Сондағы жүгері өсіретін фермерлердің өмірімен танысқан соң, жеке шаруашылығы бар бір егде адамның отбасына қонаққа шақырды. Оның бәрі сапар кестесі бойынша жүргізілді. Мұнда кездейсоқ, жоспарсыз ештеңе болмайды. Біз қалашықты аралап жүргенде жол көрсетушіміз Дмитрийге телефон шалды. Қонақты белгіленген мерзімде күтеміз бе, оған қандай ас мәзірін дайындасақ болады, деген сауал қойылды. Біздің тараптан арамызда мұсылман өкілі бар екені, доңыз етінің қажетсіздігі ескеріліп, күрке тауық тиімді болар деген секілді жауап қайтарылып жатты. Сонымен белгіленген уақытта фермердің үйіне келдік. Барлық жағдайы жасалған, қала үйлерінен еш айырмашылығы жоқ жеке коттедж. 150 метрдей жерде дәл осындай тағы бір еңселі үй көрінді. Қасында ауыл шаруашылығына қажетті техника сақадай-сай тұр. Комбайн, трактор, соқа, өнім тасуға қажет автокөлік дейсің бе, бәрі бар. Шашылып жатқан қосалқы бөлшек, қирап тұрған ештеңе жоқ. Басқа үйлер көрінбейді. Айдалада он немесе елу үй емес, екі-ақ үй тұрды. Мұндағы алқапта да қалың жүгері өсіп тұр. Алайда көршісінің үйі жабық екен. Техникасы қасында қаңтарулы. Кілті осы көршісінде. Ол үйдің иесі қарт адамдар екен, жасы жетіп, қайтыс болыпты. Қаладағы балалары ара-тұра келіп қайтады екен. Бірақ біржола көшіп келгісі жоқ. Жерін, шаруашылығын жалға беріп қойған. Өздерінің қызметтері бар, қаладағы өмірін қимайтын секілді.
Біз қонақта болған үй иелері де жастары ұлғайған адамдар екенін айттық. Өздерінің де жалғыз қыздары Кэтрин үлкен қалада. Ал далада өмір сүрген бұл фермерлер шулы қалаға барғысы жоқ.
– Бар жағдай осында жасалған, қаладан еш кем емес, біз қалада тұра алмаймыз, ал қызымыз болса далаға, мүлгіген тыныштыққа үйрене алмайды, – дейді фермер бізге сырын ашып.
Дегенмен, қаладағы Кэтриннің мектеп жасындағы ұлы мен қызы демалыс күндері осы жерге, ата-әжесінің қасына келуге асығады екен. Қариялар оларды асыға күтумен болады. Бізге немерелерінің суретін көрсетіп, мақтанып қойды.
Бұл фермерлер тиісті мекеме арқылы адам жалдап, жүгері өсіріп, соны баптап, әбден толысып піскенде комбайнмен орғызып, жинап, алдын ала келісімшарт бойынша тапсырыс берушілерге өткізеді екен. Бәрі жоспарлы. Жоғарыда айтқанымыздай, Айова штаты негізінен ауыл шаруашылығымен шұғылданады. Жүгері дақылын өсіру кең тараған. Штатта жүгеріден жасалған тамақ өнімдері көп. Кез келген азық-түлік дүкеніне кірсеңіз, жүгеріден пісірілген нан, тоқаш, басқа да өнімдер жеткілікті.
Бірақ біз онда жүгері іздеп барғанымыз жоқ, мұхиттың арғы бетіндегі халықтың тіршілігін көру, кәсібіне көз жүгірту еді. Сол мақсатымыз орындалды да.
Ал енді өзімізге оралайық. 1994 жылдары колхоз, совхоздар күштеп жойылып, әркім өзімен өзі жеке кетті ғой. Мыңғырған мал жөн-жосықсыз таратылып, аз жылда таусылып бітті. Бас-аяғы бес-он жылда миллиондаған ұсақ мал пышаққа ілініп, араққа айырбасталып, ірі қара, жылқы азайып, таусылуға жақын қалды. Жабайы жекешелендірудің нәтижесі адам жылайтындай сорақы тірлікке алып келді. Шекараға жақын бірнеше аудан, Шелек өңірі секілді бір облыстағы ең ірі экономикасы бар аудан негізсіз таратылып, азып-тозып кетті. Бүгінгі таңда өңірдегі ең ірі елді мекен Шелек ауданын қайта ашу мәселесі өткір қойылуда. Тоқсаныншы жылдары жоғарыдан облыс, аудан басшыларына бәрі таратылсын, жекешелендірілсін деген пәрмен әлсін-әлсін түсіп жатты. Сол науқаншылдық, жабайы жекешелендіру әлі созылып келеді. Бақай тауының етегіндегі шұрайлы мал жайылымын кейбір пысықайлар заңсыз жекешелендіріп алып, оны жедел біреулерге сатып жіберіп, соның кесірінен ауыл тұрғындары мал жайылымынан айырылып, сарсаңға түсіп отыр. Жастар жұмыссыздықтан қалаға босты. Ауылда жасы ұлғайған кемпір-шал қалды.
Дегенмен, қолындағы азын-аулақ малды бабын тауып өсіріп, жем-шөбін қамдап, егінін өсіріп, азық-түлігін қамдап, тіршілік жасаған бірен-саран адамдар болды. Республика бойынша осындай саусақпен санарлық шағын шаруашылықтар кездеседі. Соның бірі Алматыдан 300 шақырым жердегі Шоғансай өңірінде кездесті. Бұл аймақ таулы өлке. Асфальт жол түгілі қара жолдың өзі жүруге аса қолайлы емес. Дегенмен, жота үстінен жанкештілікпен жол салынып, тіпті жеңіл көлік жүруге жағдай жасалған. Қия қапталдан арық тартылып, су жеткізілген. Шоғансайдың жазық алаңқайында егін өсіріліп, жем-шөп жайқалып тұрды. Дөң үстінде жел диірмен орнатылып, сол арада ұн тартылса, электр қуаты да алынады.
Бұл айдаладағы шағын шаруашылық. Небәрі екі-ақ үй тұр. Оларға ешкім көмектесіп жатқан жоқ. Жол да салып бермейді. Су тартып, электр қуатын жеткізіп жатқан пенде жоқ. Бәрін өздері жасап, шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Елу шақты сиыры, соған жетер жылқысы, мыңға тарта қой-ешкісі бар. Шөмеле-шөмеле шөбі, орып алған астығы, арпа, сұлысы тағы бар. Ұнды өз диірмендерінде тартып, нанын пісіріп, құрт-ірімшігін жинап, қарын толы сары майын қамдап, қаймағын алып, қымызын пісіп, тыным таппай отырған кісілерді көргенде сүйсінесің. Біз барғанда қаладан оқудағы балалары келіпті. Сөмкелері толы кәмпит, ата-аналарына алған киім-кешек. Келе сала әке-шешелеріне көмектесіп, қолды-аяққа тұрмай, іске кірісіп кетті. Ал ертесі балалары қалаға қайтарында сөмке толы етін, толып жатқан үйдің азық-түлігін көліктеріне салып жатты. Айдаладағы, тым алыс ауылдағы екі үйдің еңбекшіл жандарын паразит деуге қайтіп аузың барады. Олар паразит емес. Қайта шағын елді мекендер өзіне тиесілі жолын салып, суын тартып, электр жарығын түсіріп, басы артық өнімін өндіріп, малын өсіріп, етін, азық-түлігін өткізіп, салығын төлеп отырған ағайыннан айналмайсың ба?! Олар Үкіметтен басы артық ештеңе күтпейді. Тек еліміздің өркендеп дамуын қолдауды қалайды. Қайта кейбір пысықайлар мазасын алмай, ауыл тұрғындарының жерін иеленіп кетпей, малына қолдарын салмай, тыныш өмір сүруіне мүмкіндік берсе болғаны. Осының бәрін реттеп, заңсыздыққа жол бермей, берекесіздіктің алдын алып отыратын тәртіп керек.
* * *
Мінеки, екі жүйенің айырмашылығы осында жатыр. Америкадағы фермерлер аса көп қиналмай, қолда бар техникасын ұсынып, шаруашылығының басы-қасында жүріп, бәрін сырттай қадағалаумен болады. Жұмысқа жалданушылар келісімшартқа отырып, егісті күтіп-баптап, тыңайтқышпен құнарландырып, мол өнім алуға мүдделі. Өнімді жинап өткізген соң айтуларына қарағанда, фермердің есепшотына жыл соңында 110-120 мың доллар қаражат түседі екен.
Ал бізде ше? Неге осындай шараларды ұтымды ұйымдастырмасқа? Сол үшін асқан ақылдылық, үлкен ми керек пе? Ауыл маңындағы жайылым жерді сол өңірдің тұрғындарына тиесілі етіп, кейбір пысықайлар, көлденең көкаттылар заңсыз сатып алып, иеленіп кетпес үшін пәрменді заң керек. Оны Президент Қ.Тоқаев шегелеп айтып жатыр. Жұртшылық қолдап, құптарлық жайт. Мінеки, Мемлекет басшысының пәрменімен, алдағы жылдары ауылды өркендетуге бір триллион теңгеге жуық қаржы бөлінбек. Бұл керемет шешім! Енді тек сол қаржы тиімді пайдаланылса, әр тиынға қадағалау болса, алтын бесік ауылымыз ертең-ақ өркендей түсер еді. Кей жастар қалада босқа сенделмей, ауылға бет бұрар еді.
Саясат БЕЙІСБАЙ,
журналист