Футбол • 28 Қараша, 2019

«МЮ» үшінші құраммен келді

160 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін футболдан Еуропа лигасының топтық кезеңдегі 5-тур ойындары өтеді. «L» тобында өнер көрсететін елорданың «Астана» командасы ағылшынның атақты «Манчестер Юнайтед» клубын қабылдайды.

«МЮ» үшінші құраммен келді

30 тамызда өткен жеребеден кейін «Манчестер Юнайтед» «Астанамен» бір топқа түскенде бөркін аспанға атып, қуанбаған қазақстандық футбол жанкүйері жоқ шығар. Қайтсін енді, әлемнің үздік командасы Қазақстанға күнде келе бермейді ғой. Бірақ ала допқа арбалған отандық жанкүйерлердің көңілі кеше су сепкендей басылды. Өйткені ағылшындық команда елімізге негізгі құрам емес, 17-18 жастағы академия түлектерін әкелгенін хабарлады.

Олар: қақпашылар – Ли Грант, Матей Ковар; қорғаушылар – Люк Шоу, Макс Тейлор, Аксель Туанзебе, Теден Менги, Дишон Бернард, Итан Лейрд; жартылай қорғаушылар – Джесси Лингард, Дилан Левитт, Итан Галбрейт, Арнау Пуигмал, Джеймс Гарнер, Тахит Чонг, Эйнджел Гомес; шабуылшылар – Мейсон Гринвуд, Ларджи Рамазани, Д'Мани Бугейл-Меллор.

Бұл тізімнен көзіқарақты жанкүйер тек үш ойыншыны ғана тануы мүмкін. Атап айтар болсақ, қорғаушы Люк Шоу, жартылай қорғаушы Джесси Лингард және «Олд Трафордта» «Астана» қақпасына гол соққан шабуылшы Мэйсон Гринвуд. Екі команда арасындағы кездесу бүгін 21:50-де басталады. Ойынды «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.