Облыс әкімі, партия филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев жүргізіп отырған актив отырысында Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаевтың өңірлік партия филиалдары өкілдерімен кездесу барысында жүктеген міндеттерді орындау және жаңа бастамаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Өңірде атқарылған жұмыстар жөнінде баяндаған партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев саяси ұйымның кадрлық резервіне үміткерлерді іріктеу пилоттық жобасы бойынша Түлкібас ауданы республикада алдыңғы қатардан көрінгенін атап өтті. Бұл жобаны барлық аудан, қалаларда өткізу жоспарланып отыр. Осылайша қарапайым елдің арасынан мемлекетке шынайы жанашыр, отаншыл, белсенді азаматтар партия қатарына қосылып, мәслихаттарға ұсынылмақ.
Актив отырысын қорытындылаған Өмірзақ Шөкеев Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмалары бойынша жұмыс күшейетінін мәлімдеді. «Партиялық праймеризді түсіндіру және дайындық жұмыстары бойынша семинарлар өткізілсін. Нақты жергілікті мәселелерді есепке ала отырып, сайлауалды бағдарламаның жобасы әзірленуі тиіс. Партия филиалы партиялық кадрлық резерв құрамын жаңа талаптарға сай жасақтап, 2020 жылдың 10 қаңтарына дейін ұсынсын. Жаңа тізімде әйелдердің үлесі 30 пайыздан, 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 20 пайыздан кем болмауы тиіс. Сонымен қатар қоғамның белсенді өкілдері де резервке алынсын. Партияның жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестері, бақылау комиисиялары жұмысты ширатсын», деді облыс әкімі. Сондай-ақ жиында Тұңғыш Президент мерекесіне орай, бір топ азаматқа ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хаты табыс етілді.