ауысу мәселелері мен «жасыл» технологияларды енгізу туралы дәріске шақырды.
Халықаралық компанияның жетекші инженері Штефан Рауэр (Steffen Rauer) мектеп оқушыларына өз тұтынушыларына техникалық жағынан күрделі, өндірістік және инфрақұрылымдық серпінді жобаларды жүзеге асыруға көмектесетін тәуелсіз ILF инженерлік компаниясының жұмысымен қысқаша таныстырып өтті. Рауэр мырза өз сөзінің басым бөлігін күн энергиясы мен фотоэлектрлік жүйе жұмысына арнады.
Мәнді кездесу «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының қызметкерлері, мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары, Ақпараттандыру технологиялары орталығының, NIS Service мамандарының қатысуымен өткен дөңгелек үстел барысында қорытындыланды. Дөңгелек үстелге қатысушылар күн панельдерін оқыту үдерісінде пайдалану жолдарын талқылады. Күн панельдері орнатылған барлық Зияткерлік мектептерде оқушылар мен оқытушыларға ауа райын, қанша энергия өндірілгенін, қаншасы жұмсалғанын көрсететін арнайы дисплейлер орнатылғанын айта кеткен жөн. Мұндай ақпараттық кешенді оқыту үдерісінде пайдалана білу оқушылардың энергия туралы, энергия көздерінің қоршаған ортаға әсері туралы түсінік алуына мүмкіндік беріп, энергия қорын үнемді пайдалану дағдыларын қалыптастыруға жағдай жасайтыны сөзсіз. Қазіргі таңда бұл ақпараттық блоктарды оқу үрдісінде пайдалану жоспарланып отыр.
- Шелл компаниясымен ынтымақтастық орнату оқушыларға энергия, энергияны өндіру мен пайдаланудың қоршаған ортаға әсері туралы жаңа білімдерді игеруге, экологиялық мәдениет пен энергоресурстарға ұқыпты қарым-қатынасты қалыптастыруға көмектеседі, - дейді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары Ольга Можаева.