Бизнеске қаражат жетіспейді
Ұлттық банктің ақша-несие саясаты департаментінің 2019 жылдың III тоқсанындағы салалық конъюнктураға жасаған шолуында сарапшылардың көңілін аударатын бір мәлімет келтірілді. Бас банк зерттеуінің қорытындысына сүйенсек, сауалдамаға қатысқан кәсіпорындардың көпшілігі бизнесті дамытуға инвестициялық белсенділікті шектейтін басты себептердің бірі ретінде қаржы ресурстарының жетіспеушілігін атаған.
Соның ішінде сауда саласындағы кәсіпорындар бәсекелестіктің тым жоғарылығына шағымданса, өнеркәсіп саласындағы компаниялардың өніміне сұраныс төмен көрінеді. Яғни, жанама қаржыландыру, халық пен бизнестің төлем қабілетінің төмендігі өндірісті дамытуға кедергі болып отыр.
Бас банктің мәліметінше, алдағы 12 айда барлық сектор бойынша қаржыландыру деңгейі жалпы өзгеріссіз қалмақ. Соның ішінде өңдеу саласында қаржыландыру айтарлықтай өсіп, сауда саласын қаржыландырудың өсімі төмен болады деп күтілуде.
Негізгі капиталға салынатын инвестицияның ең төмен көрсеткіші құрылыс саласына тиесілі болып отыр. Мемлекет тарапынан тұрғын үй құрылысына бөлінген қаражаттың ұлғайғанына қарамастан, осы саладағы кәсіпорындар әлі де болса бірінші кезекте өз қаражаттарына иек артады. Бұл жалпы республика бойынша барлық салаға қатысты.
Несиелеу шарттары жақсарып келеді
Банктер бизнесті қаржыландыруын біржола азайтқанымен, несие шарттары аздап жақсарып келе жатқанға ұқсайды. Әрине, несие шарттарын жақсартуға ең алдымен Ұлттық банктің мұрындық болғаны анық. Несие шарттары жақсарғанымен, берілген несиенің көбеймеуіне қарағанда, банктердің бизнеске деген сенімі тым төмен секілді.
Жалпы, 2019 жылдың III тоқсанында банктердің несиелеу шарттары өңдеу саласы кәсіпорындары үшін жақсарып, кен өндіру саласы үшін нашарлады. Теңгемен алынған несиелер бойынша ең жоғары пайыздық мөлшерлемелер құрылыс және сауда салаларында болса, шетел валютасымен берілген несиелер бойынша ең жоғарғы мөлшерлеме сауда саласы мен көлік және қойма саласында байқалды.
Жыл қорытындысы бойынша, IV тоқсанда несие алу үшін банктерге жүгінуге ниет етіп отырған кәсіпорындар саны ең көбі өңдеу өнеркәсібі мен сауда саласы. Тиісінше 22,3% және 19,1%. Ал ең төмені – көлік және қойма саласында (5,9%).
Шағын бизнесті қаржыландыру күрт төмендеді
Несие шарттары жақсарғанымен, жоғарыда айтылғандай, әлі де болса банктер бизнеске сене қоймайды. Тиісінше, экономиканы несиелеу көрсеткіші қазан айында 0,8%-ға ұлғайып, 13,5 трлн теңгеге жеткенімен, бизнеске берілген қарыз көлемі 0,6%-ға төмендеп, 7,1 трлн теңгені құрады. Несие нарығын көбейтіп тұрған, әдеттегідей, жеке тұлғалардың алған қарызы. Соңғы бір айда көрсеткіш 2,4%-ға өсіп 6,4 трлн теңгеге жетті.
Бір қызығы, бұған дейін заңды тұлғалардың несиесі азайған күннің өзінде олардың шетел валютасымен алған қарызы өсіп отыратын. Яғни, теңгемен алған қарызы төмендеп, соның әсерінен банктердің корпоративті қарызы төмендейтін. Соңғы айдағы мәлімет бойынша, бизнес субъектілері теңгемен де, шетел валютасымен де қарыз алуды азайтыпты. Есесіне халықтың теңгемен алған қарызы тағы 2,5%-ға ұлғайып, шетел валютасындағы борышы 2,7%-ға төмендеді.
Бизнесті несиелеу 0,6% кемігені бірінші кезекте шағын бизнесті қаржыландырудың азаюынан туындап отыр. Өйткені шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу көрсеткіші қазан айында 2,2%-ға азайып 2,1 трлн теңгеге түскен.
Бизнестің артық ақшасы көбейіп келеді
Бас банктің ай сайынғы есебінше, резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 3,7%-ға ұлғайып, қазан айының соңында 18,8 трлн теңгені құрады. Соның ішінде заңды тұлғалардың депозиттері 6,1%-ға өсіп, 10 трлн теңгеге жетер-жетпес болса, жеке тұлғалардың салымы 1,1% ғана ұлғайып 8,8 трлн теңгеге жетті.
Ұлттық банктің деректеріне сүйенсек, соңғы кездері елдегі долларсыздандыру көрсеткіші қайта кері кетіп бара жатқанға ұқсайды. Яғни, соңғы бірер аптадағы төл валютаның айтарлықтай нығайғанына қарамастан, депозиттегі шетел валютасының өсімі күшті. Оның дәлелі – соңғы бір айда ұлттық валютадағы депозит көлемі бар болғаны 1,6% ғана ұлғайса, шетел валютасындағы салым 6,3%-ға өскені. Соның ішінде әсіресе заңды тұлғалардың шетел валютасындағы қаражаты 12,8%-ға өссе, ұлттық валютадағы жинағы бар болғаны 1% ғана көбейді. Дегенмен, қарапайым халық әлі де болса төл валютаға адал. Жеке тұлғалардың депозиттегі ақшасының ішінде теңгедегі қоры 2,3%-ға өсіп, шетел валютасындағы қаражаты 0,5%-ға азайған.
Қорыта айтар болсақ, бизнесті қаржыландыру мәселесінде былтырдан бері мынадай парадокс байқалады: бюджет пен Ұлттық қор есебінен бизнесті қаржыландыратын жобалар көбейіп, миллиардтар бөлініп жатыр. Бірақ бизнес әлі күнге дейін қаражаттың жетіспеушілігін алға тартады. Есесіне сол бизнесмендердің өздерінің меншікті қаражаты көбейіп, артығын депозитке салып, банктерге депозитке салынған бизнестің ақшасы ай санап ұлғайып келеді. Соған қарағанда, банктер бизнеске сенбейді немесе бизнес елдегі экономикалық ахуалға сенбейді, тиісінше жаңа жобаға өз қаржысын салғысы жоқ.