Аймақтар • 27 Қараша, 2019

Елорданың іргесіндегі Қосшы ауылында «Дара - бизнес академиясы» мектеп-лицейі ашылды

1023 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ғимарат құрылысына инвестор – «Kazyna-SR» ЖШС 450 миллион теңге қаржы құйған. Оны мердігер «Silk-Road Corporation» ЖШС-і 2017 жылы қолға алып, биыл аяқтап отыр.

Елорданың іргесіндегі Қосшы ауылында «Дара - бизнес академиясы» мектеп-лицейі ашылды

«Kazyna-SR» ЖШС директоры Сайра Матайбаеваның айтуынша, бұл жекеменшік білім ордасы жаратылыстану-математикалық бағытта жұмыс істейтін болады. Оқушыларды ағылшын тілі және кәсіпкерлікке машықтандырады. Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тəрбие беруде мұғалімдердің білімді де білікті болуымен бірге, мектептің материалдық-техникалық жарақтандырылуы мен озық оқу құралдарымен жеткілікті қамтамасыз етілуіне зор мән беріліп отыр. Мектеп кабинеттері заманауи технологиямен жабдықталып, интерактивті тақта орнатылған. Білім ошағында 25 сынып бар.

Жаңа білім ордасының ашылу салтанатына облыс әкімі Ермек Маржықпаев қатысып, сөз сөйледі.

– Бүгін баршамыз тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Халқының саны көбейіп келе жатқан Қосшы ауылының тұрғындары үшін жаңа мектеп-лицей Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңындағы үлкен сый болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында әлеуметтік салаға, оның ішінде білім беру, медицина және халықтың әл-ауқатын арттыруға көңіл бөлуді тапсырған болатын. Бұл білім ордасы Целиноград аудандық мәслихатының депутаты, жеке кәсіпкер Сайра Матайбаеваның Президент Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруға қосып отырған бағалы бастамасы, – деді әкім.

Бұл ауданда сырттан көшіп келушілердің көп болуы себепті бұрынғы білім ошақтары таршылық етуде. Ағымдағы жылдың көктемінде өңірге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені шешу туралы тапсырма берген болатын. Бұл мәселе облыста біртіндеп шешіліп келеді. Мәселен, биылғы оқу жылында Бурабай ауданында 700 орындық мектеп пайдалануға берілсе, Көкшетау қаласында 4 мектепке қосымша ғимарат салынуда. Ал, қазіргі таңда Целиноград ауданының Қоянды, Қосшы және Қажымұқан ауылдарында барлығы 2700 оқушыға арналған үш мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, Семеновка (120 орындық) және Шұбар (300 орындық) ауылдарында екі мектептің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ал, 2020-2021 жылдары Қосшы кентінде әрбіреуі 1200 оқушыға арналған тағы екі мектеп салу жоспарланған.

Салтанатты шара барысында аймақ басшысы Ермек Маржықпаев пен жеке кәсіпкер Сайра Матайбаева жаңа мектептің лентасын қиды. Ақ түйенің қарны жарылған шараға өз кезегінде аудан тұрғындары атынан сөз сөлеген Целиноград ауданындағы «Родина» Агрофирмасы» ЖШС-нің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр игі істі қолға алған кәсіпкерге ризашылық сезімін білдірді.

Туған жер перзенттері ел еңсесін көтерер осындай ғибратты шараларды қолға алып, өз үлестерін қосуы жан сүйсінтеді.

 

Целиноград ауданы

Ақмола облысы