Абай дананың бір ғақлиясы осы әңгімеміздің өзегіне түскен жібек құртындай екен... «Адам баласының ең жаманы – талапсыз. Талап қылушылар да неше түрлі болады...» Біздің бүгінгі сөз еткелі отырғанымыз – өз еркімен талап қылушылар хақында. Олардың тұрғылықты жері Астанадан 50-60 шақырым ғана. Таң елең-алаңда алпыс шақты адам арнаулы үш автобусқа отырып, елордаға келеді де көшелерге сынапша сіңіп кетеді. Көше сыпырушылар ғой. Кешкісін жиналып ауылына қайтады. Кейбіреулері «ән салып» бара жатады... Жасыратын не бар, бұл ауыл жұмыссыздықтан сарсаңға түсіп қалған. Сондықтан да бос жүрісті селтеңбайлардың басын біріктіріп, қалаға айдаған. Әрине, күштеп иліктірген ешкім жоқ. Жанбағысқа бәрі де бейілді болған. Жақсы-ақ! Құптамағанда қайтерсіз. Әйтеуір, екі қолға бір күрек табылып тұр емес пе? Талаптыға мұның өзі таптырмайтын нәпақа! Ырыздығын теріп жесін, табысқа кенелсін! Басқа бөтен ой жоқ. Кейінгі кезде зейнеткер әке үйге келін-баласының кеңкілдеп күліп, тістерін ақситып, ретсіз ыржалақтап, дауыс көтере былапыт сөйлеп келетіндерін аңғарды. «Жастар ғой, шаршағасын...» деп шарасыздықпен тежеліп жүрді. Тежелгішті де іске қосатын тетік бар екен. Мұндай ыржыңбайлары ұласа берген соң: «Тәйт, әрі, күнде масайып қайтатын болғансыңдар ма?» – деп айқайды кеп салсын. Түк шықпады. Еңбекке талпынушылар осылайша «жынды суға» тартылып кете барды... Бұл бір отбасындағы күйкі тірлік емес еді, ауылға жаппай тараған індетке айналды. Тіпті автобусқа отырып, Астанаға аттанысымен-ақ бас жазушылар қатары көбейе түсіпті. Көңілденген көше сыпырушылардың қаншалықты қатырып жұмыс істеп жатқанынан хабарсызбыз. «Әрине, талап қылып тырысатындары да аз емес. Бірақ дені тапқан-таянғанын ішімдікке жұмсап жүргені тағы рас», – деп көшедегілердің бірі мұңын шаққаны бар. Талап қылғандары құптарлық. Бірақ ішімдікке үйірлігі несі? Көшелерін оңдап сыпырып, азын-аулақ тиын-тебенін отбасына әкеліп, бала-шағасының шырайын шығарып отырмас па? Бойдақтары болса, келешек күнін неге ойламайды? Көлденең біреу ақыл салатын іс пе осы? Ал ақыл қосып көрсе ше... Кілең қазақтар бүйі тигендей, ауылынан неге безіп жүр? Мал бағып-ақ нәпақасын таппай ма? Бау-бақша салса, іргеде өзен ағып жатыр. Талап етсе, тірлік көп. Тағы басқа қарекеттер табылады, іздегенге... Жарайды, қотарыла көшіп шаһарға шабылып жүр екен, тағы айтайық, ащы суға салынбай, адал еңбек етсе қайда қалыпты?! Келерде де, кетерде де ішіп алып, ұлт бетіне таңба салғанша, көшеде көрінбегендері абзал еді... ...Аузы-мұрнын тұмшалап алған, тек көздері ғана жылтырайтын көше сыпырушылар қапысыз қимылдап-ақ жатқандай. Арнаулы киімдері көз тартады. Бас қаланың тазалығы үшін тырбанатындай. Әттең-ай, әттең... сырты бүтін, іші түтін екенін ойлағанда, өзекке құрт түседі. Жібек құрты емес!..
Қайсар ӘЛІМ,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы