Руханият • 27 Қараша, 2019

Домбыраны дәріптеген дұрыс

863 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Баршаға аян, «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласындағы мәйекті ойдың төңірегінде «Мәдениет пен дәстүр – ұлттың генетикалық коды» деген тұжырым санамызда қалыптасып үлгерді. Ал қазақтың қара домбырасы ұлттық тектің жады емес пе?! Күмбірлеген домбыраның үні халық тізгінін ұстаған абыз ақсақалдарымыздың, ел билеген билеріміздің ақыл-парасатын, рухын асқақтатқан, кіндік қаны тамған отанын қорғаған батырларымызға күш-жігер, ақын-жыршыларымызға шабыт берген.

Домбыраны дәріптеген дұрыс

Осыған орай, Ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаң­ғыр­ту идеясы негізінде Елба­сы­мыз­дың Жарлығымен шілде айының 1-жексенбісі күні «Ұлттық домбыра күні» деп белгіленген-ді. Жағымды жаңалық жүрегімізге жылы ұялап, жанымызды жадыратты. Айтулы мерекені 2 жыл қатарынан барша Қазақ елі болып атап өтудеміз. Қуана­тын жағдай, ұзағынан бол­­сын.

Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. Қазақ пен домбыра егіз ұғым. Күні кешеге дейін әр үйдің төрінде ілулі тұратын ұлттық аспабымыздың күм­­бір­­леген үні бүгінде алыс­­­тап бара жатқандай еді. Телеарналардан дом­бы­­раның дауысын есту мұң­­ға айналғаны былай тұрсын (оның орнын сал­мақ­сыз телеарналар мен бағ­дар­ла­ма­лардың жау­­лап алғаны шындық), шіл­де­хана, бесік тойы, тұсау­кесер, тілашар, беташар сияқты дәстүрлі тойла­ры­мыз даңғырлаған эстрада әуеніне байланбады ма? Домбырамен әуелете шыр­қа­лып, тиесілі сыйлық иесін табатын «Тойбастар» дәстүрінің түр-сипаты мүлде өзгер­геніне бәріміз куәміз. Құрметті қонақ келгенде «ауылдың алты ауызы» айтылып, «қонақкәдемен» жалғаса әнмен өрілетін отырыстар көзден бұл-бұл ұшқалы қашан? Арасында үлкендердің әдемі әңгімелері тыңдалатын.

Домбыра – бұл өмірдің бір бөлігі, әр қазақ жанының бір бөлігі. Біздің шексіз даламызды тамаша әуенсіз, домбырасыз елестету мүмкін емес. Қазақтың музыка мәдениетінің халықтың рухани дамуында маңызы зор. Қазақ тарихының көптеген ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жеткен асқақ мұрасы бар. Ол мұра домбырада сақталған.

Домбыра күнінің белгі­лен­уі жайдан-жай емес. Бұл рухани жаңғыру бағы­тын­дағы ең сүбелі тірліктің бірі болмақ. Осы күннің аясында ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында тың бастамалар бой көтеріп, көптен бері қолдау таппай жүрген игі дүниелер қайта жаңғыруда. Көп нәрседен үміттіміз. Көк сандықтан домбыра үнімен астастырылған салмақты дүниелердің көптеп жарық көруін жанымыз қалайды. Ең дұрысы, науқаншылықтан ада, өзінің қоңыр үні мен қоңыр болмысына сай, ұлтымыздың жадын қайта бір жаңғыртатындай күн болса екен дейміз. Ол үшін ұлттық аспаптар үнін баршаға қолжетімді боларлықтай «Домбыра» атымен насихатталатын жеке спутниктік телеарна қосылса көптік етпейді.

Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған «Домбыра» ұлттық телеарнасы IDTV кабел­дік желіде ғана тара­ла­­тындықтан оны тек қала­лар­да ғана көруге мүмкіндік бар. Ал бүгінде жалпы Қазақстан бойынша 3500 ауыл бар. Ауыл­дар­дағы тұрғындардың басым бөлігі қаракөздеріміз екенін ескерсек, еліміздегі қазақтардың жартысынан астамы ауылдық жерлерде тұрады деген сөз. Бұл – жалған статистика емес, мұны ескерген жөн.

Ауыл қазағымыздың алтын бесігі, ұлттық қаймақ­тың ұйытқы мекені деп даңғаралап жатамыз. Ендеше сол қазағымыз тамашалай алатын және рухани азық алатын жағдай туғызу керек десек, «Домбыра» ұлттық теле­арнасын ОТАУ ТВ жер­серік­тік тележелі таралымына қосуды сұранамыз. Бұл сұраныс барша елдің көкейін­дегі мәселе деп түсін­ген абзал.

Ұлы ұлттың ұланы, ұлық­та домбыраңды!

«Egemen Qazaqstan» жал­пы­­ұлт­тық республи­ка­лық газетін еліміздің аймақ­тарында ұлт мүддесін қозғау­шы басты басылым деп бі­леді. Осы хатта жолдап отырған тақырыпты өрбі­тіп, «Домбыра» ұлттық теле­арнасын барша қазақ елі көре алатындай ОТАУ ТВ спут­никтік телевизиялық желіге қосылуына мұрындық болуы­на және үндеу тастауын Сіз­дерден, қаймана қазақ сұрана­ды деп білерсіздер.

 

Алдияр КӨБЕЕВ

 

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы